- Advertisement -

Жергілікті атқарушы органдар «көш бастап» тұр

62

- Advertisement -

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің 9 айда атқарған жұмыстары баяндалды.
Агенттіктің өңірдегі филиалында сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстарды анықтау жұмысы белсенді жүргізілуде. Атап айтқанда, жүйелі сыбайлас жемқорлық дерегі бойынша – 6, кіші және орта бизнес нысандарының жұмысына араласуға қатысты – 14, лауазымды тұлғалар тарапынан көлеңкелі кәсіпкерлік құрылымдарына қамқорлық жасаумен – 7 және мемлекеттік бағдарламалар аясында бөлінген қаражаттарды ұрлау дерегімен 14 қылмыс тіркелген. Басқосуда департамент басшысы Әділхан Әшірбаев пен осы мекемеге қарасты Сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы Дәурен Омаров осындай деректерді алға тартты. Мәлім болған деректерге сүйенсек, мемлекеттік органдар арасында сыбайлас жемқорлық сипатында жасалынған қылмыстардың саны бойынша әлі күнге дейін жергілікті атқарушы органдар «көш бастап» тұр. Аталған жайттарға толығырақ тоқталған Әділхан Хасымханұлы:
– Жергілікті атқарушы органдардың лауазымды тұлғаларына қатысты 53 қылмыстық іс тіркелді. Білім саласында – 18, ауыл шаруашылығы – 8, мәдениет және спорт – 6, денсаулық сақтау – 5, құрылыс – 5, жер қатынастары – 4, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы – 3, әлеуметтік қамсыздандыру – 1, әскери шенділер – 4, одан кейін ішкі істер және арнайы мемлекеттік органдардың 17 және 6, қаржы министрлігінің құрылымдық бөлімшелерінің 4, экономикалық тергеу қызметіндегі 2 азамат құқық бұзушылыққа жол берген, – деді.
«Transparency International» халықаралық ұйымы жүргізетін зерттеулердің 2018 жылғы қорытындысы бойынша Қазақстан Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі бойынша 180 елдің ішінде 124-орында тұр. Түрлі көрсеткіштер бойынша жинаған баллы – 31. Бұл нәтиже ешнәрсені өзгерте алмайтыны белгілі. Өйткені еліміз алдыңғы жылы да 31 балл жинап, 122-орыннан көрінген. Осыған байланысты аталған ұйымның Қазақстандағы қоғамдық қорымен еліміздегі жемқорлықтың деңгейін анықтауға арналған жұмыстарын жүргізген болатын. Зерттеу жайлы департаменттің басқарма басшысы Даурен Омаров:
– Бұл формат жемқорлыққа неғұрлым бейім салаларды, мемлекеттік органдар мен мекемелерді, сондай-ақ лауазымдар мен өңірлерді айқындайды. Зерттеу барысында жеке тұлғалардан – 7284, сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерлік өкілдерінен 1824 респонденттен сауалнама алынды. Сонымен қатар биылғы 1 қаңтардан 31 мамырға дейінгі кезеңде «Ашық диалог» порталына келіп түскен 15540 өтініштің ішінде жеке және заңды тұлғалардың 568 өтініші іріктеліп, талданды, – деді.
Нәтижесінде жауап берушілердің әрбір оныншысы мәселені парамен шешкенін айтқан. Мәселен, 7284 респонденттің 752-і, 1824 кәсіпкердің 167-і бұны қалыпты жағдай деп санайды. Тұрғындар ондай жағдайларға мемлекеттік ауруханалар мен емханаларда, балабақшалар мен жоғары оқу орындарында, полиция департаметтерінде, жер қатынастары басқармаларында кезіккенін атаған. Ал кәсіпкерлер жер қатынастары басқармасы, мемлекеттік кірістер департаменті, өртке қарсы қызмет, кеден және аудандық полиция бөлімдері деп көрсеткен.
– «Сіздің ойыңызша, мемлекеттік қызметтерді алу кезінде азаматтар мен мемлекеттің өзара қарым-қатынасындағы сыбайлас жемқорлықтың мәнін неғұрлым дәл анықтайды?» деген сұраққа сауалнамаға қатысқандардың 49,8 пайызы жемқорлықсыз мемлекеттік органдарда бірде-бір мәселені шешуге болмайды деп жауап берген. Оның ішінде аудандар бойынша ең жоғары көрсеткіштерді Т. Рысқұлов, Талас, Меркі аудандарының тұрғындары көрсетіп отыр.
Ал «Мемлекеттік құрылым қызметкерлерінің қайсысы сыбайлас жемқорлық мәмілелеріне жиі қатысады?» деген сауалға респонденттердің 23,8 пайызы – басшылар, 52,4 пайызы – бас маман немесе жетекші мамандар, инспекторлар деп жауап берген, – деді Дәурен Даниярбекұлы.
Баспасөз мәслихаты соңында спикерлер журналистердің қойған сауалдарына жауап берді.

Альмира Омарова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support