- Advertisement -

Елбасының еңбегі ерен

48

- Advertisement -

Егер қазақ елін дүниежүзі қауымдастығы өзге елдермен терезесі тең мемлекет ретінде таныса, бұл – елдігіміздің жемісі. Соның ішіндегі біздің елдің қол жеткізген ең ірі табыстары – Қазақстанның Дүниежүзілік біріккен ұлттар ұйымына, 80-нен астам халықаралық ұйымдарға, Конвенцияларға мүше болғаны. Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етсе, ЭКСПО – 2017 халықаралық көрмесінің ел астанасында өтуін 150-ден астам мемлекеттердің арасынан оза шауып жеңіп алса, онда ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдегі беделі мен ерен еңбегінің нәтижесі.
Егер ел астанасы бітімгершілік миссиясының үдесінен шықса, ол Ұлт Көшбасшысының көрегендігі. Бір сәтке елорда жылнамасына көз жүгіртіп көріңізші. Әлемдік діндер мен конфессиялардың басшылары бас қосатын дәстүрлі съезі, Азиядағы бейбітшілік пен келісім конференциясы, Әлемдегі тәуелсіз саясаткерлер мен журналистер жиылатын «Еуразиялық» медиафорум Нұр-Сұлтан қаласында өткен. Осылайша Нұрсұлтан Назарбаевтың сара саясатының арқасында қазақ елі халықаралық дәрежеде пікір, тәжірибе алмасу алаңына, Қазақстан үйренетін елден, үйрететін елге айналған.
Егер ширек ғасырға жуық уақыт ішінде этносаралық рухани бірлік, азаматтық келісім, саяси тұрақтылық орнығып, кейбір елдердегідей тыныштығымыз кетіп, тынысымыз тарылмаса, бұл – татулықты бәрінен биік қойған халқымыздың ниет-тілегі. Ынтымақ ырысқа бастайтынын үнемі еске салып отырған Елбасының нық ұстанымының жемісі. Ғасырдан соң ұлтымыздың тарихи зердесіне қайта оралып, рухани, мәдени, тарихи құндылықтарымызды ұлықтап жатсақ, Қазақстан халқы Ассамблеясы әлемге өнеге ретінде танылса, ол да Нұрсұлтан Әбішұлының айрықша ынтасы мен ықыласының, ұлтжандылығының іс жүзіндегі көрінісі.
Егер нарықтық экономикаға түпкілікті көшіп, қаржы жүйесін қалыптастырып, төл ақшамыз теңгені дүниеге әкеліп, оның тұрақтанғандығына қол жеткізсек, бұл әлем қай жаққа бағыт алғанын бағамдай алғандығымыз. Өндіріс орындары жанданып, инновациялық-индустриалды бағыт ұстанса, орта және шағын бизнес қанатын кеңге жайса, халықаралық сарапшылардың ұйғарымы бойынша Қазақстан әлемде экономикасы жедел дамып келе жатқан 11 елдің қатарынан табылса, мұның бәрі де Нұрсұлтан Әбішұлының талмас талабы мен қажымас қайратының жемісі.
Егер елорданың Алматыдан Ақмолаға көшірілуі ерлікке пара-пар шешім болды десек, елдегі демократиялық үрдістердің жаңа сапалы сипаттарға ие болғаны. Үйлесімді тіл және дін саясаттарының қалыптасуы, шығыста Қытаймен, оңтүстіктегі және батыстағы жақын шетелдермен дау-дамайға ырық бермей шекарамызды нықтап алсақ, ол елдік мүдде тұрғысында жеңіске жеткен дипломатиялық келісімдердің жемісі. Шығыс пен Батыстың сәулет өнерінің соңғы жетістіктерін ұштастырған, Еуразиядағы көркем мегаполистердің бірі Нұр-Сұлтан қаласының ұлт мақтанышына айналғаны – Нұрсұлтан Әбішұлының перзенттік парызын азаматтық жауапкершілікпен ұштастыра білген сарабдалдығы.
Егер «Мәңгілік Ел» идеясын басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылын Нұрлы жолға айналдыру, әлемдегі озық 30 елдің қатарынан орын алу бүкілхалықтық меже ретінде күн тәртібіне қойылып, оның үдесінен шығуға пәрменді шаралар қолданылып жатса, ол қазақ топырағындағы жасампаздық құбылыстардың тікелей бастаушысы екендігін көрсетеді. Бұл – қоғам дамуының қазақстандық жолы деп аталатын жаңа моделін қалыптастырушы Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегі.
Елордамыз Нұр-Сұлтанның қазіргі көз тоймас көркі кімді болса да тәнті етері сөзсіз. Бүгінде көк тіреген зәулім үйлердің, ғажайып ғимараттардың келісті келбетіне, халқымыздың әрдайым өрелі істерді шешуге бейім жасампаздық қасиеттерінің іс жүзіндегі нәтижесіне мақтанышпен қарай отырып, 1997 жылдың желтоқсанында Қазақстан Парламенті алдыңғылардың бірі болып Ақмолаға көшіп келгендегі көріністі еріксіз еске аламын. Пойыздан түсіп, автобуспен орталықтағы санаулы қонақ үйлердің бірін бетке алдық. Ақмола облысының орталығы болған 200 мыңға жуық тұрғыны бар қаптаған «хрущевкалар», терезесіне дейін жерге кіріп, қабырғалары сылана-сылана шорланып кеткен жер үйлердің күйкі күйі көз алдымда.
Сиқы осындай қала депутаттарды бетті қарып түсер сарышұнақ аязымен, пәрмені өңменіңнен өтер өткір желімен қарсы алды. Салонда күбір-күбір әңгіме. Әлдебіреудің «Қайран, Алматы, саған жету қайда!» деген даусы естілді. Қазақстан парламентаризмінің ақсақалы, Мәжілістің бюджет, қаржы жөніндегі Комитетінің төрағасы Қаратай Тұрысовтың даусы саңқ етті: «Әй жігіттер, сары уайымға салынбаңдар. Тәуелсіздікке қолымыздың жеткені, ең алдымен ұлтымыздың баға жетпес бақыты, ашылған бағы, арайлап атқан таңы. Бүгін көздеріңе оғаш қөрінген бұл қала – егемендігіміздің тұғыры. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы астананы Алматыдан Ақмолаға көшіріп ерлікке пара-пар іс атқарды. Ертегідегідей бірден тұра қалған, сән-салтанаты келіскен қала болмайды. Уақыт керек, тер төгу керек. Он-он бес жылдан кейін қазақстандықтар ғана емес, әлем жұрты Сарыарқаның төсіндегі алып қалаға таңдайын қағып таңғалатын болады әлі. Өнбес әңгімеге алаң болмай еліміздің өсіп-өркендеуіне заңдық негіз жасауға білек сыбана кірісіңдер.Тарих ырғалып-жырғалуды көтермейді». Әр жерден «дұрыс, дұрыс» деген дауыстар естіліп жатты. Қаратай ағамыз не деген көреген еді!
Қарекең айтқандай, біз жұмысқа білек сыбана кірістік. Жарты жылға жуық жатақханада, қонақ үйде тұрып, шағын кабинетте екеуден отырып-ақ депутаттар еліміздің тәуелсіздігін тұғырландыратын сан-салалы заңдарды қабылдап, үлкен іс атқарып жатты. Ел ордасына қатысты Ұлт Көшбасшысының шешімдері қос палатадан бірауыздан қолдау тауып отырды. 1997 жылы 8 қарашада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері мен Президент байрағын Алматыдан Ақмола қаласына шығарып салудың салтанатты рәсіміне қатыстық. 1998 жылы 6 мамыр күні Президент Жарлығымен Ақмола қаласының аты Астана болып өзгерді. Оның Қазақстан Республикасының астанасы ретіндегі ресми тұсаукесері 1998 жылы 10 маусымда өтті. 1999 жылы Конгресс-Холлда өткен Президентті ұлықтау салтанатына куә болдық. Қазір осынау ұлы өзгерістерден тыс қалмай ортасында болғанымызды мақтан тұтамыз.
Қазақ елінің жүрегі Нұр-Сұлтан – жаңа тарихымыздың бастауы, Елбасының елім деп соққан жүрегінде аялаған ақ арманын, үкілі үмітін ақтаған төл перзенті. Оның бас сәулетшісі Елбасының өзі.

Жандар КӘРІБАЙҰЛЫ,
қоғам қайраткері.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support