- Advertisement -

Жүгері өнімінің жақсы болуы тұқымына байланысты

353

- Advertisement -

Бір кезде «дала аруы» атанған жүгері дақылына деген сұраныс жыл санап артып келеді. Өңірдің ауыл шаруашылығы құрылымдары да жүгері егіс алқаптарын ұлғайтуға пәрмен беруде. Соның нәтижесінде сапалы элита тұқымына деген сұраныс туындап, тұқыммен айналысатын шаруашылықтар құрыла бастаған еді. Дейтұрғанмен елімізде әлі күнге элиталық тұқым өндіретін кәсіпорындар саусақпен санарлық. Соның бірі – Алматы облысында орналасқан «Будан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Серіктестіктің бас директоры Еркен Шәкеевпен жолығып, аз-кем әңгімелесудің сәті түскен-ді. Бұл сұхбат «дала аруын» баптап-өсіріп отырған диқан қауымына ой салады деген ойдамыз.

– Еркен Көкенұлы, сұхбатымызды өзіңіз басқарып отырған серіктестіктің құрылуынан бастасақ. Жалпы мекеме қашаннан бері жұмыс істеп келеді?
– Серіктестік 2002 жылы құрылды. Содан бері осында жұмыс істеп келемін.Біздің кәсіпорынның басты стратегиялық бағыты – өнімділігі жоғары, генетикалық әлеуеті бар жүгері будандарын шығару. Сондай-ақ біздің негізгі құрылтайшымыз Марат Сәрсенов республикамыздағы тұқым шаруашылығының дамуына үлес қосып келе жатқан белгілі азамат. Марат Жақияұлы кәсіпорынның техникалық базасын жаңартып, маман тапшылығын жойды. Алғашқыда кәсіпорынның активтері мен мүмкіндігі шектеулі еді. Жүгері сұрыптау зауытына күрделі жөндеу, жалпы өндірістік тізбекте шешуші буындарды ауыстыру қажет болатын. Бүгінгі таңда оның барлығы шешімін тауып, кәсіпорын толық қуатында жұмыс істеуде.
– Жүгері тұқымын өндіру мектебін қалай бастадыңыз? Осы туралы айтып өтсеңіз.
– Менің мамандығым – агроном. Бірақ бұрын тұқым шаруашылығында жұмыс істемегендіктен де осында білімімді қайта жетілдіруге тура келді. Ғылыми-селекциялық топта әлемге әйгілі ғалым селекционер, доктор Лазар Койич, қазақстандық селекционер Дилляра Айгозинаның қарамағында жұмыс істеп, тәжірибе жинадым. Доктор Койичтың дәрістеріне қатыса отырып, тұқым шаруашылығын дамыту туралы пайдалы кеңестерін жадыма түюмен болдым. Ол жаңа буынның жүгері тұқымын шығарды. Пайдасын ел көруде. Осындай ғалымдардың мектебінен тәлім алған мен өзімізде сол тәжірибені қолдандым. Бүгінде батыл түрде біздің өнімнің сапасының жоғары екендігіне куәлік бере алам.
– Ендеше, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері үшін маңызды мәселелерге көшейік. Жүгері тұқымының нарығында қалыптасқан және үдемелі бәсекелестік жайында айтып өтсеңіз. Сонымен бірге тауарларыңыздың бағасы қандай?
– Үдемелі деп дұрыс байқадыңыз, бәсекелестік жыл санап өсуде. Дегенмен, бүгінде «дала аруы» атанған жүгері алқаптарының көлемі аздау болып тұр. Бірақ елімізде алдағы уақытта егістікті еселеп арттыру көзделіп отырғаны дәтке қуат береді. Осыған орай, тұқым нарығында жаңа дән будандары пайда бола бастады. Бұл дегеніңіз, бірінші кезекте тұқым сапасын арттыруына жол ашады. Бүгінгі таңда біз өндірген будандар республика нарығының 60-70 пайызын құрайды. Ал диқандардың жаңа мен ескі тұқымды таңдауда біліктіліктері жетеді деген сенімдемін.
Тұқымға баға қойғанда біз бірінші кезекте сатып алушылардың мүмкіндігін есепке аламыз. Олар бізбен бірдей жағдайда жұмыс істейді. Сондықтан инфляцияны қолдан жасаудың қажеті жоқ. Тауарлы жүгері дәнін сатып алу бағасы әлі күнге бір деңгейде сақталып келеді. Бірақ біздің кейбір азаматтар бағасы жоғары шетелдік тұқымдарды сатып алып, аз өнім алып жатқандығын көріп, біліп жүрміз. Іс жүзінде бір ғана тамшылатып суару әдісін қолдана отырып та мол өнім алуға болатындығын ғалымдар дәлелдеп отыр.
– «Будан» ЖШС-ның жүгері будандарын жинау кезінде дән ылғалдылығы тым жоғары деген пікір айтылуда. Осыған не дейсіз?
– Мұндай әңгіменің бары рас. Біз ол әдісті қолданбаймыз. Бірақ шетелдік будандарды өзіміздің селекциялық телімде зерттейміз. Бастысы, сатып алушының таңдау құқығы бар. Бұл сұхбат барысында тауарды жарнамалауды көздеп отырғаным жоқ. Биыл «Будан» ЖШС-ның жүгері тұқымы жоғары сұранысқа ие болып отыр. Ең алдымен біз өз нарығымызды қамтамасыз етеміз. Содан кейін Краснодар өлкесіне, Воронеж облысына, Хакасия, Қырғызстан мен Өзбекстан Республикасына экспорттаймыз. Ал ылғалдылық жайлы айтатын болсақ: барлығы тауар өндірушінің өзіне байланысты.Себебі буданның (ФАО 700дейін) пісу тобы кешеуіл болған сайын оның өнімділігі, дәннің биохимиялық құрамы (ақуыз, крахмал) жоғары болады, яғни азықтың қоректік құндылығы арта түседі. Біздің тұқымдар жергілікті жағдайда сұрыпталып, Қазақстанның кез келген агроэкономикалық аймақтарына бейімделген. Біз өндірушілерге ФАО 100-ден бастап 700-ге дейінгі тұқымдарды ұсынамыз. Қазір тауарлы жүгері дәнін сатып алушылар будан мен дәннің биохимиялық құрамын алдын ала зерделеп, құс немесе мүйізді ірі қара азығына, ұн мен жармаға жарамды ма деген мәселелерге назар аударатын болған. Келісімшарт жасағанда біз буданды таңдауда кеңес беріп, құс немесе мал шаруашылығына, крахмал мен сірнеге ұсыныс береміз. Сүрлем жасаушыларға бөлек будандарымызды ұсынамыз.
Ылғалдылығы төмен жоғары өнімге қол жеткізу үшін басты шарттың бірі – тұқымды қолайлы уақытта себу. Өзіміз ғылыми тәжірибеге сүйене отырып сәуір айының басында себу қажет деген тұжырымға тоқтадық. Ылғалдылық туралы тағы бір айтатыны, қисынды әдістеме қолдану қажет, яғни бір топта пісетін кез келген селекциялар будандарын салыстыру қажет. Сонда қай будандар ылғалды сақтайтыны немесе сақтамайтындығы белгілі болады. Диқандармен кездесу барысында мен біздің тұқым өндірісін келіп көріңіздер деп айтудан жалыққан емеспін. Будандастыру телімдері мен ғылыми-селекциялық алқап көз алдында тұр. Сонымен қатар жүгері сұрыптау зауытына барып, біздің жұмысымызды көруге болады. Барлығы әлемдік стандарттарға сай жасалған. Тұқым шаруашылығы туралы заңға сәйкес мемлекеттік органдар тұрақты бақылау жасап отырады. Жұмысты бастаған кезде олардың қойған талаптары көп болды. Біз бұл емтиханнан лайықты өттік. Негізгі талаптар қазір де өзгерген жоқ.
– Тағы қосарыңыз бар ма?
– Біздің жүгері будан дәндерінің ылғалдылығы жайлы тағы бір мәрте айтып өтсем деймін. Әр буданның өз ерекшелігі бар. Осыны ескере отырып, жақсы өнім алу үшін алқапқа біздің буданның бірнеше түрін егу қажет. Будандарды пісуі бірдей, пісу мерзімі жақын, топырақ сапасын, суармалы су көлемін, мал немесе құс түсуді ескере отырып таңдау керек. Ылғалдылығы төмен жүгері дәнін алу үшін ұсынылған егістік жиілігін сақтап, көп мөлшерде азот тыңайтқыштарын қолданбау, сапалы жүгері дәнінің қалыптасуы үшін фосфор және калий тыңайтқыштарын салуды ескерген дұрыс. Кешеуіл пісетін жүгері будандарын 25 тамызға дейін суарып бітіру маңызды. Аталмыш технологияны сақтаған жағдайда жоғары қоректілік құндылығы бар сапалы дән алуға болады.
Сондай-ақ мүмкіндік болса, біраз шаруа қожалықтары бірігіп, астық кептіргіш техникасын сатып алу керек сияқты. Себебі элеватор қызметі тым қымбат. Буданның шығу жеріне байланыссыз дәнді кептіру қажет. Сонда дәннің сапасы жоғары болып, оны жоғары бағамен өткеруге тиімді бола түсер еді.
Тұқымның бағасына келетін болсақ, тауар өндірушілердің назарын егістік бірліктерге және тұқымды келілеп сатуға аударғымыз келеді. Пайда табу үшін, біз егістік бірліктерге еркін өтіп, тұқымды үнемдесек те болар еді. Бірақ тауар өндірушінің мүдделері үшін мұндай қадамға бармадық. Біздің 25 келілік қап 1 гектарға жетеді.
– Еркен Көкенұлы тауар өндірушілерге деген ықыласыңыз бен қамқорлығыңыз үшін үлкен рахмет, бұл сұхбаттан кейін көп адам өз пайдасын санайтын шығар деп ойлаймын. Ал өнім қаншалықты тұқымға байланысты?
– Қысқаша айтқанда, біздің ғалымдардың пікірінше, өнімнің 60 пайызы будандар мен тұқымға байланысты. Өздеріңіз көріп тұрғандай, біз бұл деңгейді төмендетпей, керісінше көтерудеміз. Мұның барлығын біз бірінші кезекте ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге жасап отырған қолдауымыз деп түсінген абзал.
— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Марат ҚҰЛИБАЕВ.

Алматы облысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support