- Advertisement -

Еркебұлан «Левскидің» жейдесін киді

65

- Advertisement -

Ресейлік «Уфа» футбол клубының намысын қорғаған жерлесіміз, Қазақстан құрамасының шабуылшысы Еркебұлан Сейдахмет енді Болгария чемпионатында жасындай жарқырауға күш салады. Ресейлік жанкүйерлер «Еркош» атап кеткен Еркебұлан Болгарияның «Левски» командасының шабуылына қан жүгіртпек.
Бұған дейін отандық БАҚ «Қазақ Мессиі» атанған 19 жасар футболшының жақын күндерде алматылық «Қайраттың» қатарын толықтыратыны туралы жазған болатын. Әйтсе де «Уфа» футбол клубының басшылары Еркебұланға «құда түсіп» жатқан еуропалық клубтар жеткілікті екенін жеткізген-ді. Соңғы деректерге сенсек, футболшы әзірге «Уфа» командасынан толық кетпеген сыңайлы. Ақпарат көздері жерлесіміздің «Левски» командасына жалға берілгенін растап отыр.
Қазақстан премьер-лигасында алғаш рет «Тараз» футбол клубының сапында жасыл алаңға шығып, бірінші голын жергілікті команда құрамында жүрген кезде соққан Еркебұлан Ресей Федерациясына кеткелі «Уфаның» негізі құрамында көп ойынға қатыса алған жоқ. Оның басты себебі, қазақстандық футболшының жарақат алуы. Шетелдік БАҚ өкілдері Еркебұланның «Левскидің» құрамын толықтыруына Қазақстан құрамасының бұрынғы бапкері Станимир Стоилов атсалысқан деседі. Стоилов Қазақстан құрамасына дейін «Астана» футбол клубын жаттықтырған-ды. Болгариялық маман ұлттық құрама тізгінін ұстаған кезде Еркебұланға үлкен үміт артқаны баршамызға мәлім.
Еркебұлан Сейдахмет маусым соңына дейін «Левски» командасына жалға берілгенін айттық. «Уфа» командасының басшылығы қазақстандық футболшыға сәттілік тілеп, ұжымға қазіргіден де мықты ойыншы ретінде оралуға тілектес екендіктерін білдіріпті.
Жаңа чемпионатта бақ сынауға аттанған Еркебұлан алғашқы сұхбатын да беріп үлгерді. «Мен «Левски» командасының құрамын толықтырғаным үшін өте қуаныштымын. «Левскидің» Болгарияда ең танымал клуб екенін өте жақсы білемін. Мұнда көптеген мықты футболшылар ойнаған. Дәл осы команданың намысын қорғайтыным үшін ризамын. Менің амплуам – шабуылшы. Дегенмен қапталдарда да ойнай алатын қасиетім бар. Бапкер алаңның қай бөлігіне орналастырса да тапсырманы орындауға әзірмін. Тіпті қорғаушы болуға да дайынмын. «Левскидің» жанкүйерлері қызуқанды екенінен хабардармын. Оларды қуантып, жақсы ойыныммен көзге түсуге бар күшімді жұмсайтын боламын. Әрине, көптеген голдың авторы атанғым келеді. Әйткенмен мен үшін басты мақсат – командамен бірге Болгария біріншілігін ұтып алу», – дейді жерлесіміз алғашқы әсерімен бөлісіп.
Болгария біріншілігінде бақ сынайтын Еркебұлан Сейдахмет 19 жасында үшінші елдің чемпионатында шамасын байқап көрмек. «Таланттар академиясына» айналған Тараздан шыққан жас футболшының болашағы жарқын екеніне күмәніміз жоқ. Еркебұлан бағындырар биіктер алда.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support