- Advertisement -

Тараздан шыққан «Қазақ Мессиі» «Қайратқа» ауыса ма?

54

- Advertisement -

Бір жыл бұрын Ресейдің «Уфа» командасының қатарын толықтырған жерлесіміз Еркебұлан Сейдахмет алматылық «Қайрат» футбол клубының сапына қосылуы әбден мүмкін.
Мұндай ақпаратты таратқан қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары мәлімет сенімді дереккөздерден алынып отырғанын алға тартады. Қазіргі кезде «Қайрат» командасы Алматы қаласында жаңа маусымға дайындықты пысықтап жатыр. Өйткені премьер-лига басталатын сәт жақын. Өткен жылғы ел біріншілігінің күміс жүлдегерлері 3 наурыз күні «Астана» командасына қарсы жасыл алаңға шығады. Бұл ойында Қазақстан суперкубогі сарапқа салынатын болады. Осылайша «Қайрат» пен «Астана» жаңа маусымды басқалардан бұрын бастамақ. Бірінші турда «Қайрат» футбол клубы «Тараз» командасын қабылдайтыны белгілі.
«Уфа» командасына ауысқан Еркебұлан Сейдахметтен барлық жанкүйерлер секілді біздің де зор үміт күткеніміз жасырын емес. Тіпті шетел асып, деңгейі жоғары біріншіліктерде бақ сынайды деген де ойда болғанбыз. Алайда соңғы деректер рас болса, журналистер «Қазақ Мессиі» атап кеткен Еркошымыз Бауыржан Исламхан жүріп өткен жолды қайталағалы отыр. Әрине, Бауыржан да, Еркебұлан да мықты футболшы. Дегенмен жерлестерімізді мүлде басқа деңгейде көргіміз келгенін несіне жасырайық.
«Қайраттың» бақылау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев қаңтар айында ресейлік «Уфа» командасының басшысы Шамиль Газизовпен кездескен еді. Бәлкім бар мәселе сол кезде шешімін тапқан шығар.
Өткен жылдың соңында ауыр жарақат алған Еркебұлан Сейдахмет Германияда ота жасатып, толығымен айыққанынан жұртшылық хабардар. «Уфа» сапында былтырғы жылы екі ғана кездесуге қатысқан отандасымыз биыл Ресей премьер-лигасы аясында бір ойында жасыл алаңға шықты. Сондай-ақ ол кубоктік бәсекеде де бір мәрте жасыл алаңнан көрінді.
Балаң шағынан ұлттық құрама жейдесін киген біздің Еркош тарих парақтарына гол соққан ең жас футболшы ретінде өз есімін жазған болатын. Алғаш рет ұлттық құрама сапында өткен жылы алаңға шыққан-ды. Жалпы алғанда Қазақстан құрамасының ойыншысы ретінде алты рет алаңға шыққан тараздық футболшы екі мәрте мергендігімен көзге түсіп, футбол фанаттарын желпінтті.
Жанкүйерлер зор сенім артқан Еркебұлан Сейдахмет әзірге «Қайраттың» жейдесін ресми түрде киген жоқ. Десе де бұл трансфер жақын күндері рәсімделуі ықтимал. Қалай болған күнде де жерлесіміздің алдағы уақытта шеберлігі толысатынына, жоғары деңгейдегі ойын үлгісін көрсетіп, жақсы нәтижелерге қол жеткізетініне сенеміз.

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support