- Advertisement -

Тау тұлға алыстаған сайын биіктей түсуде

81

- Advertisement -

Бүгінде біз осы заманымыздың заңғар жазушысы Шерхан Мұртазаның табиғи болмысын толық танып білдік пе, тұлғасын өз деңгейінде биіктете алдық па деген сауалдың ел көкейінде жүргені анық. Ортамызда болмаса да, оған деген әдебиетсүйер қауымның сағынышы, құрмет-ілтипаты еселенбесе ортайған жоқ. Қалай болғанда да тау тұлғамыздың орны ойсырап-ақ тұрғандай көрінеді де тұрады. Өзі өмірден өтсе де, артында қалған мол әдеби мұрасымен оның екінші өмірі басталғандай.

Бұған кеше Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде өткен «Шерхан Мұртазаның тарихи тұлғасы және асыл мұрасы» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында айқын көз жеткізгендей болдық. Мемлекет басшысының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында айтылған «Ұлы Даланың тұлғалары» жобасы мен Жастар жылы аясында ұйымдастырылып отырған айтулы шараға облысымызға танымал азаматтар мен студенттер қатысты.
Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, суреткер Шерхан Мұртазаның сан қырлы шығармашылығы мен қайраткерлік қызметін жастар арасында кеңінен насихаттауды діттеген осынау іс-шараны университет ректоры, филология ғылымдарының докторы Ерболат Саурықов құттықтау сөз сөйлеп ашып берді. Ал конференцияны жүргізу тізгінін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, журналист-публицист Мейрамбек Төлепберген қолына алып, конференцияның әсерлі өтуіне күш салды.
Конференцияны Шерағаңның сан қырлы таланты жөнінде жазушы-драматург Елен Әлімжан әсерлі әңгімесімен бастады.
– Шерхан Мұртаза – журналист-жазушы ғана емес, ол қоғам қайраткері. Қайраткерлігі Парламент Мәжілісінің депутаты қызметінде жүргенінде жарқырай ашылды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ана тіліміздің тағдыры туралы Парламент мінберінен қаймықпай сөйлеп, алаңдаушылық танытты. Депутаттардың ішінен суырылып шығып, тілдің, діннің, ділдің, ұлттық рухтың, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың қайта жандануына бірден-бір күш салған дара азамат та Шерағаң еді.
«Лениншіл жас» газетін басқарып тұрғанында оның таралымын арттырды. Отыз жылдай республикалық басылымдарда, қазақ телевизиясында басшы қызметін атқарды. Онда да ұлт мүддесін ұмытқан жоқ. Сол дәуірдің өзінде Тұрар Рысқұлов туралы көптомдық роман жазуға талаптануының өзін мен қайраткерлікке бағалар едім, – деді ол.
Ал мәдениеттанушы Әлібек Әмзеұлы Шерағаңның суреткерлік шеберлігіне тоқталды. Ол сөзінің әлқиссасын «Шерхан Мұртазаның көзі тірі болса осы мінбеге шығып сөйлеуімнің өзі қиын болар еді. Қазіргіміз «құдыққа құлан құласа, құлағында құрбақа ойнаптының» кері демекші, біз бақа ғанамыз», – деп бастап, елді бір серпілтіп алды. «Жайшылықта ауызба-ауыз айта беретін жайбарақат әңгіменің өзінде шиыршық атып, әр сөзіне ерекше екпін беріп, сонау тереңнен ышқына суырылатын дауыс бояуымен күшейтіп барып ақтара салатын Шерхан атты сөз зергерінің сан қырлы қасиеттерін енді артында қалған шығармаларынан іздейтін болдық. Шерхан ағамыздың «Бір кем дүние» дегені осы екен-ау», – деп, жазушының «41-ші жылғы келіншек», «Бір нәзік сәуле», «Интернат наны» басқа да әңгімелеріндегі суреттеулерді табиғатпен астастыра, әсерлі әңгіме өрбітті Ә.Әмзеұлы.
Қазақстанның құрметті журналисі, жазушы-журналист Мақұлбек Рысдәулет Шерағаңның редакторлық қырына тоқталып: «Шерханның есімі елге 60-жылдары таныла бастады. Оның қазақ журналистикасын қалыптастыруға қосқан үлесі зор. Отыз жыл бойы республикамыздың айтулы басылымдарын басқарған Шерағаң көптеген шәкірттер тәрбиеледі. Сол тұста «Шерағаңның шекпенінен шыққандар» деген тіркес те пайда болды. Ол 80-жылдары «Қазақ әдебиеті» газетін басқарып тұрғанда оның тиражын 45 мыңнан 86 мыңға арттырды. Осыдан-ақ оның қандай редактор болғанын аңғару қиын емес. Сондай-ақ газет бетінде көптеген мәселелер көтерді. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін көптеген қазақ зиялылары қуғынға ұшырағаны белгілі. Солардың ішінде қоғам қайраткері Асанбай Асқаровты ақтап жазылған мақала да бар. Оны бүкіл республикалық газеттер көшіріп басты. Сол тұста мен Жезқазғанда жұмыс істеуші едім. Біздің газетке халықтың сұранысымен екі қайтара басылды ол мақала.
Шерағаңның «Журналистің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» деп айтқан сөзі қаламгерлер арасында жиі айтылатын афоризмге де айналды. Қалай десек те Шерхан салған жол, Шерхан тағылымы мәңгі болуға тиіс», – деді.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, облыстық «Аq jol» газетінің Директор-Бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы ұстазының аудармашылық қырына тоқталып өтті. «Шерхан Мұртазаның әдебиетке қалай келгендігі студенттер үшін айрықша қызықты болар. Ең алдымен өлең жазды ма, әлде әңгіме, мақала жазды ма деген сауал жас қаламгерлерді ойландыратыны анық. Өйткені атақты адамдардың шығармашылығы талапкерлер үшін қашанда қызықты. Мен бұл сұраққа хал-қадерімше жауап берейін. Өйткені шәкірті ретінде қасында біраз жүріп, сырлас болғандығым бар еді. Шерағаң да жас кезінде өздерің сияқты күнделіктерге арнау өлеңдер жазып жүріпті. Ал шығармашылық жолы студенттік кезінен бастау алады. Қазіргі студенттер тек оқумен ғана айналысады. Ал Шерағаң студент кезінде үлкен істер тындыруға болатындығын дәлелдеп кеткен. Бұл жөнінде Шерағаңның өзінің: «Бір жағы күнкөрістің қамы, бір жағы әдебиет әлеміне енудің қамы. Аудармадан бастадым мен. Мәскеуде оқып жүргенде артымнан келетін көмек жоқ. Жалғызбасты анамыз Айша колхозда істейді. Колхоз ешнәрсе бермейді. Батырхан жас. Сөйтіп жүріп «Москва сартировошной» деген жерде жүк түсірдім. 4-курста Мұстай Кәрім деген башқұрттың классик жазушысының «Біздің үйдің қуанышы» деген шығармасын аудардым. Осылайша аударма арқылы әдебиетке жол тартқан едім» деп айтқаны бар», – деп шәкірті ұстазымен болған сол бір сәтті қимастықпен есіне алды.
Бұдан бөлек Көсемәлі Сәттібайұлы «Бүгінде Шерханның алғашқы журналистік қадамын Қарағанды облысында бастағанын көпшілік біле бермейді. Сондай-ақ жазушының алғаш кезде жазған, кітапқа енбеген әңгімелері бар. Соларды газет беттерінен іздеп, топтастырып жарыққа шығаратын уақыт жеткендей. Ол үшін «Лениншіл жас» газетінің сарғайған тігінділерін ақтарып қарау керек болады. Араларыңнан оны іске асырар бір талапты жастың шығарына сенім артқым келеді. Жамбылдан Шерағаңды Мәскеуге оқуға жіберген Асанбай Асқаров екен. Мұны маған Шерағаңның өзі айтып еді. Ертең араларыңнан жас зерттеушілер шығып жатса, осыны да қаперлеріне ала жүрсін деп айтып отырмын», – деп жастарға ой сала келе, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің бүгінгі ұйымдастырған шарасына жоғары баға беріп, жазушының кітаптарын басып, таратуда «Шерхантану» орталығы зор жұмыстар атқаратынына сенім білдірді.
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың «Дулатитану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Сәмен Құлбарақ Шерағаңның «Бір кем дүние» тәмсілін жан-жақты зерттегенін, оның өскелең ұрпақ үшін берері мол туынды екенін айта келіп: «Бір кем дүние» күресті-тартысты өмірдің, ар, ұят, иман дегенді алдыңғы кезекке қойып, халыққа қызмет етудің бүгінгі таңдағы айрықша үлгісін танытқан ғибратты ғұмыр толғамдары. Көркем туындыларында өз биігімен көрінген Шерағаң мұнда да сол өз биігінде», – деп түйді сөзін.
Конференцияда сөз сөйлеген азаматтардың барлығы да Тараз инновациялық-гуманитарлық университетіне Шерхан Мұртазаның есімі берілсе деген ұсынысқа бірауыздан қолдау білдірді. Сондай-ақ студент жастар атынан сөз сөйлеген филология факультетінің 4-курс студенті Төлеген Сағадиев мектептерде шерхантану курстары ашылып, жұмыс істесе деген ұсынысын жеткізді. Жиын соңында «Шерхантану» ғылыми-зерттеу және «Рухани жаңғыру» орталықтары ұйымдастырған облыстық «Мен жастарға сенемін» атты жабық әдеби байқаудың қорытындысы жарияланып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support