- Advertisement -

Халықтың сауалы жауапсыз қалмайды

86

- Advertisement -

«jambyl» телеарнасында облыс әкімі Асқар Мырзахметовпен болған «Әкім сағатына» экраннан тыс қойылған сұрақтарға жауап

Жуырда өңір басшысы Асқар Мырзахметов облыстық «jambyl» телеарнасы арқылы облыс тұрғындарымен тікелей байланысқа шығып, «Әкім сағаты» хабары арқылы халық сауалдарына жан-жақты жауап берген болатын. Сол бір жарым сағаттан аса уақытқа ұласқан хабардағы облыс әкіміне қойылған сұрақтар мен оған берілген жауаптарды газетіміздің өткен санында оқырмандар назарына ұсындық. Дегенмен Асқар Исабекұлына экраннан тыс – түрлі байланыс құралдары арқылы да көптеген сұрақтар қойылған. Облыс әкімі уәде еткендей, сол сауалдардың бірсыпырасына жауап берді.

Телефон арқылы
жолданған сауалдар

Мұхтар Беделбайұлы ТОЛҚЫНБАЕВ:

– «Арай» тұрғын алқабында асфальт жоқ, автобус жүрмейді, бағдаршам жұмыс істемейді.

Асқар Мырзахметов:
– Бүгінгі таңда «Арай» алқабына Айша бибі көшесімен №23 тұрақты қалалық автобус бағыты қатынайды. Сондай-ақ аталған көшенің соңына дейін Әбішев көшесі арқылы №19 автобус бағыты (10 кесте, жүру аралығы – 15-17 минут) және №1 автобус бағыты (10 кесте, жүру аралығы – 18-20 минут) қатынайды. Алдағы уақытта «Арай» тұрғын алқабына асфальт төсеп, алқаптың ішімен автобус бағыттарын жүргізу жоспарланып отыр және тасымалдаушы мекеме басшыларына автобус бағыттарының сызбасын қайта қарастыру ұсынылады. Бүгінгі таңда тұрғын алқаптың жолын жөндеу жобалық-сметалық құжаттары дайын, ұзындығы – 29,909 шақырым. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу үшін 2019 жылға бюджеттік өтінім ұсынылады.

Азербек БЕЙБІТ,
Құмшағал, Бақшашы аймағы:

– Жарықсыз отырмыз, трансформатор жекеменшікте.

Асқар Мырзахметов:
– «Құмшағал», «Шөлдала» және 28 саяжайдың жобасы (ПДП) қалалық сәулет бөлімі арқылы егжей-тегжейлі дайындалуда. Аталған аймақ жоба бекітілген соң, электрмен, газбен қамтамасыз етілетін болады.

Гүлзат САПАРОВА,
Жамбыл ауданы, Шайқорық ауылы:

– Шайқорық ауылы Тараз қаласына қосыла ма?

Асқар Мырзахметов:
– Тараз қаласының бас жоспары мәселелері бойынша 2018 жылдың 28 қарашасында кеңес өткен болатын. Жиында Жамбыл ауданы аумағындағы Қаратөбе, Көлқайнар, Жамбыл ауылдық округтерінің жерлері қала аумағына кіретіндігі айтылды. Тараз қаласына қосуға жоспарланған жердің көлемі 14 313 гектарды құрап отыр. Тараз қаласының бас жоспары мәселелері әлі толық өз шешімін тапқан жоқ. Егер Жамбыл ауылдық округіне қарасты Шайқорық елді мекені Тараз қаласына қосылған жағдайда, ауыл тұрғындарына жер телімдері кезекке сәйкес беріледі.

Айтолқын
ЖОЛЫСБЕКОВА:

– «Бурыл» алқабына облыс орталығынан қатынайтын автобус жоқ, жолдар нашар, орталық кәріз жүйесі жұмыс істемейді.

Асқар Мырзахметов:
–«Бурыл» алқабына «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС-на қарасты тұрақты қалалық №23 автобус бағыты 10 кестемен үздіксіз қатынауда, автобустардың жүру аралығы – 13-15 минут. Алқап көшелерінің жол жағдайының нашарлығынан автобус бағыттарын жүргізуге мүмкіндік жоқ. Алдағы уақытта көшелер жөнделген жағдайда қосымша автобус бағыттарын жүргізу жоспарда бар. Қазіргі таңда Тараз қаласы көшелерінің жолдарын жөндеу бойынша 83 жобалық-сметалық құжат әзірленген. Бұл жобаларды іске асыру жұмыстары жүргізілгеннен кейін, басқа көшелерді жөндеуге жобалық-сметалық құжаттар жасалады. Сол кезде жоғарыдағы мекен-жай да ескерілетін болады.

Маржан ОРАЗҚҰЛОВА:

– «Толчок» көшесіне №11 маршрутты қосса деген тілегіміз бар.

Асқар Мырзахметов:
– «№1 Тараз автобус паркі» ЖШС-на қарасты тұрақты қалалық №11 автобус бағыты (Әуежай – Орталық базар) 20 кестемен, жүру аралықтары 6-7 минуттан үздіксіз қатынауда. Аталған бағыт жолаушы тасымалдау құқығына ұйымдастырылған конкурстан бүгінгі қатынап жүрген сызбамен өткендіктен, оның қозғалыс сызбасын өзгертуге мүмкіндік жоқ.

Берік Наурызбайұлы
Абдрешев, Шу ауданы:

– Облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Қосқұдық ормандары және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі» мекемесінің басшысы Малик Жексенбиевтің атына жұмысқа орналасуға тиісті құжаттарымды тапсырған едім. Менің не себепті жұмысқа қабылданбағандығым туралы ақпарат берілуін сұраймын.

Асқар Мырзахметов:
– «Қосқұдық ормандары және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі» мекемесі аталған мекемеге Абдрешев Берік Науырызбайұлынан жұмысқа орналасу жөнінде өтініш түспегенін хабарлады.

Сейтжан АҚБАРОВ,
Байзақ ауданы,
Жолдыбай көшесі:

– Жеті жыл бұрын «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша мал шаруалығына 3,0 млн. теңге несие алып, жапқан едім. Енді биыл ауданнан несие алайын десем, «Жеке кәсіпкерлік құқығы керек» деп бермей отыр.

Асқар Мырзахметов:
– «Байзақ ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Ақбаров Сейтжанның «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында 2013 жылы несие алып, несие келісімшарты бойынша алған несиесін толық жапқанын растады. Сіздің жұмыспен қамту орталығына шақырылып, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында несие берілетіндігі бойынша толық түсіндірме жұмыстары жүргізілгенін хабарлады. 2019 жылы аталған жаңа бағдарлама аясында «Бастау – Бизнес» кәсіпкерлік негізінде оқытып, несие алуға жолдама береді.

«Instagram» әлеуметтік
желісі арқылы түскен сауалдар

orynbasar8656, Кұмшағал 11-округі шағын мөлтек ауданы:

– Менің аты-жөнім – Орынбасар Тоқбергенов. Жалпы тұрғындардың атынан сұрағым бар. Асқар Исабекұлы, 2019 жыл – «Жастар жылы» болып бекітілді. Осы орайда Құмшағалға спорт кешені керек екенін айтқымыз келеді.

Асқар Мырзахметов:
– Спорт кешенін салу үшін жергілікті бюджеттен қаражат қажет. Қазіргі уақытта оған қаражат қаралмаған. 2016 жылы «Құмшағал» алқабында «Street workоut» спорт алаңшасы, 2017 жылы «Құмшағал» алқабында жасанды төсеніші бар кіші футбол алаңшасы, «Шөлдала» алқабында жасанды төсеніші бар кіші-футбол алаңшасы және «Street workоut» спорт алаңшасы салынды. «Құмшағал», «Шөлдала» және 28 саяжайдың жобасы (ПДП) қалалық сәулет бөлімі арқылы егжей-тегжейлі дайындалуда. Жоба бекітілген соң, электрмен, газбен қамтамасыз етілетін болады.

gulzhanbazarbaikyzy:

– Сәлеметсіз бе, әкім мырза? Мектепте көп балалы (4 баладан көп) отбасылардан шыққан оқушылар тегін тамақтанады. Үш баласы бар отбасылардан баратын оқушыларға да тегін тамақтануға мүмкіндік жасап берсеңіз деген ұсынысым бар.

Асқар Мырзахметов:
– ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 қаулысымен бекітілген «Мемлекеттік білім беру мекемелерінің мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан, сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан білім алушылары мен тәрбиеленушілеріне және жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, отбасыларда тұратын балаларға, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балаларға және өзге де санаттағы білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қаржылай және материалдық көмек көрсетуге бөлінетін қаражатты қалыптастыру, жұмсау бағыты мен оларды есепке алу» Қағидаларына сәйкес, жалпы оқыту қорынан төмендегідей санаттарға:
1) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балаларға; 2) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан балаларға; 3) жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, отбасыларда тұратын балаларға; 4) төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балаларға; 5) білім беру ұйымының алқалы басқару органы арқылы айқындалған балаларға көмек беріледі. Аталған санаттағы балалар білім мекемелерінде бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылған. Егер Сіздің балаларыңыз осы санаттарға кірмеген болса, ыстық тамақ берілмейді.

azimkhanova_e:

– Құрметті Асқар Исабекұлы! Байзақ ауданының орталығы – Сарыкемер ауылы еліміз егемендік алғалы бері ауызсусыз отыр. Осы сұрақтың шешімі бола ма?

Асқар Мырзахметов:
– Сарыкемер ауылының ауызсу жүйесі мен ауызсу ғимараттары құрылысының ЖСҚ мемлекеттік сараптамасы 12.12.2018 жылы алынды. Ағымдағы жылдың 25 желтоқсанында облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына экономикалық қорытынды алуға жолданды.

jambyl_nurlan__98:

– Сәлеметсіз бе, Асқар Исабекұлы! Мен Жамбыл Нұрлан Жанатұлы, Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті физика-математика факультетінің 3-курс студентімін. Сабағымды жақсы оқимын, көп балалы отбасынанмын. Әке-шешем жұмыс істемейді. Оқуымның ақшасын төлеу қиын болып жатыр. Былтыр Дария Пернешқызы 50 пайыз жеңілдік жасап берген, биыл жеңілдік берілмеді. Қайтадан 50 пайыз жеңілдік жасап беруіңізді сұранамын.

Асқар Мырзахметов:
– Оқу жеңілдігіне қажетті құжаттарды университеттің 2018-2019 оқу жылының төлемақы бойынша жеңілдік беру туралы комиссиясының қарауына ұсыну қажет. Егер ережеге сай болса, тиісті жеңілдікті беруге дайын.

kenesbekovna90:

– Жуалы ауданы, Қарасаз ауылында әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы құрылған. «Сүт бағытындағы кооперативтерге өткізген әр литр сүтке 10 теңгеден субсидия беріледі» деген хабар тараған болатын. Бірақ бізге тек ақпан, наурыз, қыркүйек айларына ғана берілді, ал кооператив төрағасы ай сайын құжаттарын өткізіп отыр. Неліктен барлық айға субсидия берілмейді?

Асқар Мырзахметов:
– Жуалы ауданы Қарасаз ауылдық округіне қарасты «Қарасаз-2017» АШӨК-нің құрамында «Кенесбековна» деген азаматша тіркелмегені анықталды. 2018 жылы «Қарасаз-2017» АШӨК-де өндірілген барлық сүт көлемі 843,9 тоннаға құжаттарын субсидияға өткізген, бүгінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан 10 тенгеден 7 727,0 млн. теңге төленген. Төленбеген қаражат көлемі 712,0 мың теңгені құрауда, ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан жыл соңына дейін төленеді.

rab_allaha_85:

– Менің сұрағым, Шу мен Балқаштың жолын қашан жөндейді?

Асқар Мырзахметов:
– Қазіргі таңда жобалаушы «Каздорпроект» ЖШС тарапынан «Меркі-Шу-Бурылбайтал» автожолының 7-273 шақырымдарын қайта жаңарту бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар әзірлену үстінде. Қайта жаңарту жұмыстарын іске асыру мақсатында «Эксим Банкпен» (Қытай) кредиттік келісімге қол қойылған. Мердігер ұйым болып «СиньСинь» құрылыс және даму компаниясы мен «АБК — Автодор НС» ЖШС консорциумы танылған. 2019 жылы «Меркі-Шу-Бурылбайтал» автожолын қайта жаңарту жұмыстары басталады деп күтілуде. Жобаны іске асыру мерзімі 2019-2022 жылдарға жоспарланған.
Шу мен Балқаштың жолы Меркі-Шу-Бурылбайтал автожолы деп аталады және республикалық мәндегі жол болып саналады. Аталған жол «ҚазАвтожол» АҚ-ның құзыретінде.
aigul_zhienalieva,

– Тараз қаласы: Тайвань алқабындағы көшелерге асфальт немесе балаларымыздың аяғы лай болмайындай бірдеңе төсеп берілсе екен. Әсіресе Менделеев көшесінен №28 орта мектепке баратын жол өте нашар. Сосын №28 мектептің ішінде ауызсу жоқ, аязды күндері балалар далаға барып қалай су ішеді? Бұл мектепті қашан жөндейді?

Асқар Мырзахметов:
– Бүгінгі таңда Менделеев көшесін жөндеуге жобалық-сметалық құжаттар дайындалды, ұзындығы – 2135 метр. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу үшін 2019 жылға бюджеттік өтінім ұсынылатын болады. «Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 16 тамыздағы №611 бұйрығына сәйкес №28 орта мектепте ауызсу режімі ұйымдастырылған. Мектеп асханасында арнайы сыйымдылықтарға (графин) ауызсу құйылған. Сондай-ақ бастауыш сынып кабинеттерінде ауызсу режімі қарастырылған. Мектеп ауласындағы су бүркемесі жаз мезгілінде ғана іске қосылады. Аталған мәселе қалалық білім бөлімінің бақылауында болады. Мектепті ағымдағы жөндеуден өткізу 2020 жылға жоспарланып отыр.

rus_r32:

– Тараз қаласы Петрошевский тұрғындарының басты мәселесі – облыс әкімінен сұрайтынымыз, біздің көшемізді қашан жарықтандырады? Жолымызға қашан асфальт төсеп береді? Жаңбыр, қар жауса, лайдан аяғымызды алып жүре алмаймыз. Көшеміз қараңғы, балалар мектептен қайтқанда қорқады; балалар, қарт кісілер күн батқан соң көшеге шықпайды. Осы мәселені оң шешуіңізді сұранамыз. Қала әкімдігіне арыз бергенімізге 2 жыл болды.

Асқар Мырзахметов:
– Қазіргі таңда Тараз қаласы көшелерінің жолдарын жөндеу бойынша 83 жобалық-сметалық құжат әзірленген. Бұл жобаларды іске асыру жұмыстары жүргізілгеннен кейін, басқа көшелерді жөндеуге жобалық-сметалық құжаттар жасалады. Сол кезде аталған көше де ескерілетін болады.
Петрошевский көшесінің сыртқы жарықтандыру желілерін жүргізу жұмыстарына бюджеттен қаражат қарастырылмаған. Қала көшелері мен бұрылыстарына сыртқы жарықтандыру желілерін жүргізуге жобалық-сметалық құжаттарын жасау үшін бюджеттен қаражат бөлінген жағдайда Петрошевский көшесі ескерілетін болады.

tulendievag:

– Сәлеметсіз бе? Атамыздың сұрағы бар еді. Зейнетақысы аз, Кеңес өкіметі кезінде механизатор болған, 32 жыл жұмыс өтілі бар. Зейнетақысын есептеп, көбейте ала ма? 2003 жылы 55 000 теңгемен пенсияға шықты, қазір 63 мың теңге алады. Шу ауданы, Бірлікүстем ауылы, Каналбай Ниязбеков.

Асқар Мырзахметов:
– Азамат Каналбай Ниязбековтің зейнетақысы төменгі мөлшермен саналған, себебі ол кісі өзінің 32 жыл жұмыс өтілі болуына қарамастан, ол айлық табыстары туралы мәліметтерді ұсынбаған. 1992 жылдан бастап жеке шаруа қожалығында жұмыс істеген. Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан зейнетақысы – 37 765 теңге және базалық зейнетақы – 29 105 теңге, барлығы – 66 870 теңге. Бүгінгі күні оның зейнетақысын көтеруге заңды негіз жоқ.

askar035, Тараз қаласы:

– Ассалаумағалейкум! Самарқанд көшесіне қалай болса солай асфальт салып кетті, бітпей жатқанына 2 ай болды. Шара қолдануыңызды сұраймын. Рахмет!

Асқар Мырзахметов:
– Қазіргі уақытта аталған көшеге құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстар толық көлемде орындалады.
karlygashbitoreeva, Тараз қаласы:

– №54 орта мектептің айналасындағы, Бурыл алқабындағы көшелерге су қашан тартылады және қашан асфальт салынады?

Асқар Мырзахметов:
– Ағымдағы жылдың желтоқсан айында «Бурыл А, Б, В» тұрғын алқабының сервистік су құбыры желілерінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Жеке тұрғын үй егелері «Тараз су» МКК-мен келісімшартқа отыру арқылы жеке үйлерге су құбыры кіргізіледі.

dinkeevaz, Тараз қаласы:

– Әкім мырза! Сіз облысымызға тағайындалғалы қаламыз көркейіп келе жатыр, ол үшін Сізге көп рахмет! Ендігі өтінішіміз, Қойбақов көшесінің бойы тас қараңғы, жолы шұқырға толы, үйлердің алдында балалар ойнайтын орын жоқ. Біздің өтінішімізді қабыл алып, жөндеп беруіңізді сұранамын.

Асқар Мырзахметов:
– Қойбақов көшесіне сыртқы жарықтандыру желілерін жүргізуге жобалық-сметалық құжат жасау үшін бюджеттік өтініш берілді. Қаржы қарастырылған жағдайда жұмыстар атқарылады.

«Facebook» әлеуметтік
желісі арқылы жолданған сауалдар

Сабит РУСТАМБЕКОВ,
Байзақ ауданы:

– Ақжар ауылында Мəдениет үйі жоқ. Осы мəселені шешіп берсеңіз, мереке кездері ауыл тұрғындарына жақсы болар еді.

Асқар Мырзахметов:
– Ақжар ауылында ыңғайластырылған ауылдық клуб 2007 жылдан бері жұмыс атқарады. Клуб меңгерушісі – Е.Қасқарауов, білімі – арнаулы орта. Клуб мектептің акт залында орналасқан, 100 көрермен орындығы бар. Музыкалық аппаратпен, жиһаз, компьютермен қамтамасыз етілген.
Облыста елді мекендерді мәдениет нысандарымен қамту, сонымен қатар олардың халыққа қызмет көрсету деңгейін арттыру картасына Байзақ ауданынан бірінші кезеңге 2019-2021 жылдар аралығында үш ауылдық клуб құрылысын жүргізу енгізіліп отыр. Екінші кезең 2022-2025 жылдарға Ақжар ауылынан клуб ғимаратын салу туралы ұсыныс қосымша еңгізілетін болады.

Азамат АБЖАЛИЕВ, Мойынқұм ауданы:

– Қияқты стансасында су құбыры мәселесі қашан шешіледі?

Асқар Мырзахметов:
– Мойынқұм ауданы Бурылбайтал ауылдық округіндегі Қияқты стансасы мен Мирный ауылына топтық су құбыры құрылысы жобасына (құны – 583,6 млн. теңге) облыстық бюджеттен 2017 жылы 200,0 млн. теңге бөлініп жұмыстар басталған, 2018 жылы 215,8 млн. теңгеге жұмыстар жүргізілді. Нысан 2019 жылы аяқталады, келесі жылға 158,2 млн. теңге бөлініп отыр. Мердігер компания – «ҚазМұнайҚұрылыс» ЖШС. 2019 жылдың соңында Қияқты ауылы тұрғындары орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етіледі.

Ержан МАТКЕРИМОВИЧ:

– Байзақ ауданы Жаңатұрмыс ауылында су мәселесі өзекті. Ауылда бау-бақша суғаратын су жоқ, каналдар балшыққа толып, бітіп қалған. 27 жыл болды, ешкімнің шаруасы жоқ. Осы мәселені шешіп берсеңіз екен.

Асқар Мырзахметов:
– Базарбай магистральды каналының қайта жаңғырту жұмыстары 2018 жылдың желтоқсан айында аяқталады. 2019 жылы Жаңатұрмыс ауылдық округіне су беретін МР-4 каналын «Еуропа қайта құру және даму» банкінің қаржыландыруымен жөндеу жұмыстары жоспарлануда.
Байзақ ауданы аумағында «2017-2021 жылдарға арналған ҚР Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мемлекеттік бағдарламасының» 1-индикаторына сәйкес, «Еуропа қайта құру және даму» банкінің қаржыландыруы арқылы қалпына келтірілетін жер көлемі 13 998 га құрайтын 72 нысанды жөндеу жұмыстары көзделген. Жөнделетін 72 нысанның ішінде МР-3 және МР-4 каналдары бар. Қалпына келтіру шаралары бастапқы нүктесінен реттілігімен ішкі каналдарға дейін жүзеге асырылады.
Жаңатұрмыс ауылдық округіндегі 9 каналды (Р-23, Құралбек, Боковой, 6-Р-9, Р-43, Р-31, Р-39, Р-41 және Р-43) иесіз мүлік ретінде сот шешімін алу үшін құжаттар өткізілді. Теңгерімге алынғаннан кейін аталған каналдарға мемлекеттік актімен төлқұжаттары әзірленіп, республикалық меншікке өткізілетін болады. Сол кезде каналдарды тазалау жұмыстары жүргізіледі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support