Қазақстан чемпионаты қыза түсті

55

Бокстан Ақтау қаласында басталған Қазақстан чемпионаты қыза түсті. Аталмыш додада сенсациялар да жоқ емес. Мәселен, +91 килограмм салмақ дәрежесінде сынға түсіп жатқан жерлесіміз, өткен жылғы ел чемпионы Нұрсұлтан Аманжолов ширек финалдық жекпе-жекте ақтөбелік Ержан Сейтімбетовке ұтылып қалса, 56 килограмм салмақ дәрежесіндегі ел чемпионы, астаналық Ілияс Сүлейменов ақмолалық Оразбек Асылқұловқа жол берді. Сондай-ақ 52 килограмм салмақтағы Қазақстан біріншілігінің жеңімпазы, шымкенттік Олжас Байниязов астаналық Азат Махметовке есе жіберді.
Ел біріншілігінде бұған дейін де бірқатар ел күтпеген нәтижелер тіркелген болатын. Мәселен, 75 килограмм салмақтағы жерлесіміз Аман Қазанғапов былтырғы біріншіліктің жеңімпазы, шымкенттік Абай Төлешті жарыс жолынан шығарып тастады. Ал осы салмақтағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, жамбылдық жампоз Әбілхан Аманқұл алғашқы кездесуін жарқын жеңіспен бастады. Біршама уақыт бұрын кәсіпқой боксқа ауысып, екі жекпе-жек өткізіп, біреуінде жеңілген қызылордалық белгілі былғары қолғап шебері Рустам Сваевпен қолғап түйістірді. Шайқас басталған сәттен басымдықты қолға алған ол бірінші және үшінші раундта қарсыласын нокдаунға жіберіп, айқын басымдылықпен жеңіс тойын тойлады. 56 килограмм салмақта шаршы алаңға шыққан жамбылдық боксшы Жанболат Қыдырбаевтың да аяқ алысы көңіл көншітеді. Солтүстікқазақстандық Жолдас Жеңісовпен жұдырықтасқан ол 5:0 есебімен қарсыласынан айласын асырды. Сонымен қатар 69 килограмм салмақтағы жерлесіміз Асланбек Шымбергенов те жарысты жақсы бастады. Ол астаналық Айдархан Нұқановты біріншіліктен тыс қалдырды.
Қазақстан чемпионатының соңғы електік жекпе-жектері кеше өтті. Сондай-ақ бүгін жартылай финалдық кездесулер мәресіне жетті. Ал ертең ел чемпионаты қорытындыланады. Толығырақ газетіміздің келесі санында жазатын боламыз.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.