Бас жүлде – біздің әжелерде

83

Алматы қаласында «Мереке» балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен «Өнерлі елдің өресі биік» атты ата-әжелердің республикалық ән-би фестивалі өтті.
Өнер додасына еліміздің жеті өңірінен белгілі ансамбльдер қатысып, бақ сынады. Осынау фестивальге біздің облыстан «Асыл ана» ансамблі де аттанған болатын. Олар бірнеше аталым бойынша олжалы оралды.
«Хормен ән салу» аталымы бойынша өнерлерін ортаға салған «Асыл ана» ансамблінің мүшелері өздерінің шын мықты екенін дәлелдеп, бас жүлде иеленсе, ансамбль мүшесі Гаухар Бейсенова (78 жаста) «Ән салу» (вокал) аталымы бойынша екінші орын иегері атанды. Сондай-ақ «Би» номинациясында сынға түскен Гүлбахрам Ақыловаға (73 жаста) бірінші орын бұйырды. Ол испан биін билеген екен.
– Біздің бұл өнер аламанына қатысуымызға қолдау білдіріп, демеушілік танытқан «Қазфосфат» ЖШС бас директоры Мұқаш Ескендіровке зор алғысымызды білдіреміз. Сонымен қатар қашанда ансамбль мүшелерін қанаттандырып жүретін жетекшіміз Владимир Сорокинге де ризашылығымызды жеткізгіміз келеді, – дейді «Асыл ана» ансамблінің мүшесі Гүлбахрам Ақылова.
Бұған дейін талай өнер фестивальдерінде бақ сынап, олжалы оралған «Асыл ана» ансамблі осылайша кезекті мәрте жүлдегерлердің қатарынан көрініп отыр. Ансамбльдің ең жас мүшесі 68 жаста болса, ең үлкені 80 жаста екен.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Тараз қаласы.

Comments are closed.