Сейсекүл апай туралы сыр

152

Мұғалім – қастерлі мамандық. Барлық мамандықтың иесі ұстаз тәлім-тәрбиесін алады. Бұл кәсіпті таңдаған жандардың басқалардан артықшылығы да осында. Қаладағы №12 Керімбай атындағы мектеп-гимназиясының жоғары санатты мұғалімі Сейсекүл Райқұловамен жүздескенде біз осындай ойлардың құшағында тұрған едік.

Сейсекүл – бастауыш сыныптың мұғалімі. Білім саласында еңбек етіп келе жатқанына 26 жылдан асты. Осы кезге дейін оның алдынан екі жүзден астам шәкірт түлеп ұшыпты. Солардың алды қазір мамандық алып, әр салада еңбек етіп жүр. Олар өздеріне алғаш әріп танытып, қолына қалам ұстатқан Сейсекүл апайларын ұмытпайды. Кездесе қалса, алғыстарын айтып құрақ ұшып тұрады үнемі. Ұстаздың бақыты – осы.
Сейсекүл Райқұлованың бұл саланы таңдауына әкенің тағылымды еңбек жолы әсер еткені анық. Оның әкесі Наматулла 40 жыл тарих пәнінен сабақ берген. Мектептегі мұғалімі математик Әлмұхан Ешенқұловтан да үйренгені көп. Бірге туған әпкелері Раушан мен Әлия да осы жолды таңдаған. Ұстаздар әулетінен шыққан, өзі де ана атанып, екі перзентін тәрбиелеп отырған Сейсекүлдің балалардың сүйікті апайы атануы да – заңдылық.
– Сейсекүл Наматуллақызы интербелсенді әдіс-тәсілдерді меңгерген, сыни тұрғыда ойлай білетін, ата-аналармен тығыз қарым-қатынас орната алатын, жаңартылған білім мазмұнын меңгерген ұстаз, – дейді мектеп-гимназия директоры Мұрат Тұрысбек.
С.Наматуллақызы Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжін бітіргеннен кейін еңбек жолы шаһардағы №42 орта мектептен басталған. 1994 жылдан бері №12 Керімбай атындағы мектеп-гимназияда жұмыс істеп келеді. Бүгінде жас мамандардың тәлімгері атанған Сейсекүл Райқұлова бір кездері өзіне жол көрсеткен Гүлсім Байсейітова, Сейдеп Қамбарбекова апайларының ақыл-кеңесін ұмытқан емес.

 

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы.

Comments are closed.