- Advertisement -

Құмға жан бітірген суретші

375

- Advertisement -

Қоғам бейнесін, жағымды жаңалықтарды, жетістіктерді, табиғаттың ерекшеліктерін қылқаламмен ақ қағаз бетіне түсіретін маман – суретшілер. Шын шебердің салған суреттері сөйлеп тұрады. Сондай хас шебердің бірі – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Рахат Сапаралиева. Облыстық көрме залында Р.Сапаралиеваның «Жыл мезгілдері» атты сурет көрмесі өтті.

Бұл шараның ашылу салтанатында облыстық қазақ драма театрының директоры, жазушы Болат Бекжанов сөз сөйлеп, Рахаттың нағыз ізденімпаз адам екеніне, республикалық «Еңлік гүл» байқауында лауреат атанғанына тоқталып, шығармашылығына табыс тіледі. Облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Ғалия Әлімжанова суретшінің тынымсыз еңбегін тілге тиек етіп, салынған әр картинасының сыры мен мазмұны бай екенін айтып өтті.
Қылқалам шебері бұл көрмеге 80 картинасын, 20 қолөнер бұйымдарын дайындап әкелген екен. Суреттерінде күз бен қыс мезгілдері ерекше көрініс тауыпты. Шатқалдардың қысқы көрінісі, бүркітшінің болмысы, өзен жағасының көріністері, жаңбырлы күзгі бақ бейнелері, Астананың сұлу ғимараттары өте сәтті шыққан.
Сондай-ақ Р.Сапаралиева көрмеге жиналған көпшіліктің көзінше құммен сурет салып (пескография) берді. Сол сәтте салынып жатқан осы суреттердің де тақырыбы сан алуан. Бірде киіз үйдің маңында жайылған жылқы, жусаған мал көрініс берсе, бірде даладағы ошақтың отын маздатқан ақ жаулықты әже бейнесі көз алдымызда өрнектелді. Көне Тараз, керуен, арғымақтар, Тараздың бүгінгі келбеті шеберлікпен салынып жатты.
– Құммен сурет салған өзіме ерекше ұнайды. Осылай еңбектенген сайын демалып, тынысым ашылады. Саусақтарыңның соңынан ілесіп отырсаң, бәрі онша қиын емес. Түрлі көріністерді бейнелеуге болады. Сырласа білген адаммен құм да сырласады, – дейді суретші Р.Сапаралиева.
Суретшінің «Жыл мезгілдері» көрмесін тамашалаушылар өте көп болды. Олардың қатары азаймайтыны анық.

 

Есет ДОСАЛЫ

Суреттерді түсірген Юрий Ким.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support