- Advertisement -

Сәбиге сәуле сыйлаған…

200

- Advertisement -

Жас нәрестелерін көтерген қос ананы балалар кардиохирургия бөліміне кіреберісте жолықтырдық. Сәбилері дәл қазір құшағында тұрғанымен, көңілі алаң. Іштей қобалжып, ертеңгі күннің қалай өтерін ойлап, уайым жейтіні боп-боз болған жүздерінен анық аңғарылады. Екеуі де перзентінің туабітті жүрек ақауы бар екенін айтты. Сенбіде ота жасалатынын жеткізді. Ал біз осы күні балаларына операция жасалатын аналарды сөзге тартуға тырыспадық. Себебі олардың ішкі толқынысын үнсіз ұғуға болатындай еді.
Профессор Сейтхан Жошыбаев басқаратын «Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және транс­плантологиялық» орталығының балалар кардиохирургия бөлімі ғимараттың үшінші қабатында орналасқан. Тура операция бөлмесіне қарама-қарсы. Дәл осы бөлмеде дәрігерлер 6-7 айлық сәбилердің жүрегі қалыпты соғуы үшін ота жасап жатты.
Осыдан он жылдан астам уақыт бұрын туабітті жүрек ақауы бар сәбилерге операция шетелде жасалатын. Онда бір отаның өзіне 20-30 мың доллардан астам қаржы қажет болатын. Қазір мұндай оталар Астана қаласындағы Ұлттық ғылыми-кардиохирургиялық орталығында жасалады. Перзентінің амандығы үшін не нәрсеге даяр тұратын ата-ана үшін бұл үлкен мүмкіндік болғаны анық.
Бір айта кететіні, соңғы жылдарда 8 килограмнан асқан нәрестелерге дәл осындай жоғары медициналық көмек академик Сейтхан Жошыбаевтың клиникасында да көрсетіліп келеді. Алайда орталықта ерте жастағы және салмағы төмен сәбилерге ота жасалмаған екен. Сондықтан бұл жолы туғанына 6 ай шамасы енді толған нәрестелерге операция жасау үшін Астанадағы Ұлттық ғылыми-кардиохирургиялық орталығынан мамандар шақырып, тәжірибе алмасуға бел буыпты.

– Бұл жолы салмағы 4-5 килограмға жеткен нәрестелерге ота жасау керек болғандықтан, тәжірибесі мол Юрий Пя басқаратын кардиохирургиялық орталықтың мамандарын шақыруды жөн көрдік. Дәрігер-кардиохирург Дмитрий Горбунов өз командасымен келіп, тәжірибелерімен бөлісуде. Анестезиолог-реаниматологі, операциялық медбикесі де бірге келді. Екі күнге 4 ота жоспарланған. Бүгін алғашқы екеуі жасалуда, – деді кардиохирург, орталық директоры Сейтхан Жошыбаев.
Дмитрий Горбунов – жүректің туа пайда болған ақаулары бар бірнеше мың кішкентай емделушіге ота жасаған дәрігер-кардиохирург. Президенттің «Болашақ» стипендиясына ие болған алғашқы түлектердің бірі. 1994 жылы Ақмола медицина институтында оқып жүріп, Фрайбург қаласындағы (Германия) Альберт-Людвиг атындағы университеттің медицина факультетіне түскен.1999-2000 жылдары Тюбинген қаласында университеттік клиникада жүрек-қан тамырлары хирургиясы бөлімінде ординатурадан өткен. 2001 жылы Қазақстанға оралып, 2011 жылдан бері «Ұлттық ғылыми-кардиохирургия орталығында» балалар кардиохирургиясы бөлімінің меңгерушісі қызметін атқаруда.
– Ота жасалатын сәбилерде сирек кездесетін жүрек ақауы бар. Қарыншааралық қалқа ақауларын, жүрекшеаралық қалқа ақауларын жабу, үлкен аортоөкпелік коллатеральдық артерияны ашу, сәби жүрегін сақтау үшін операция жасалу керек. Осы мақсатпен профессор Сейтхан Жошыбаевтың шақыртуымен бейсенбі күні біз бригадамызбен бірге Тараз қаласына келдік. Ота ұзаққа созылады, оңалтуға бір ай шамасында уақыт кетеді, – деді Дмитрий Горбунов.
Алғашқы операция 5 сағатқа созылды. Сәби жүрегі… тіршілік белгісін білдіріп, қайта соқты. Аналары нәрестесінің жүрегі қалыпты соққанын естуге асық.

Ардақ Үсейінова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support