- Advertisement -

Тіл үйренуде сол ұлттың мәдениетін де меңгеру керек

97

- Advertisement -

Жақында жаңа оқулық жарық көрді. Ол жоғары оқу орындарының «Шет тілі: екі шет тілі», «Аударма ісі» және «Шетел филологиясы» мамандықтарының студенттеріне «Мәдениетаралық коммуникация контексіндегі базалық шет тілі В1», «Мәдениетаралық коммуникация контексіндегі арнайы кәсіби шет тілі», «Мәдениетаралық коммуникация теориясы мен практикасы» және «Лингвомәдени шет тілдік коммуникация» пәндері бойынша оқытылады. Қазақ тіліндегі нұсқасы қазақ топтарындағы студенттер үшін өте тиімді. Себебі студенттер бір тілден екінші тілге аударма жасағанда қазақ тіліне немесе қазақ тілінен ағылшын тіліне аударма жасайды, сол кезде оларға дайын көмекші құрал ретінде қолданылады. Бұрын орыс тіліндегі оқулықтағы мысалдарды студенттер орыс тілі арқылы аударатын, енді оларға дайын кітапты қолдану уақыттарын әлдеқайда үнемдейді.
Қарастырылып отырған оқулықтың тағы бір артықшылығы – онда сөздіктен іздеуді қажет етпейтін көптеген термин-сөздердің ағылшын тіліндегі баламаларын табуға болады. Тілге қатысты барлық ақпарат жүйелі түрде сипатталған.
Ал мәдениетаралық коммуникация жай қатынас құралы емес, түрлі мәдениет иелерінің арасындығы қатынас құралы ретінде қарастырылады. Түрлі мәдениет өкілдері арасындағы мәдениетаралық коммуникацияның тиісті деңгейде өтуі көбіне жағдаяттық контекстке байланысты болады. Ұлттық мәдениет, ұлттық мінез-құлықтың көріністері коммуникацияның арқасында өрнектеледі. Коммуникацияның ауызша және ауызша емес символдары белгілі бір халықты, оның сипаттарын, мәдениетін, салт-дәстүрін айқын сипаттап береді. Мәдениетаралық коммуникацияда мәдени шекараның болуы негізді.
Мәдениетаралық қоммуникацияда коммуникант өзін еркін сезіну үшін өзімен тілдік қарым-қатынасқа түскен өзге ұлт өкілінің тек тілін ғана емес, сол ұлттың (елдің) мәдениетін, салт-дәстүрін, ұлттық мінез-құлқын білуге тиіс деп ойлаймыз.
Біздің университетте түрлі ұлт өкілдері білім алуда. Атап айтқанда орыс, кәріс, түрікмен, өзбек ұлтының өкілдері сабақ барысында, әсіресе «Елтану», «Аударма теориясы» сабақтарында өз елдерінің мәдениеті мен оқылатын елдің мәдениетін салыстыра қарастырады. Сонымен қатар студенттер басқа ұлттардың мәдениетін, салт-дәстүрлерін – түрлі ұлттық ойындары, ұлттық мерекелері, олардың тұрмыс-тіршілігі туралы көп ақпарат алады. Студенттер оларды өз елінің ерекшеліктерімен салыстырып оқып-біледі.
Көп мәдениетті білу де, олармен қарым-қатынас жасауда дайындық қажет. Көп мәдениетті кеңістік мәдениетаралық қарым-қатынас процесінде қалыптасатынын атап өту керек. Х.Томас оған мынадай анықтама береді: Белгілі бір тұлға басқа мәдениеттің адамдарымен қарым-қатынас жасауда олардың өзгеше қабылдау, таным, ойлау жүйелерін, олардың мінез-құлықтары және құндылықтар жүйесін түсінуге тырысып, өзінің мәдени жүйесіне жаңа іс-тәжірибелер алмасып, өз мәдени жүйесін бөгде мәдениетке сәйкестендіруін өзгертуге тырысқан жерде көп мәдениетті білім орын алады.
Мәдениетаралық қарым-қатынас екі құрамдастықтан – тіл мен мәдениеттен тұрады. Қазіргі коммуникативтік кеңістік – күрделі жүйе, онда негізгі орындардың бірі қарым-қатынастың әртүріне тиесілі. Себебі адам өзін әртүрлі жағдайларда әрқилы ұстайды, сөйтіп әрбір жағдайда басқа адамдармен ерекше қатынас орнатады. Сонымен қатар қарым-қатынастың сипаты мен ерекшеліктері ақпарат беру құралдарымен, тәсілдерімен, коммуникация субъектілерімен, мақсаттарымен және басқа да көптеген себептермен анықталады. Қарым-қатынастың мынадай түрлерін атап көрсетуге болады: этникааралық, іскерлік, әлеуметтік, халықаралық, тұлғааралық, бұқаралық, мәдениетаралық және басқалары.
Қорыта айтқанда, лингвомәдениеттану мен мәдениетаралық коммуникация – тіл үйренушілерге тілді ғана емес, сол елдің тарихын, мәдениетін салт-дәстүрін, рухани болмысын тану арқылы тілді меңгертудің маңыздылығын арттыратын лингвистикалық сала. Сондықтан да оқулықтың қазақ тіліндегі нұсқасы тіл үйренушіге ұлттық мәдениеттің бояуын түсіндіруде, ұлттық мінездің қырларын ашу да ұлттың тарихы мен мәдениетін паш етуде лексикалық бірліктердің прагматикалық мәнін ашып, сол арқылы тіл үйренушінің елге, халыққа, тілге, мәдениетке, салт-дәстүрге деген қызығушылығын терең ұғындыруға жол ашады. Аталмыш оқулық материалдарын студенттер курстық және дипломдық жұмыстарды орындауда көмекші құрал ретінде де пайдалана алады.

Гүлмира ЗАМИШЕВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің оқытушысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support