- Advertisement -

Құралайды көзге атқан Әбіл

263

- Advertisement -

қордайлық мерген үш жүзге тарта жауды жайратқан

1987 жылғы Жеңіс мейрамында біздің Қаракемер ауылында соғыстан қайтпай қалғандарға арналған Өшпес Даңқ алаңының ашылу салтанаты өткен болатын. Ондағы тас тақталарға есімі ойып жазылған 241 боздақтың бірі – 316-шы атқыштар дивизиясының атақты мергені болған Әбіл Нүсіпбаевтың ерлік жолдары мені сол кезден-ақ қатты қызықтырды. Содан бастап соғыста бір өзі үш жүзге тарта жаудың көзін жойған осынау батыр жерлесіміз туралы деректерге ден қойып, дивизияның Алматыдағы, Фрунзедегі (бүгінде Бішкек) мұражайларында болып сарғайған құжаттар мен газет тігінділерін ақтарып, мергеннің көзі тірі қаруластарымен, туыстарымен, көз көргендермен кездесулердің сәті түсіп еді. Жылдан-жылға батыр туралы жиған-тергенім молая түсуде, тіпті, әлі күнге дейін тың деректер алдан шығады.

Мергендікке бастаған жол

Әбіл Нүсіпбаевтың Алматы облыстық ДОСААФ клубының мұрағатында сақтаулы 1940 жылғы 18 қыркүйекте өзі жазып қалдырған өмірбаянында 1914 жылы Қордай ауданының Қаракемер ауылында кедей шаруа отбасында туғаны жазылған. Ол осында ескіше сауатын ашады.
1936 жылы әскери қызметке шақырылып, атты әскер полкінің взвод командирі ретінде Қиыр Шығыста шекара тыныштығын қорғаушылар сапында қызмет атқарады. 1939 жылдың мамыр айында жапон самурайларымен әскери қақтығыстарды басуда ерекше тапсырманы орындағаны үшін Әбіл «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады.
1940 жылы Ә. Нүсіпбаев ОСОАВИАХИМ-нің (ДОСААФ) Қызыл Армияға мергендер және пулеметшілер дайындайтын Алматыдағы атқыштар клубына кіріп нұсқаушы болып істейді. Ал 1941 жылы қысқа мерзімді милиция мектебіне түседі. Оны бітіріп үлгермей Батыста соғыс өрті бұрқ ете түседі.
Әбілдің туған інісі Бақтыбай Нүсіпбаевтың айтқандарынан: – 21 маусым сенбі күні еді, арамызда Әбіл де бар, топталып ипподромға ат жарысын көруге барғанбыз. Ертеңінде «соғыс» деген зәрлі сөз жүрегімізді мұздай қарыды. Әбіл біздікіне келді.
– Осы соғыстың боларын сезіп-ақ едім. Енді майданға баруға дайындалу керек, – деді.
– Өй,сен милиционерсің, бронің бар, майданға жібере қоймас. Онсыз да бір соғыстан келдің емес пе? – дедім. Бірақ ол ешкімді тыңдамады. Қайта-қайта сұранып жүріп Талғар жақта жасақталып жатқан 316-дивизияға ілігіп алыпты. Бірер күннен соң қару жарағын асынып, мұздай киініп, аулаға атпен тасұр-тұсыр кіріп келгенде, бір-ақ білдік. Көп ұзамай алғашқы лекпен майданға кетті ақыры…
316 атқыштар дивизиясы соғыстың бастапқы айларында жасақталды. Оны Қырғыз КСР-нің әскери комиссары болған генерал-майор И. В. Панфилов басқарды. Дивизияның көршілес екі республикадағы сан ұлттың өкілдерінен құралған әскери бөлімдері сол жылы күзде Москваны қорғаушылар сапында болғаны тарихтан мәлім. Күші бес есе басым жаумен арпалысып, бүгін-ертең астананы басып аламыз деп өршеленген қандыбалақ фашистердің тұмсығын тасқа тіреп, бетін қайтаруға қатысты. Бұл дивизия құрамынан жүздеген ерлер шықты. Атақты жиырма сегіз батырының ерлігі бүкіл майданға тараса, аты аңызға айналған гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы, Кеңес Одағының Батырлары Мәлік Ғабдуллин, Төлеген Тоқтаров, композитор Рамазан Елебаев та осы дивизияның қаһарман жауынгерлері еді. Ал құралайды көзге атқан мергендер қатарында Әбіл Нүсіпбаевтың есімі жиі аталатын.

Көз көргендер сөз алса…

Уақытқа әмір жүрмейді, ол өз ағымымен жылыстап өтіп жатыр. Кешегі қан майданға қылшылдаған жігіт күнінде қатысқандардың қаншасы опат болды? Ал тағдыр тірі қалуды маңдайына жазғандардың өзі жыл өткен сайын сиреп барады. Олардың ішінде Әбілдің қанды көйлек қаруластары да болды. Қай-қайсысы да дивизия мергендерінің көшбасшысы болған Ә. Нүсіпбаев туралы ықыластана әңгімелеп берген болатын.
Фрунзелік Айдархан Ахметов 316-шы дивизияның 23-ші атқыштар полкінің партбюро хатшысы болған, отставкадағы полковник еді: «Әбіл полктегі жалынды коммунистердің бірі болды. Партбюроның тұрақты мүшесі. Қандай қиын жағдайда да партия жиналысынан қалмауға тырысатын. Өзі кішіпейіл, жолдастарына қамқор болатын. Ал қапысыз мергендігі бүкіл дивизияға аңыздай жайылды».
Отызыншы полкте қызмет еткен Тұңғышбай Апбасов та Әбілді жақсы біледі екен, біздің қолымыздағы суретінен жазбай таныды.
– Батыр жерлестеріңнің майдандағы ізін қуып жүргендеріңе рахмет. Әбіл қалай құрметтеуге де лайықты. Оның командасындағы мергендер бүкіл дивизияның мақтаны болды. Менің естуімше, олардың туған айылдарында мектептерге, көшелерге аттары берілген, музейлері ашылған. Әбілге де сондай құрмет керек…
Әбіл Нүсіпбаев үш жүзге тарта немісті жер жастандырды. Бұл санды қайдан алып отырмыз? Хронологиялық ретпен қолдағы деректердің өзінен біраз жайға қанығамыз. Жоғарыда айтқанымыздай, 1942 жылғы 9 қазандағы «Комсомольская правда» газетінде Әбілдің 52 немісті өлтіргені жазылса, сол жылдың қараша айында жарық көрген дивизиялық «За Родину» газетінде бұл сан 88-ге өскен, Бішкектегі біз көрген мергендік кітапшасында 159 немісті өлтіргені тіркелген. Екінші гвардиялық атқыштар корпусының (Панфилов дивизиясы да осы корпустың құрамында болды) «Советский гвардеец» газетінің фототілшісі И. Нарциссовтың Ұлы Жеңістің 30 жылдығына орай «Социалистік Қазақстан» газетінде жариялаған естелігінде Әбілдің 252 жау солдаты мен офицерін және бір самолетін атып түсіргені туралы айтқанын, сондай-ақ полк командирі мен батальон комиссарының 1943 жылы жазда ауылдағы колхоз бастығына жазған хатындағы Әбілдің 260 немісті өлтіргені туралы мәліметті еске алайық. Әбіл одан соң да қаза тапқанға дейін бірнеше ай соғыста болды ғой. Ал мергендік кітапшадағы жазуларды оларды сырттан бақылап жататын ерекше бөлімнің адамдары толтыратынын ескерсек, бұлар ойдан алына салған сандар еместігін көреміз. Өкініштісі сол, екі арыс та бірінің соңынан бірі қаза тапты.
Мен бұрынырақта мұрағаттан «Социалистік Қазақстан» газетінің 1943 жылғы 6-шілдедегі санын алдырып қараған едім. Газеттің тұтас екінші бетінде «Ел сенімін ерлікпен ақтаймыз» деген тақырыппен майданнан келген панфиловшылар делегациясы мүшелері өздерінің жорық жолдары жайлы баяндапты.
Осы бетте Әбіл Нүсіпбаевтың суретімен қоса «Тәсіл-айла – тапқырлық» деген мақаласы беріліпті. Онда былай делінген: «Мерген болу оңай емес, ең ақыры аң аулауға да шеберлік, тәсіл-айла керек. Айлаңды асырып, тәсіліңді өткізіп, тапқырлық жасамасаң қоянды да қолға түсіре алмайсың. Мерген аталарымыз жалғыз қурайды жамылып бір бұтақтың тасасын таудай қалқан қылып атады екен. Оның үстіне атуды білу, жатуды, көлбеуді білуде көп мән бар.
Бір күні Төлеуғали Әбдібеков екеуміз тосқауылға шықтық. Жатқан жерімізді жан біліп болар емес. Шөп пен шөп болып алғанбыз. Немістер де қарап жатқан жоқ, олар да бізді аңдуда. Қалт етсең болды, мүлт жібермейді. Сондықтан да оларды алдап түсіру арзан айлаға түспейді. Олар да білінбеске тырысып, жапырақты жамылып жатып алды. Біз төрт аяқты арбашық жасап алғанбыз. Үстіне бөренеден кесіп жасаған «адамды» отырғыздық. Басына каска, үстіне шинель кигіздік те, екі жағына екі ұзын телефон сымын байлап, екеуміз кезек-кезек тартып отырамыз. Бірде маған қарай, бірде Әбдібековке қарай ырғатылып жүріп тұрған «адамды» неміс мергендері төпеп атып жатыр. Бірақ, олар «ағаш адамды» құлата алмады. Оқ болса төбемізден сыртылдап өтіп жатыр. Міне, біз осы әдіспен олардың қайдан атып жатқанын біліп алдық та, қарсы шабуылға көштік. Осы жолы айлалы екі неміс мергенін қалпақтай ұшырдық».

Жаңа беттер жазайық

Құжаттар, естеліктер… Бірақ, олар әлі де толық жиналып болған жоқ тәрізді. Анықтап, нақтылай түсер жайлар да бар. Олай дейтінім, мергеннің туған інісі Бақтыбай ағаның көзі тірісінде айтқан мына бір жайлар ойымнан кетпейді: «1943 жылы жазда елге келгенінде ағам екі-үш күндей ауылда болып еді. Сонда аулада әкеммен әңгімелесіп тұрып: «Мені Ленин орденіне ұсынды, осы барғаннан, бұйырса, аламын ғой», – дегенін өз құлағыммен естіп едім. Ал, алпысыншы жылдары қырғызстандық бір газеттен Әбіл Совет Одағының Батыры атағына ұсынылғандардың қатарында болды деген бір естелікті оқығаным бар. Сол газетті талай жылдар сары майдай сақтап жүрдім. Өзімше із кесіп, сұрау салуға жас болып, өрем жетпеді. Ауылдас бір журналистің сөзіне сеніп, ағамның талай хаттарын суреттерімен қоса соған беріп жіберіп, кейіннен бәрінен таза айырылып қалғаныма енді ішім удай ашиды, – деген болатын.
1943 жылы жазда елге келіп қайтқаннан кейін майдандағы Әбілден көп ұзамай «Жаралымын, бірақ қорқынышты емес» және «Москваға госпитальға ауыстырылдым» деген бірінің артынан бірі екі хаты, одан соң көп ұзамай қаза тапқаны туралы «қара қағаз» келген. Ол кезде туыстарының Әбілдің қайда жерленгенін індете іздестіруге мүмкіндігі болмаған. Тек, арада алпыс екі жыл өткенде ғана оған қол жетті.
Алты ағайынды Ә. Нүсіпбаевтың сол кездері көзі тірі бауырларының бірі – қарындасы Орындық болса, оның қызы Эльмира мен күйеу баласы Лесбек көптен Мәскеуде қызмет ететін. Сексен төрттегі егде жасына қарамастан қарт әже 2004 жылы жазда немерелерінің бірінің бастауымен Ресей астанасына жол тартсын. Сонда бір айдай болғанда қарап жатпай балаларына Әбіл ағасының дерегін іздетеді. «Москваға госпитальға ауысып келдім» деген хаттың ізімен келген «қаралы қағаз» осыған негіз еді. Мәскеудің госпитальдарын, бауырластар бейіттерін түгел ақтап шығады. Ақыры табады. Ұлы Отан соғысының Орталық мұражайында сақтаулы соғыста қаза тапқандар мен хабарсыз кеткендердің «Естелік кітабының» 16-томынан. Оның 242-бетінде:
«Нусупбаев Абиль, род. 1914 г.Родственники Курдайский р/н, Джамбульской обл., Казахстан. Младший лейтенант. 140 сп сд. Умер 14. 10. 1944 г. в ЭГ «5007 Кремирован» – деп жазылған дерек кездеседі. Міне осы бойынша іздестіргенде батырдың денесі Преображенское зиратының бірінші Донской крематорийінде өртеліп, бауырластар бейітіне қойылғаны мәлім болады.
Орындық әжей бейіт басында ағасының рухына Құран бағыштайды. Әбілдің бейнесі ол соғысқа аттанғанда он жасар қарындасының есінде еміс-еміс қалған екен.
Ия, атақты мерген туған топырағына оралмады. Бірақ оның есімі ел есінде. 1992 жылы жерлестері туған ауылындағы орта мектепке және ауылдың бір көшесіне есімін берген. Мектептің ауласына ескерткіші орнатылып, батырдың туғанына жүз жылдығы атап өтілген. Міне, бұлар «Елдің даңқын ер шығарады, ердің даңқын елі шығарады» деген халық сөзінің шындығын көрсетсе керек-ті.

Құрманбек ӘЛІМЖАН.

Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support