- Advertisement -

Астана футбол федерациясына жаңа президент тағайындалды

159

- Advertisement -

«Көрме EXPO» орталығында «Астана футбол федерациясы» ЗТБ-ның есептік-сайлау конференциясы өтті. Күн тәртібінің басты тақырыбында АФФ президенті Лашын Аймағамбетовтің есебі тыңдалып, Астана футбол федерациясының жаңа президенті сайланды және Атқару комитетінің құрамына өзгерістер енгізілді.

АФФ басшысы Федерацияны басқарған 4,5 жылдың ішіндегі атқарылған шаруалар туралы баяндап, жыл сайын елордамызда футбол, футзал және шағын футболдан 30-ға жуық турнирлер мен біріншіліктердің өтетіндігі туралы айтты.

Расымен де бүгінде елорда футболының деңгейі өте жоғары. Мәселен, әуесқойлар арасындағы Қала біріншілігіне барлығы 14 команда қатысады. Олардың арасында кәсіпқой футболшылар да бар. Әртүрлі жылдары Мұрат Тілешев, Андрей Карпович, Максим Жалмағамбетов, Антон Чичулин, Исламбек Қуат, Санат Жұмаханов және ағайынды Азовскийлер ойнады.

Атап өтетін тағы бір жайт, қала біріншілігіндегі ойындардың басым бөлігі еліміздің басты стадионы «Астана-Аренада» өтіп, әуесқой футбол мен кәсіпқой футбол арасында өзіндік көпір орнап жатады. Ал Астана біріншілігінің чемпиондары республикалық турнирлерде үнемі топ жарып, елорда футболының деңгейі кәсіпқой футболда ғана емес, әуесқой дәрежеде де өзге аймақтардан жоғары екендігін дәлелдеуде.

Бұдан бөлек, Астана футбол федерациясы балалар-жасөспірімдер футболына да зор көңіл бөледі. Атап айтқанда, 2015 жылы ашылған Балалар футбол орталығында 200-ге жуық жеткіншек тәлім алса, Федерация аясында өтетін Астана оқушылар лигасының алғашқы маусымына 24 команда қатысып, биыл олардың саны 158 командаға жетті. Ал жалпы оқушылар лигасындағы жеткіншектер 1896 ойыншыға көбейді. Дәстүр бойынша жыл сайын ең үздік мектеп шетелде оқу-жаттығу жиынын өткізуге мүмкіндік алады.

Астана футбол федерациясы – корпоративтік турнирлер өткізуден де өз саласында үздік саналады. Осы кезге дейін Федерация «Самұрық-Қазына» лигасы мен кубоктарын ұйымдастырып, жыл сайын BI-group турнирін өткізіп келеді. 2016 жылдан бастап қолға алынған журналистер арасындағы BAQ league бәсекесіне «Хабар» агенттігі, «Qazaqstan» ұлттық арнасы, «Астана» телеарнасы, «Еуразия+ОРТ», «Qazsport», «Асыл арна» сынды ірі республикалық телеарналар мен «Qazaq radiolary» және «Егемен Қазақстан» газеті сынды БАҚ командалары қатысады. Федерация аясында өтіп жатқан Студенттер лигасы да жоғары қарқынмен дамуда.

Ал 2014 жылдан бастап Астана футбол федерациясының аясына өткен Елеупов мемориалы отбасылық шағын турнирден халықаралық додаға айналып, онда жыл сайын дәстүрлі түрде Ресей, Украина, Қырғызстан, Әзербайжан командалары да бақтарын сынайды. Былтыр «Eleu cup» мемориалында «Аят» (Рудный), «Інжу» (Ақтөбе) сынды Қазақстанның кәсіпқой клубтары да өнер көрсетті.

Футбол жарыстарын ұйымдастырудан бөлек, Астана футбол федерациясы Жаттықтырушылар курстары мен Жас төрешілер мектебінің де жұмыстарын нәтижелі жүргізіп отыр. Аз ғана уақыттың ішінде Астанада 150-ден астам жас мамандар «С» санаттағы бапкерлік сертификаттарының иегері атанып, әуесқой команда мен балалар командаларын жаттықтыруға мүмкіндік алды. Ал Жас төрешілер мектебінен түлеп ұшқан арбитрлардың алды биыл Қазақстан чемпионаттарында қызмет етіп жүр.

Осылардың барлығын жанкүйерлерге уақытылы жеткізіп отыру үшін қос тілде хабар тарататын sportsffa.kz сайты қолға алынды. Қала футболынан бөлек, мұнда ел футболы туралы сараптамалық мақалалар жарияланып тұрады. Қазір спорттық порталдардың ішінде үздік ондыққа еніп, ақпараттық қана емес, салиқалы салмақты үлкен сайтқа айналды.

АФФ президентінің баяндамасын тыңдаған Конференция өкілдері Лашын Аймағамбетовтың қызметтен босау жайлы өтінішін мақұлдап, оның орнына бірауызды шешіммен Мәлік Хасенов сайланды.

«Маған сенім білдіргендеріңіз үшін сіздерге алғыс білдіремін! Шынын айтқанда бұрынғы басшының атқарған еңбектері орасан. Осы кезге дейін қолға алынып, жүзеге асырылған жобалардың барлығы үлкен құрметке лайық. Осы бастамалардың барлығын жаңа белестерге шығарып, елорда футболын одан әрі дамытуға ат салысамын», — дейді Мәлік Хасенов.

Ал АФФ Атқару комитетінің құрамындағы өзгерістерді айтар болсақ, Александр Коночкиннің мүшелік өкілеттігі тоқтатылып, оның орнына «Астана» футбол клубының атқарушы директоры Қайсар Бекенов сайланды.

Дереккөз: baq.kz

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support