- Advertisement -

Амур жолбарысы Балқашқа жіберілмесін

275

- Advertisement -

(этнограф-натуралистер сауалы)

Дүниежүзілік жабайы табиғатты қорғау қоры Қазақстандағы киіктерді қайта тірілтуде алғашқылардың бірі болып дабыл қағып, нақты қамқорлықпен атсалысқанын жақсы білеміз. Бұл іске ел үкіметі де кірісіп, шаралар қабылдауының арқасында киіктердің жойылып кету қаупі жоқ деп ашық айтуға болады. Халықаралық жобаның құрамына Жамбыл облысындағы «Андасай» мемле­кеттік зоологиялық мекемесі де кіріп, киік­тер­дің қайта көбеюіне үлес қосқанын айта кету керек.

Дүниежүзілік жабайы табиғатты қорғау қоры таяу жылдары Балқаш көлінің жағасында Амур жолбарыстарын әуелі қоршауда бағып, бес жылдан соң еркіндікке жібергенінен хабардармыз. Қазақстандағы жолбарыстардың қайта көбеюіне алғаш қаржы бөліп, үлкен бағдарлама қолға алынады. Әлемдік қордың мұндай батыл қадамға баруының себебі не? Бұрынғы жылдары дәл осы Балқаш көлі мен Шу өзені бойындағы ну қамыста жолбарыстардың өсіп-өнгені рас. Бірақ Кеңес үкіметі қазаққа таңған, ақтар мен қызылдар болып ағасы мен інісі соғысқан зобалаң жылдары, текті, көзі ашық, қара халықты асырап отырған байларды кәмпескелеп, жер аударып, қазақтың қанатын – жылқы атаулыны атып, жойған тұста жолбарыстар қорек қылатын аң-құстың өзі жайлы аймаққа ауған екен. Оған қоса ну қамыстарды өрт жайлаған.
Осыдан келіп ашынған-ашыққан жолбарыстар ауылға дейін келіп, адамға шауып, қарапайым халыққа залалы тиген. Содан соң бірігіп, аталарымыз құм бүркітіндей жүректі бозбала-жігіттерге алмас қанжар беріп, жолбарыстың тамағын орғызып, қансыратып құлатып, көзін жойыпты. Шу бойындағы соңғы жолбарысты да дәл осылай жойғандығын көнекөздер жыр ғып айтатын…
Ал бүгінде жолбарыстар күнделікті ұстап жейтін аң-құс аз шақта, Қазақстанда түз жыртқышы еркіндікке жіберу қателік болады. Бұл жоба, сөз жоқ, артында салмағы бар үлкен бағдарлама, халықаралық ғылыми жұмыс. Ол шара бойынша, жолбарыстар белгілі уақытқа дейін қор қаржысымен қоршауда бағылып, мерзімі біткен соң еркіндікке жіберіледі. Міне, бар қиындық осы кезде басталмақ. Әр жолбарыс күніне 20-40 келі ет жейтінін ойласақ, сонша жабайы аң-құс Балқаш көлінің жағасынан оңай табылмасы анық. Осыдан келіп, түз тағыларының малға, адамға шауып, Балқаш көлінен күн көріп отырған қарапайым халыққа зияны тиер. Сол кезде сонша машақатпен келген сирек аң оққа ұшары сөзсіз. Сонда еліміздегі соңғы жолбарыстың не үшін жойылғанын білмейтін халықаралық ұйымдар. Қазақстанды бағалы аңға ие бола алмай, броконьерлерге жем қылды деп, елімізді биік орындардан кінәлауы бек мүмкін. «Итің ұры десе» намыстанатын, озық елдің қатарына қосылуға бет алған бізге бұл жақсы сөз емес…
Сондықтан Амир жолбарысын Балқаш көлі аймағына әкелуге, сол аймақтағы аң-құс 1916 жылғы санға көбейгенше тоқтата тұру керек. Көлдің шығысын жайлаған Алматы облысының жергілікті халқы да бұл іске қарсы. Ал батысын жайлаған Жамбыл облысының көп тұрғындары мұндай іске Үкіметтің жол бермеуін сұрайды.
Былтыр Астанада өткен ЭКСПО көрмесінде ресейліктер сол Амур жолбарысының шыныдан құйылған мүсінін әкелді… Біз Дүниежүзілік жабайы табиғатты қорғау қорының Орта Азиядағы штаб-пәтері Мәскеуде орналасқан соң мұны бізге көрсеткен бір жарнамасы болар деп ойладық. Десек те малға да, жанға да зияны тимейтін халықаралық жобада өсіруді қажет ететінін, аң-құстарымыздың бар екенін ескеруіміз қажет.

Жапар Сатылғанов,
Құсбегі, этнограф-журналист, республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support