- Advertisement -

Игі істер жалғасын табады

101

- Advertisement -

Тарлан тарихтың тағы бір парағы ашылар тұста тауық жылын артқа тастап, ит жылына аяқ басқалы тұрған Талас өңірінің өткен жылға өкпесі жоқ десе де болады. Бірлігі жарасқан берекелі ауданда өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы құстың қос қанатындай қатар дамып келеді. Оның айқын айғағындай, Қаратау қаласындағы натрий цианид зауыты мен құрылыстың жапсырма өнімдерін шығаратын кәсіпорын жылды лайықты қорытындылағалы отыр. Моноқалаларды дамыту бағдарламасы бойынша қаладағы 15 көше күрделі және ағымдық жөндеу көрді. Қаратау ауылдық округіне қарасты Қараой ауылындағы 50 орындық мектеп пайдалануға берілді. Мал басы өсті, қарамағында 96 мүшесі бар 9 ауыл шаруашылығы кооперативі ұйымдастырылды.
Ал алдағы тауық жылынан таластықтар не күтеді? Іргелі жоспарлар бар ма? Елбасының «100 нақты қадам» бағдарламасы негізінде Қазақстанның үшінші жаңғыруы тапсырмасы қалай орындалуда? Талас ауданының әкімі Досмахамбет Әлиевпен арадағы қысқаша сұхбат, міне, осы сауалдар төңірегінде өрбіген-ді.

– Иә, қойнауы қазынаға, өрісі малға толы ауданымыз өткен жылды барлық көрсеткіштер бойынша негізінен орындап шықты. Соның арқасында халықтың әлеуметтік жағдайы жақсара түсті. Жаңа өндіріс орындарының ашылуымен жұмыссыздық деңгейі едәуір төмендеді.

Келер жылы осы қол жеткен табыстарды баянды етудің, жаңа белестерді бағындырудың индикативті жоспары жасалынып, атқарылар жұмыстардың негізі қалануда. Атап айтқанда, аудандағы елді мекендерді «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету үшін газ құбырын тартуға республикалық бюджеттен 4,5 миллиард теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталып кетті. Жоба жүзеге асқан жағдайда Бөлтірік шешен, Көшек батыр, Әбілдә би, Үшарал, Досбол, Тоғызкент сияқты ауылдардың тұрғындары 2018 жылы газ тұтына алады. Тамды ауылынан Ақкөл, Қызыләуіт ауылдарына да газ құбырын жеткізудің жобалық-сметалық жоспары жасалынып, құрылысты жүргізу әне-міне басталады деп отырмыз.
Және де Ақкөл – Үшарал – Тоғызкент көлік жолын күрделі жөндеуден өткізуге 1766 755,97 мың теңге қаржы бөлінді. Бұл жұмыспен «Құрылыс Инвест жоба» ЖШС айналысады. Қазірдің өзінде серіктестік жолды асфальттауға дайындау жұмысын бастап кетті. Биыл 509 617,10 мың теңге игерілуі тиіс. Қалған қаражатпен 57 километр жол күрделі жөндеу көрмек.
Келер жылғы ірі жобалардың қатарындағы Қасқабұлақ ауылындағы 120 орындық мектеп пен Үшарал ауылындағы спорт кешенінің нысанын халық игілігіне ұсыну көзделген. Өзіңіз білесіз, мектеп құрылысының негізгі жұмыстары аяқталуға таяу. Ал құны 271 922,12 мың теңгеге бағаланған спорт кешенінің құрылысын «Арыстан-Сервис» ЖШС жүргізеді.
Сондай-ақ агросекторды дамыту қолға алынады. Облыстық «Әлеуметтік азық-түлік корпорациясының» көмегімен Ақкөл ауылында 600 бас сиырға арналған кешенді жай соғу ойда бар. Таяуда ғана Ақкөл ауылының егістік алқабындағы 120 гектар жердің сүдігері көтеріліп, көктемде ол танапқа қызылша, сәбіз, картоп егу жоспарлануда.
Ақкөл су бөгенін нығайту жұмыстары да ит жылының еншісінде.
Қорыта айтқанда, келер жыл таластықтар үшін табысқа толы, жасампаз жыл болмақ, – деді аудан әкімі.
Ендеше таластықтардың ойға алған істерін ойдағыдай орындауына біз де мыңдаған оқырмандарымыз атынан шын жүректен тілектестік білдіреміз.

Сәулембай Әбсадықұлы

Қаратау қаласы,
Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support