- Advertisement -

«Туған жердің туы биік болсын деп…»

377

- Advertisement -

«Асқар тау алыстаған сайын асқақтай түседі» дегендей, біздің қазақта да уақыт өткен сайын биіктеп, есімі мен еңбегі бүгінгі ұрпақпен бірге жасасып келе жатқан таудай тұлғалар аз емес. Олар кеше ұлттың намысы мен арын, болмысы мен бағын сақтап қалуға орасан еңбек етіп, сол жолда жанын да, барын да салып, тар жол тайғақ кешуден тайынбай, тер төкті. Ұлтымыздың сондай бірегей ұлдарының бірі – Асанбай Асқаров еді.
Сонау 1922 жылы, осыдан дәл тоқсан бес жыл бұрын 15 қыркүйекте облысымыздың Меркі ауданындағы Тәтті ауылында өмірге келген Асанбай әкеден небәрі жеті жасында қалып, ерте есейіп, қатарластарынан бұрын бой тіктеп, ой түзейді. Содан болар, ол мектептен кейін Фрунзедегі педагогикалық училищені бітіріп, бар-жоғы он жетіге толар-толмас шағында еңбек жолын мектепте орыс тілі пәнінің мұғалімі болып бастайды. 1942-1946 жылдары әскер қатарына шақырылып, батальон, полк деңгейінде әскери-саяси ұйымдастырушылық қызметтер атқарды. Ұлы Отан соғысы жылдарында жауынгерлерді баптап, оларды қаһармандық, ерлік көрсетуге баулып, жеңіске жетуімізге үлкен үлес қосты. Соғыстан елге оралған соң, саяси және идеологиялық жұмыстармен ай-налысты. Аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, аудандық, облыстық комсомол комитеттерінің хатшысы болды. Облысымыздың Красногор және Меркі аудандарында партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарды. Небәрі 36 жасында Жамбыл облыстық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы, екі жылдан кейін осы облыстың партия комитетінің бірінші хатшысы болды. Өңірдің экономикасын, мәдениетін дамытуға орасан зор еңбек сіңірді. Ірі өндіріс орындары бой көтерді, ғылыми-зерттеу орталықтары, мәдениет ошақтары ашылды. Жамбыл қаласы өсіп-өнген, гүлденген қалаға айналды. Халықтың мәдениеті мен тұрмысы әлдеқайда түзелді. 1965-1978 жылдары Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарды. Ол жақтың да ғылыми-техникалық, мәдени-әлеуметтік, экономикалық әлеуетін биік деңгейге көтерді. Балқаш өңіріндегі Ақдала алқаптары күріш өсіретін аймақ ретінде танылды. Қарадала, Шеңгелді, Күртідегі Бозай аймақтары суландырылып, молшылық, береке мекеніне айналды. Бүкіл Жетісу өңірі гүлдей жайнап түрленді. Алматы қаласы көркейіп өсе түсті. Жаңа ірі өндіріс ошақтары ашылып, ықшам аудандар салынды. Көптеген сәулетті ескерткіштер мен алып ғимараттардың іргесі қаланып, көшелердің сәулеті артты. 1978-1985 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысын басқарғанда да өзінің өрелі істерімен көптің көңілінен шықты.
«Замана – соққан жел. Мағыналы өмір сүргің келсе, оған желкен бол. Желкен болу – ұдайы желдің өтінде тұру. Айтуға ғана оңай. Оған мықтылық керек. Жай мата желкен бола алмайды» деген екен бір ғұлама. Сол айтқандай, Асанбай Асқаров та заманның құйындатып соққан желіне қарсы өз көкірегін тосып, елінің қорғаны бола білгені де шындық. Ол сол арқылы абырой биігіне, адамдық асуына көтеріле алды. Сондықтан ол туралы көп айтылады, жиі жазылады. Бүгінде ол туралы жазылған естеліктер мен мақалаларға көз жүгірте қалсақ, таудай тұлғаның биік болмысы мен азаматтық қырларына қаныға түсеміз. Бәрінен де оның ұлттық мүдде тұрғысындағы ұстанымы, елдік қасиеті, азаматтық көзқарасы анық айшықталып тұрады.
«Қандай да бір қайраткердің еңбегі мен төккен терін саралаған, бағалаған кезде ең алдымен оның өзі өмір сүрген кезеңде қоғам алдында атқарған, сіңірген еңбегі ең басты өлшем болмақ. А.Асқаров өткен кеңестік кезеңде қызмет етіп, билік тұтқасын ұстап, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, мәдениеті мен ғылымының өркендеуіне зор үлес қосқан аса беделді әрі абыройы асқақ, кемел тұлғалардың бірі. Еңбекке жастайынан етене араласып, басшылық мектебінің барлық сатыларынан, өмір мектебі өткелдеріндегі сыннан сүрінбей өткен Асекең жастар ұйымының аудандық, облыстық басшысы қызметі баспалдақтарын басып, өмір тәжірибесін жинақтап, партиялық басшылықта ширек ғасырдан астам уақыт қызмет етті. 26 жылдай үш облыстың партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін абыроймен атқарды. Атқарғанда да абырой биігінен көрініп, өзі басқарған облыстарда артында өшпестей із қалдырып отырды. Ол қай облысты басқарса да сол аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын заманға сай биік деңгейге көтере білді. Оның ұйымдастырушылық еңбегінің нәтижесін көзімен көріп, көңіл-көзімен сезінген халық оған мейлінше сеніммен әрі үмітпен қарады. Асекең де жаратылысынан ұлтжанды, тарихымыздың сұңғыла білімпазы болғандықтан қолына алған істерінің тарихи мән-маңызына, халықтық мәніне ерекше ден қойып, ұлтымыздың болашағын көздеген басшы болды. Ол бір күндігін емес, алыс болашағын көздеген тұлға еді», – дейді мемлекет және қоғам қайраткері Серік Үмбетов өзінің бір мақаласында аға туралы ағынан жарылып.
Жалпы алғанда Асекең өзінің туған жері – Жамбыл облысында 19 жыл бойы елеулі еңбек етті. Ол сол жылдары облысымыздың өсіп-өркендеуіне, жаңа өндіріс орындарының, зауыт-фабрикалардың, мәдени ошақтардың ашылуына тікелей ұйытқы болды. Көрнекті тұлғаларға ескерткіш орнату әлі қолға алынып, дәстүрге ене қоймаған кезеңде облыстың атын иемденіп отырған Жамбыл атамызға еңселі ескерткішті Асекең өзі облысқа басшылық жасап тұрған кезде орнатып кетті.
– Адам баласы жарық дүниеге бәрі бірдей боп келгенімен бәрінің алдында не бітірді, не тындырды, фәни жалғаннан бақилыққа кім боп аттанды деген үлкен сұрақтар тұрары анық. Біреулер бұл дүниеден елеусіз, ескерусіз өтсе, біреулер тіпті халықтың қарғысын арқалап аттанады. Тек санаулы адам ғана елінің мерейін өсіріп, мақтанышына айналып, үлкен абыройға ие болады. Сондай жанның бірі − Асекеңді халқы аса көрнекті, қажымас, қайсар қайраткер, айбарлы басшы, ғұлама ғалым, үлкен жазушы, ақын, елінің ардақты да абзал азаматы, ұлы перзенті деп бағалады. Өмірден озғанына біраз жыл болса да атын ұмытпады, атақ-абыройын төмендетпеді, – дейді шәкірт-інісі, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Көпжасар Нәрібаев.
Иә, адал төккен маңдай тер, тынымсыз кешкен бейнет, еліміздің жүгін қара нардай көтерген қайрат еленбей, ескерілмей қалған жоқ. Әділдік те жарық күн сияқты, нұрлы сәулені қолмен көлегейлеп тұра алмайсың.
«Қырсық шалса жолыңды,
Қысқартады қолыңды,
Іске аспай қалады,
Айтқан сөзің орынды», деп ол текке жырламады.
Ол қайта құру кезеңінің әділетсіз құрбанына айналса да, тағдыр тәлкегі текті тұлғаның сағын сындыра алмады, әділетсіздік қыран қанатын қырқуға қауқарсыз еді. Қолдан ұйымдастырылған жаладан құтылып, ақталып шыққаннан кейін де Асекең қол қусырып қарап отырған жоқ. Тынымсыз еңбек етіп, ұрпақ алдындағы азаматтық парызын көз жұмғанша атқарып кетті. Алдына ақыл сұрап келгендерге жол сілтеп, ағалық, абыздық қасиетінен айнымай, білген-түйгенін айтудан жалықпаған.
Еңбек зейнеткері Әшімқұл Ақпейілов көз көрген ретінде тұлғаның осы болмысына тәнті болғанын айтады.
– Мен Асанбай ағамен үш-төрт мәрте кездестім. Інілік ізет білдіріп, жөн сұрап алдына барғам. Үйінде де болдым. Сонда байқағаным, А.Асқарұлы қабілет қайнары, шығармашылық мүмкіндігі мол, қажуды, шаршап, шалдығу дегенді білмейтін қайратты кісі еді. Оның өзі ол кісінің тектілігінен, рухының мықтылығынан туындап жататын. Көрнекті мемлекет қайраткерінің шығармашыл тұлғасын кейінірек танып, білдік қой. Мен шежіре жазуды қолға алғанымда да, ақылын айтып, ұсақ-түйекті сөз қылмай, нақты мәліметтермен жазу керектігімді ескерткен еді. Шежіремнің алғашқы бөліктері «Қазақ батырлары» газеттерінде жарияланғанда Асанбай аға танысып, өз ойын білдірген еді, – дейді Ә.Ақпейілов.
Сондай-ақ, ол аға өсиеті арқылы көптеген қазақтың ірі тұлғаларына ескерткіштер орнатылып, кітаптар жарық көргенін де тілге тиек етті.
Халық перзенті, көзі тірісінде-ақ аңызға айналған асыл азамат тірі болғанда биыл тоқсан бес жасқа толар еді. Ерен еңбегінің арқасында Социалистік Еңбек Ері атанған ол елімізге ғана емес, кешегі бүкіл кеңес одағына танымал ірі тұлғалардың бірі болғандығы сөзсіз. Ұлтының ұлы, намыстың құлы бола білген барша алаштың ардақтысы атанған Асанбай Асқаровтың есімін ұмытпай, елі үшін еміреніп еткен өлшеусіз еңбегін елеп, ескеріп, құрметтеу – бүгінгі біздердің мерейлі міндетіміз. Сөз соңын ардақты ағаның елім деп соққан жүрегінен тулап шыққан бір шумақ өлеңмен аяқтағанды жөн көрдік.
«Туған жердің туы биік болсын деп,
Жері егінге, қыры малға толсын деп.
Еңбек еттім жанымды бір аямай,
Ел басына бақыт құсы қонсын деп».

* * *

Жанғазы АХМЕТ,
«Ақ жол».

Жуырда Ә.Ақпейілов «Асанбай аға өсиетімен» атты кітапша шығарды.

Меркі ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support