- Advertisement -

GGG – «Канело»

73

- Advertisement -

Головкиннің қарсыласы IBF ережесіне сай салмақ өлшеуге келісім берді

Отандасымыз Геннадий Головкин (37-0, 33 КО) мен мексикалық боксшы Сауль «Канело» Альварес (49-1-1, 34 КО) кездесуінің уақыты таяған сайын бокссүйер әлеуметтің тағаты таусылуға шақ. Әлемдік деңгейдегі айтулы жекпе-жек болғалы тұрған бұл қос мықтының шаршы алаңдағы кездесуін талайлар асыға күтуде. Олардың дайындықтары, жаттығулары туралы күнделікті мәлімет, мамандар тарапынан алдын ала жасалынып жатқан түрлі болжам-пікірлер де қарша борауда. Олардың қилы көзқарастарынан туған ойлары жанкүйерлердің санасын сан-саққа жүгіртіп, аталмыш бокс кешіне деген қызығушылықтарын одан әрі арттыра түсуде. Бір анығы, шын мықты сол күні шаршы алаңда анықталатындығы. Ең бастысы, біз ел болып отандасымыз Головкинге сенім артамыз әрі тілеуін тілейміз.
Соңғы мәліметтерге сүйенсек, 16 қыркүйек күні Лас-Вегастағы (АҚШ, Невада) «T-Mobile Arena» аренасында өтетін жекпе-жек күні «Канело» IBF ережесіне сай салмақ өлшеуге келісім берді. Бұл да өз кезегінде жұдырықтасудың тартысты өтуіне ықпал етері сөзсіз. «Канелоның» салмақ өлшеуге келісім бергені туралы Golden Boy Promotions промоутерлік компаниясының матчмейкері Роберт Гарсия айтты. Осылайша, алдағы жекпе-жекте «Канело» Головкинге тиесілі орта салмақтағы WBA (Super), IBF және IBO белбеулеріне таласатын болады. Бірақ Бүкіләлемдік бокс кеңесімен (WBC) болған жанжалдан кейін Альварес бұл ұйымның чемпиондық белбеуіне таласудан бас тартқан болатын.
Айта кету керек, IBF ережесі бойынша боксшылар жекпе-жек болатын күні таңертең тағы да салмақтарын өлшеу керек. Ережеге сай әр боксшының салмағы бекітілген салмақтан он фунт асып кетпеу керек. Еске салайық, Головкиннің бұған дейінгі қарсыласы, америкалық Дэниэл Джейкобс (32-2, 29 КО) салмақ өлшеуден бас тартып, IBF белбеуіне таласқан жоқ еді.

 Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support