- Advertisement -

Екі Мырзатай тумайды, Қаратауға ексең де

235

- Advertisement -

Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков жерлестерімен жүздесті

Мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ғалым, І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері, жерлесіміз Мырзатай Жолдасбековтің 80 жасқа толуына орай ұйымдастырылған шаралар легі жалғасуда. Бейсенбі күні ғалым өзі туып-өскен Талас ауданына табан тіреді.
Алаштың ардақты ұлын аудан шекарасынан Талас ауданының әкімі Болат Рысмендиев бастаған жерлестері зор ықылас, құрметпен қарсы алды. Таластықтар Мырзекеңмен бірге жүрген әйгілі композитор Илья Жақанов пен жазушы Болат Бодаубаевқа да шынайы ілтипат көрсетті.

IMG_7089 IMG_6149Мұнан соң қайраткер бастаған топ Қызыләуіт ауылдық округіне қарасты Ақтөбе елді мекенін бетке алды. Ақтөбе – мерейтой иесінің кіндік қаны тамған жері, туып-өскен ауылы. Мырзатай Жолдасбеков алдымен осындағы бастауыш мектепке барды. Балаң шағында өзі аунап-қунап өскен сайын дала топырағы оған ыстық. Ауылда туып, Алашқа танылған ардақты жанды мектеп оқушылары арнау өлеңдерін оқып, қошеметпен күтіп алды. Оқушы Абыл Дүйсенбек қайраткер атасының қолын алып, оқушылар атынан алғысын білдірді. Мырзекең ауылға бір келгенінде осы баланың атын өзі қойған екен. Бұл жолы мектеп партасындағы Абылға батасын берді.

Мұғалімдер бөлмесіне бас сұққанымызда, мерейтой иесі жайлы деректі фильмнен үзінді көрсетіліп жатты. Әсіресе, талантты ақын Нарша Қашағанұлының сөзіне жазылған «Рахмет саған, туған ел!» деген әнге Мырзекеңнің де көңілі бір сәт толқып кеткенін аңғардық. Бір кездері М.Жолдасбековтің талабын ұштаған қара шаңырақта қазір 15 бала білім алса, 5 мұғалім олардың білімін жетілдіруде. Мектеп күрделі жөндеуден өтіп, жайнап тұр.
Кейіннен Алаштың Мырзатайы ауылдың кіреберісіндегі қырға өзі салдырған Ақтөбе мешітіне қарай қадам басты. Бұл жерде қайраткерді жүздеген жерлестері асыға күтіп тұр екен. Дана Мырзекең әп-сәтте бала болып, жерлестерінің ыстық құшағына енді де кетті. Мешіт жанындағы кітапхананы аралап көрді. Осы жерде ауыл молдасы Қали Әбдірәсіл мерейтой иесіне өз әкесі пайдаланған ескі Құран кітапты сыйлады. Мұнан соң Мырзекең бастаған зиялы топ мешітке оң аяқтарымен кіріп, ауданның бас имамы Нұрсұлтан Әлиев оқыған Құранға ықыласпен қол жайды. Келесі сәтте Мырзатай Жолдасбеков жұрттың алдына шығып, толқыныспен сөз сөйледі.
– Қадірлі жерлестерім, барлықтарыңызды жақсы көрем. Барлықтарыңыздың елжіреген көңілдеріңізді көріп тұрмын. Осындайда біздің бала күніміздегі Әділбай нағашым, Телғара, Әбдірәсіл көкелерім, Іңкашай, Жібек жеңгелерім еске түседі. Әрине, ол қиындығы мол күндер еді. Міне, бүгінгі ұрпақ бақытты, шуақты күнге де жетті. Елбасының ерен еңбегі, даналығы халқымызды осындай нұрлы, бақуатты жағдайға жеткізді. Жастар осы күннің қадірін білсе деймін. Жақсылық бола берсін, – деді ол.
Бұдан кейін Мырзатай Жолдасбеков көпшілікке арнап ауызашар берді. Сауабы мол шарада Илья Жақанов, Болат Бодаубаев, облыстық мәслихат хатшысы Бағлан Қарашолақов, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Жандар Кәрібайұлы сөз сөйлеп, мерейтой иесінің адами, тұлғалық қасиеттеріне тоқталды. Ақын Үміт Битенова, жас ақын Абылай Телғараев өлең арнады. Мұнан соң Пернебек Оспанов бастаған таластық әншілер әннен шашу шашып, ауылдың алты ауызын шырқады. Содан кейін Мырзекеңе еріп келген Тұрар Әліпбай көпшілікті күй кереметімен баурап алса, Қырғыз елінен құттықтап келген жыршы Амантай Құрманалиев өз тілегін жырмен жеткізді. Қазақ дәстүрлі ән өнерінің дүлдүлдері Айгүл Елшібаева мен Эльмира Жаңабергенова ән мен термені шарықтата орындап, жиналған көпшіліктің ризашылығына бөленді.

* * *
Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында студенттермен кездескен Мырзатай Жолдасбеков жастарға тағылымды ойларын айтып, батасын берді. Мерейтой иесін институттың басшылығы, ғалымдары мен оқытушы құрамы және белсенді, өнерлі студенттері ауладан күтіп алып, гүл сыйлап, қошемет көрсетті. Қасиетті домбырадан күй төгіліп, мәртебелі меймандар әдемі әсерге бөленді. Институт ректоры Дария Қожамжарова оқу ордасының фойесінде әзірленген көрмемен құтты қонақтарды таныстырып, шолу жасады. Көрмеге М.Жолдасбековтің ғылыми еңбектері және кітаптары, тарихи естелік суреттері, институттың Ж.Баласағұн атындағы «Түркістан» өлкесінің тарихын зерттеу ғылыми орталығы әзірлеген кітаптар қойылған.
Бұдан соң үлкен залға лық толған студенттер мен ұстаздар қауымы мерейтой иесін тік тұрып қарсы алып, сахна төріне жайғастырды. Институт басшысы Дария Қожамжарова шараның ашылуында сөз сөйлеп, абыз ағаны құттықтады.
– Биыл ашылғанына елу жыл толып отырған қара шаңырақ – оқу ордамызда бүгін ерекше қуанышты күн, мерейлі сәт. Жерлесіміз, ғалым, қайраткер Мырзатай Жолдасбековтей ардақты ағамыз біздің оқу ордасына келіп, өзінің сексен жылдық мерейтойының қуанышын бөлісіп отыр. Туған жерге табан тіреп, тәу етіп келген қадамыңыз құтқа толы болсын, аға! Ананың ақ сүтімен, әкенің қанымен дарыған сіздің бойыңыздағы парасаттылық пен кісіліктің келбеті баршамызға үлгі. Сіздің жүріп өткен әрбір жолыңыз, бағындырған белесіңіз, алған асуларыңыз, қажыр-қайратыңыздан, елге деген сүйіспеншілігіңізден өмірге деген үлкен құштарлық, ғазиздық лебі есіп тұратындай.
Күні бүгінге дейін біздің институттан 37 мың шәкірт түлеп ұшса, олар еліміздің әр аймағында ұстаздық етіп келеді. Осындай қасиетті білім ордасының ұжымының атынан сізді мерейлі мерейтойыңызбен құттықтаймын, – деген Дария Пернешқызы оқу орнының елу жылдық мерейтойлық медалін М.Жолдасбековтің кеудесіне тағып, сый-сияпат жасады. Өз кезегінде Мырзатай аға да ағынан жарылып, өзінің өмір жолынан тағылымды әңгімелер айтып, институт ұстаздары мен студенттеріне алғыс білдіріп, ақ батасын берді. Өзінің қаламынан туған және өзі туралы жазылған жеті кітапты естелік ретінде табыстады. Мерейтой иесімен бірге ілесіп келген досы, белгілі композитор, жазушы Илья Жақанов, жазушы, журналист Болат Бодаубаев, «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры, журналист, публицист Мейрамбек Төлепберген сөз алып, тұлға туралы орамды ойларын ортаға салды. Илья Жақанов та, Мырзатай Жолдасбеков те қасиетті домбыраны қолға алып, өз әндерін орындап, күйлерін тартып берді.
Осыдан кейін мемлекет және қоғам қайраткерімен кездесу үшін өңірдің бір топ зиялы қауым өкілдері Жамбыл атындағы Руханият орталығына жиналды. Мұнда да Мырзағаны жиналған көпшілік салтанатты жағдайда қарсы алып, құрмет көрсетті. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, облыстық қазақ драма театрының актрисасы Нұрсифат Салықова, шәкірттері, ақын Қайырбек Асанов пен журналист, мұрағатшы Мақұлбек Рысдәулет сөз алып, ыстық ықыластарын жеткізді. Ақын Ғайни Әлімбекқызы арнау өлеңін тебіреніп оқып берді.

* * *
Осы күні түс ауа Тараз жұртшылығы облыстық қазақ драма театрына қарай ағылды. Онда «Атанғаным Мырзатай – ел арқасы» атты тұлғаның шығармашылығы мен тағылымды өмір жолынан сыр шертілген әдеби-сазды кеш өтті. Оны тараздықтармен бірге облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев та тамашалады.
Кешті белгілі айтыскер ақын Аманжол Әлтаев арнау айтып, жүргізіп отырды. Ол ғалымның өмірбаянына, еңбек жолына шолу жасап, шығармашылығы туралы кеңінен әңгімеледі.
Мырзатай ағаның анасы Қалдыкүл Рысқұлқызының «Әй-угай, армандамын Жаратқанға!» әнін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Сарина, «Бедел-ай, бөпем-ай!» әнін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Ардақ Балажанова әуелете шырқап, көпшіліктің қошеметіне бөленді.
Мерейтой иесінің «Толғау» күйін күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбаев күмбірлетіп тартып, көңілдерді тебірентті. Ал Мырза ағаға арнаған Тұрар Әліпбаевтың «Дүние шіркін», Кенен Әзірбаевтың «Мырзатайға» әндері де тыңдармандардың жүрегін елжіретті.
М.Жолдасбековтің «Шіркін, дәурен», «Тоты құс», «Қыз дәурен – Ақбота», «Сен болмасаң», «Бәйтерек», «Таразым» атты шығармаларын белгілі өнер жұлдыздары Нұрлан Өнербаев, Досымжан Таңатаров, Айгүл Елшібаева, Клара Төленбаева секілді әншілер нақышына келтіріп шырқап, жиналғандарды бір серпілтті. Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, айтыскер ақын Амантай Кутманалиевтың және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Елмұра Жаңабергенованың «Қайыспайтын қара нары қазақтың» атты арнаулары мен жыр-әндері қазақтың Мырзатайының мерейін, шын мәнінде асқақтатып тұрды. Күйші Аман Малдыбаевтың «Абыз-толғау» күйінің әсері, тіпті ерекше болды.
Әдеби-сазды кеш соңында сахнаға облыс әкімінің ықылас гүлі шығарылып, мерейтой иесі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, аса ірі түркітанушы, профессор Мырзатай Жолдасбеков сахнаға көтеріліп, барша тараздықтарға деген ақжарма ниетін жеткізіп, алғыс білдірді.

* * *
Мерейтой иесінің құрметіне арналып «Сәтті» мейрамханасында дастархан жайылды. Мұнда мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым Мырзатай Жолдасбековті облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев торқалы тойымен құттықтап, жылы лебізін білдірді. «Сізді ғалым, абыз азамат, ел ағасы ретінде күллі қазақ жұрты қадір тұтады. Сіз Жамбыл мен Кенен шығармашылығын кеңінен зерттеген көрнекті тұлғасыз. Кененнің өзі: «Екі Кенен тумайды, Алатауға ексең де», деп айтқан ғой. Мен сол сөзді сәл өзгертіп, «Екі Мырзатай тумайды, Қаратауға ексең де» дегім келеді. Сіздің өмір жолыңыз жастарға өнеге», – деген облыс әкімі 80 жастың сеңгіріне шыққан алаштың ардақты абыз ақсақалына жол талғамайтын автокөліктің кілтін тапсырып, иығына зерлі шапан жапты. Сондай-ақ, Мырзатай Жолдасбековпен бірге келген қазақтың белгілі композиторы Илья Жақанов пен жазушы Болат Бодаубаевқа ақшалай сый-сияпат жасады. Соңынан мерейтой иесі сөз алып, ортаға ардагер журналист Баттал Жаңабаевты шақырды. «Біз осы Баттал ағаларға қарап бой түзегенбіз, тәрбиесін көргенбіз, сондықтан бұл кісіні өзіме ұстаз санаймын», – деп ағынан жарылды. 80 жылдық мерейтойдың жоғары деңгейде өтуіне тікелей атсалысқан Кәрім Көкірекбаевқа шексіз ризашылығын білдірді.
Облыс әкімі ардагер-журналист Баттал Жаңабаевтың да иығына зерлі шапан жапты. Мерейтой соңы облыс өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Есет Досалы,
Жанғазы Ахмет,
«Ақ жол».

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support