- Advertisement -

татулықпен тұтасқан, әнің, күйің, өлеңің,Ең қымбат құндылық – бірлік

141

- Advertisement -

Ранохон Убайдуллаева,
облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы.

6dc0e2227b93e0c47c48616cb59dcc5c1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында елімізді мекен еткен сан алуан ұлт өкілдері Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында бас қосты. Олардың арасында Жамбыл жерінен барған 50 делегат та бар. Әр өңірдің сәлемдеме-аманатын арқалап келген өкілдер көкейкесті мәселелерді ортаға салып, келелі сұхбат құрды. Осы жиыннан көріп, көкейге түйгенім – көпұлтты халқымыз үшін мұндай ашық пікірлесу алаңы өте қажет екен.
«Жаңғырудың негізі – тұрақтылық, бірлік, келісім» тақырыбында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХV сессиясына Президент – Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі. Ассамблея мүшелері өз әлеуетін іске асыруға мүмкіндік беретін бірқатар жобаларға тоқталды. Солардың ішінде «Туған жер», «Қазақстанның 100 жаңа есімі», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобалары барша ұлт өкілдерін жақындастыра түсетін тың бастама екенін айта кеткен жөн.
Еліміздің жарқын болашағы – бірлік пен тұтастық идеясымен тығыз байланысты. Қазақстан халқы толеранттылықты ту еткен Президентіміз Н.Ә.Назарбаевпен бірге тарихи кезеңнің ең мазмұнды жолын жүріп өтті. Ішкі тұрақтылықты сақтаудың арқасында ел экономикасы қарышты дамып, халқымыздың еңсесі тіктелді. Елді бірлікке бастайтын реформалар жүргізіліп, қабылданған заңдар өз жемісін берді. Ұлт бірлігі жолында талай тындырымды тірліктер атқарылды. Соның бірі – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы.
Қазақстан халқы Ассамблеясы – бүгінде бірлік пен келісімнің киелі бесігі, тұтастық пен тұрақтылықтың құтты шаңырағы. Татулықты ту еткен халқымызды бір шаңырақ астына біріктіріп, ортақ мақсат-мүддеге жұмылдыра білген Ассамблея консультативті-кеңесші органнан күшті құқықтық негізге және қоғамдық-саяси мәртебеге ие конституциялық органға дейін өсті. Ел Президентінің басшылығымен мемлекет өміріндегі өзекті мәселелерді талқылап, ел мүддесі үшін келелі шешімдер қабылдайтын қуатты күшке айналды. Ассамблея сессияларында Қазақстанның ортақ құндылықтарын біріктірген «Ел бірлігі» доктринасы, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық актісінің қабылдануы – осы сөзіміздің дәлелі.
«Ел бірлігі» доктринасы халық бірлігін нығайтуға, демократияны, мәдениет пен өркениетті дамытуға бағытталған әлеуметтік-экономикалық, саяси шаралардың біртұтас жүйесін жасауға негіз болды. Ал «Мәңгілік Ел» актісі біз үшін ең қымбат құндылықтар – отбасымыздың амандығы, қонақжайлылық және еңбексүйгіштік, тұрақтылық, қауіпсіздік және бірлік, ертеңгі күнге деген сенім ұғымдарын біріктірумен ерекшеленді. Олар тәуелсіз елдің жеті тұғыры саналады, әрі қарай да барша қазақстандықтар осы құндылықтарды қастерлеп жүретініне сенімдімін.
Қоғамдық сананың ашық-тығын қалыптастыру үшін жастарымызға дұрыс тәрбие беруіміз керек. Ал саналы тәрбиенің бастауы қайда жатыр? Әрине, халқымыздың озық дәстүрлерінде. Кешегі Астана төріндегі басқосуда Елбасы қазақ жастарына ата-бабаларымыз секілді прагматик болуымыз керек екенін ескертті. «Болашақ қазақстандықтардың болмысы қандай?» деген сауалдың жауабын өз арман-тілегімен ұштастыра отырып жеткізді. Өскелең ұрпаққа берер тәлім-тәрбиені ең басты құндылықтар – жасампаздық, прагматизм, ұлттық бірегейлік, біліммен сабақтастыру қажет екенін атап көрсетті.
Кеше ғана Ұлт Көшбасшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында еліміз бәсекеге қабілетті әрі жауапкершілігі жоғары «Біртұтас Ұлт» болу қажеттігін атап, жаңа бағыт көрсетіп бергені мәлім. Тәуелсіз ел атанғалы ширек ғасырдан астам уақытта еліміз талай шыңдарды бағындырды. Бұған көп этносты Жамбыл жұртшылығының қосқан үлесі көп. Игілікті істердің өнегесін көрсетіп келе жатқан облыс тұрғындарының құрамын 12 үлкен этнос құрайды. 1992 жылдары облыста 9 – грек, өзбек, түрік, шешен-ингуш, кәріс, ұйғыр, неміс, украин және орыс этномәдени бірлестіктерінің өкілдіктері жұмыс атқарса, қазір өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясы шаңырағының астына біріккен 26 этномәдени бірлестік бар. Олар өз ұлтының мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтау және насихаттаумен шектелмей, бүгінде қоғамдық-саяси маңызы бар жұмыстарға да атсалысып жүр.
Ассамблеяның ХХV сессиясында Мемлекет басшысы екінші міндет ретінде азаматтық бірегейлікті нығайтып, бірлік пен келісімді қамтамасыз ету керек екенін ескертіп, бірқатар нақты тапсырма берді. Соның бірі – терроризмге қарсы іс-шаралар жоспарын әзірлеу.
– Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне облыс әкімдерімен бірлесіп, Ассамблеяның барлық деңгейдегі қоғамдық келісім кеңестерінің 2017-2018 жылдарға арналған, діни экстремизмге қарсы тұру жөніндегі жоспарын дайындауды тапсырамын. Сонымен қатар ҚХА қоғамдық келісім кеңестерінің жұмысын реттеп, олардың қызметтерінің нақты критерийлерін жасауы керек. Бұдан бөлек, Үкіметке қайырымдылықты дамыту, оның ашықтығын қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар енгізуді тапсырамын. Облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдері ҚХА жұмысының жаңа бағдарын – қоғамдық келісім кеңестері, қайырымдылық және медиация жұмыстарын күшейтуі қажет, – деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Алға қойған мақсатымыз айқын. Ол – болашағы біртұтас ұлт қалыптастыру. Ендігі міндет – елдің тұтастығын нығайту жолында жұмыла еңбек ету ғана. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар, ол – бірлік. Еліңді, жеріңді қорғау үшін бірлік қаншалықты керек болса, тәуелсіздігімізді нығайту үшін ауызбіршілік те сондай қажет. Міне, сонда ұлттарға достықтың мекені болған қазақ даласында болашағы біртұтас ел салтанат құратын болады.
Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support