- Advertisement -

Ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту – ұлттың ұлы ісі

613

- Advertisement -

облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың қатысуымен «Рухани жаңғыру – мемлекеттің тірегі, халықтың жігері» атты форум болып өтті

IMG_0009- IMG_0001Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы қоғамда үлкен рухани сілкініс туғызды. Санамызды серпілтті, болашағымызға бағдар түзіп берді. Қазіргі маңызды басқосуларда талқыға түскен басты тақырыпқа айналды. Мемлекет басшысының руханият мәселесіне қатысты белгілеп берген міндеттерді талқылау үшін жамбылдық зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік қызметшілер, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері және жастар М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің бас корпусындағы мәжіліс залына жиналды.
Болашақтың бағдарын көрсетіп берген рухани бағдарламаны талқылауға арналған «Рухани жаңғыру – мемлекеттің тірегі, халықтың жігері» атты өңірлік форумға облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қатысты.

Жалпы, осы басқосудың Тараз мемлекеттік университетінде өтуінің өзінде үлкен мән бар. Бұл – аға буынның иығына артылған міндет десек те, түпкі нәтижесі жастарға бағытталып отырғаны белгілі. «Ал жастардың бойында серпіліс болуы үшін сананың ашықтығы және білімге деген ұмтылыс, рухани жаңғыру керек», – дейді форумның модераторы, «Қазақстан» республикалық телерадио корпорациясы» АҚ-ның облыстық филиалының директоры Мейрамбек Төлепберген.

Өңір басшысының бұл форумды өткізуде оның маңызына басымдық бергенін осы басқосудың аудиториясынан да айқын аңғарылып тұрды. Кәрім Нәсбекұлы өз баяндамасында да осыған ерекше тоқталды. Еліміздің саяси-рухани өміріне тың серпін берген Елбасы бағдарламаларының мәнін түсіндіріп, осы бағытта облысымызда атқарылатын жұмыстардың жоспарымен таныстырды.
– Биыл Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев елімізді сапалы технологиялық даму деңгейіне шығаратын экономикалық жаңғыртуды ұсынды. Конституциялық реформалар арқылы саяси жаңғыру процесіне де кірісіп кеттік. Енді, міне, 12 сәуір күні егемен еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде тағы бір айтулы оқиға орын алды. Ұлт Көшбасшысы ұлтымыздың рухани жаңғыруын бастауды ұсынды. Еліміздің бас газетінде жарияланған Елбасының мақаласы – мемлекеттік және ұлттық идеологиямыздың сапалы дамуына тың серпін беріп отыр.
Еліміз тәуелсіздік алған жылдардың алғашқы сәттерінен бастап Елбасы – саналы қоғам орнатуды, оның басты қағидаттарына ұлттық құндылықтарымыз негіз болатынын шаршамай, талмай үздіксіз айтып келеді. Рухани өрлеу біздің қоғамға аса қажет және біздің дамуымыздың ең басты тұғырларының бірі. Өйткені, барлық дүние сана-сезімнен бастау алады. Бұл – мазмұны терең тарихи мақала.Ұлт руханиятын өркениет биігіне шығаратын үлкен бағдарламалық құжат, – дей келе Кәрім Көкірекбаев Мемлекет басшысының сындарлы саясаты арқасында Тәуелсіздіктің 25 жылында елімізде ғасырларға пара-пар тірліктер атқарылғанын, соның арқасында өндіріс өркендеп, ауыл шаруашылығы қарқынды дамығанын, бүгінде ел экономикасының локомотивіне айналған шағын және орта бизнес кең қанат жайғанын атап көрсетті.
Жалпы, рухани жаңару – түптеп келгенде, «Мәңгілік Ел» идеясының жалғасы деуге болады. Ол «Мәдени мұра», «Халық – тарих толқынында» бағдарламаларының пісіп-жетіліп, түйсігімізді түбегейлі түлетіп, қазақстандық баянды болашаққа ұлт ретінде ұлықтап жеткізетін ұстаным екенін айтады облыс әкімі. «Бір ғана мысал, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында облысымызда жүздеген клуб пен мәдениет үйлері, кітапханалар мен мұражайлар күрделі жөндеуден өткізіліп, халық игілігіне пайдалануға берілді. Ал «Халық – тарих толқынында» бағдарламасы шеңберінде өткен тарихымыздың ұлы жолдары мен Алаш арыстарының елі мен ұлтына сіңірген еңбектерін паш еткен кітаптар мен ғылыми еңбектер, деректі және көркем фильмдер түсірілді. Осы жоба аясында елімізде Қазақ хандығының 550 жылдық торқалы тойы ұйымдастырылды. Елбасының қатысуымен бұл ұлттық маңызды салтанатты шара 2000 жылдан астам тарихы бар Тараз топырағында өтіп, Әулиеата жерінен Керей мен Жәнібектің тұлғасы биік ескерткіші бой көтерді. Елбасы рухани жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодыңды сақтай білуде екенін атап көрсетті. Қазақ хандығының 550 жылдығы – тарихымызда ұлттық код», – деді Кәрім Нәсбекұлы.
Ұлттық кодтың тарихи жадымызды жаңғыртуға тигізген тікелей рөлі зор. Дегенмен біз дәуірдің сұранымдарына сай келе қоймайтын тұстарды мүлде ысырып тастап, сананың түрлі полюстерімен үйлесімге лайық жаңа құндылықтармен жалғастыруымыз керек. Дүниеде өзгермейтін ешнәрсе жоқ. Десек те атадан балаға қанмен тараған ұлттық салт-дәстүрдің келер күндерде де негізгі діңі сақталып қала береді. Рухани жаңару арқылы қоғамдық сананы қалыптастыруға негізделген Ұлт Көшбасшысының мақаласындағы ұлттық сананы қалыптастыру туралы ойларын облыс әкімі осылай өрбітті.
– Үш тарау, алты бөлімнен тұратын рухани жаңғыруда Елбасы ұлттық сана мен ұшқыр ой, білім мен бәсеке, прагматизм мен ұлттық бірегейлікті сақтау қағидаттарын көрсеткен. Президент ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен тілімізді, өнеріміз бен әдебиетіміз сынды ұлттық рухтарымыздың бойымызда мәңгі сақталуына ерекше басымдық беріп отыр. Барша қоғамды ұлт ұстазы Абайдың даналығы мен Әуезовтің ғұламалығына, Жамбылдың жайсаң жырлары мен Құрманғазының күйлеріне әрқашан да Ұлы Дала Елінің аса жоғары құндылықтары ретінде қарауға шақырған. Өйткені, рухани жаңғыру мен қоғамдық сананы қалыптастырудың негізгі өзегі – ұлттық әдебиетіміз бен мәдениетімізде жатыр. Сондықтан жастарға ұлттық әдебиетіміздің төл туындыларын оқу керектігіне баса назар аударамын. Ұлттық мәдениетімізді тану үшін – театрларда қойылып жүрген спектакльдерден қол үзбеуге шақырамын.
Елбасының айрықша ескерткені – әркімнің ұлттық даму үлгісін бәріне ортақ, әмбебап үлгіге алмастыру дегеннің түбірімен қате екендігі. «Әлемде іс жүзінде әрбір өңір мен әрбір мемлекет өзінің дербес даму үлгісін қалыптастыру керек», – деді Президент. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен рухани түрлі құндылықтарымыз мәңгі қанымызда қалуы тиіс. Қазақтың қаншама атадан асып туған арыстары осыны көксеп өтті. Осы орайда, аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлын еске түсірейік. Отан соғысының оқ бораған окопында сәт сайын ажалмен бетпе-бет келіп жатып, Қазақ КСР-ның басшылығына қазақ тілінің тағдыры туралы қабырғасы қайысып хат жазды. Халық жазушысы, қазақтың аса көрнекті қариясы Шерхан Мұртаза ағамыз ұлттық құндылықтарымыздың құрдымға кетіп қалмауына жан салды. Ар жағында қазақтың қамын жеген Тұрар Рысқұлов тұр. Ол қазақтың бар ұлттық құндылығын аман сақтау үшін, алдымен оның өзін аман сақтауды білген біртуар. Ал рухани мәдениетіміздің ғажайып тұлғасы – ұлы даланың ұлы жырауы Жамбыл бабамыздың кіндік қаны өзіміздің Хантауға тамған жоқ па?! Жетісу әншілік мектебін қалыптастырған, Қаратау мен Алатау, Атырау мен Алтай арасында әндері асқақтаған, ұлы композитор Кенен Әзірбаев кең-байтақ қазақ даласының төрт құбыласына қарай, қуалай соғып, тербетіп тұратын Қордайымыздың қоңыр желі емес пе?! Рухани жаңғыруға негіз – біздің өңір тарихында ежелден бар өнеге, – деді өңір басшысы.
Кәрім Нәсбекұлы бағдарламалық мақаладағы басымдықтарды атап өтіп, үш тілді саясатқа айрықша тоқталды. Үш тілді оқытудың жайын тілге тиек етті. Латын әліпбиіне көшу мәселесі де тыс қалған жоқ. «Жалпы, латын әліпбиіне өтуден сескенудің керегі жоқ. Жастарымыз ағылшын және неміс тілдерін үйренуде, сондықтан латын әріптері оларға жақсы таныс. Сондықтан, лингвист ғалымдар оларға латын әріптерін тез үйренуге толық мүмкіндік бар екенін айтып отыр. Елбасы 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдауды, көшірудің нақты кестесін жасауды тапсырды. Ал 2018 жылдан бастап, жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кіріскен дұрыс деп атап өтті. «Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес», – деді Президент. Бұл реформаға ең бірінші біздің мектептеріміз бен жоғары оқу орындары дайын болуы керек. Сондықтан, жоспарлы түрде біз бүгіннен бастап халықты даярлауға, түсіндіру жұмыстарын жүргізуіміз қажет», – деді облыс әкімі.
Өңір басшысы Елбасының
«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы» туралы да, «Туған жер, Туған ел» бағдарламасымен бірге қазақ жерінің тарихи-туристік белдеулерін түзу бастамаларына қатысты ой-пікірін де ортаға салды. «Елбасы мақаласында «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын іске асырудың нақты жолдары айқындалған. Жалпы, қазақтың мәдениеті де, руханияты да өте бай. Көне шаһарлар, кесенелер, қорғандар, ескерткіштер мен жәдігерлер жетіп артылады. Қазақстан аймақтарының ішінде Жамбыл облысының туристік әлеуеті ең зор өңірлердің бірі. Тараздың 2000 жылдық тарихы, ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізбесіне енген Ақтөбе (Баласағұн), Құлан, Өрнек, Ақыртас және Қостөбе (Жамукат) қалашықтары, Көне Тараз ашық аспан астындағы музей, 3000-нан астам тарихи жәдігерлеріміз – мұның бәрі біздің байлығымыз.Туған елге, жерге деген сүйіспеншілікті арттыру бағытындағы жұмыс ең бірінші, бұл – білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуден басталуы тиіс», – дей келе, туған жеріне көмек қолын созған азаматтарды қолдап-құрметтеуге шақырды.
Кез келген мемлекеттің табысы – табысты адамдарының еңбегімен өлшенеді. Облыс әкімі тәуелсіздік жылдарында өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен озып шыққан жамбылдықтардың көп екенін айтып, Жамбыл жерінде еңбегімен елге танылған жерлестеріміз – Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев, Қазақстанның Еңбек Ерлері Аягүл Миразова, Мұқаш Ескендіровтің есімдерін мақтанышпен атап өтті. Мемлекет басшысы есімдерін елге таныту мақсатында ұсынған «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасынан ерекше аталатын тұлғалардың қатарында жамбылдықтар да аз болмайды деп сенім білдірді.
Бұдан соң М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметғали Сарыбеков сөз алып, Елбасы мақаласының ғылыми негіздері жайлы баяндады. Ол өз сөзін бұған дейін елімізде бірнеше ғылыми бағдарламалар орындалып, жемісін бергенін тілге тиек етуден бастады. Атап айтар болсақ, Елбасымыз осыдан 14 жыл бұрын, яғни 2003 жылы сәуірде Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында арнайы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырған болатын. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы қазіргі Қазақстанның әлемдік өркендеуінің дәлелі бола білді. Бұл бойынша көптеген тарихи ескерткіштер зерттеліп, жаңғыртылды. Ал «Халық тарих толқынында» бағдарламасы арқылы Қазақстанның тарих ғылымының алдыңғы қатарлы әдіснама мен әдістеме арқауында сапалық секірісті жүзеге асыруына жағдай жасалып, нәтижелі жұмыстар қолға алынған. Аталмыш бағдарлама қазақтардың ұлттық тарихының көкжиегін кеңейту, ұлттың жаңа тарихи дүниетанымын қалыптастыруға бағытталды. Осыларды негізге ала сөйлеген баяндамашы «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясы аясындағы жаңа бағдарлама жөнінде де тоқталып өтті.
– Қазіргі уақытта қаралып жатқан «Мәңгілік ел гуманитарлық платформасы» бағдарламасы іргелі, ауқымды ғылыми бағдарлама болады деп күтілуде. 2017-2019 жылдарға арналған жобаға мемлекет бюджетінен 3 миллиард теңге қаражат бөлу жоспарланған. Өткен жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы біртұтас ұлт» атты XXIV сессиясында «Мәңгілік Ел» патриоттық актісі қабылданды. Осы патриоттық актіні Елбасы Үкіметке Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірге кеңінен насихаттау мен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырған-ды. Сол тапсырма аясында аталмыш бағдарлама қабылданды. Елбасы мақаласында берілген жобалардың бірқатары «Мәңгілік ел гуманитарлық платформасы» бағдарламасынан негіз алып отыр деп ойлаймын, – деген Махметғали Нұрғалиұлы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғырудағы» жобалар бойынша мемлекеттік органдар жуырда конкурстар жариялайтынын, оған облыстағы ғылыми потенциалы жоғары үш университеттің белсенді атсалысуға дайын екенін жеткізді.
«Рухани жаңғыру – Тәуелсіз Қазақстанның тарихи ұстанымы» тақырыбында баяндама жасаған Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Дария Қожамжарова ұлттық сананың қалыптасуы төңірегінде келелі ойларын ортаға салды.
– Бүгін біз егемен еліміздің, қасиетті Отанымыздың XXI ғасырдағы рухани даму жолын жан-жақты терең талдап көрсеткен Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты стратегиялық маңызы бар мақаласын талқылау үшін жиналып отырмыз. Көреген Көшбасшымыз өз мақаласында біртұтас ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертуіміз қажеттігі туралы сүбелі ойларын ортаға салып отыр. Мақала өзегі биылғы Жолдауда жарияланған Қазақстанның үшінші жаңғыруы идеясымен сабақтас екендігін аңғару қиын емес. Қазір елімізде саяси реформа мен экономикалық жаңғыру процестері қатар жүргізіліп отыр. Бұл қос процестің негізі – Қазақстанды әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосу. Ал аталған реформаларды ойдағыдай жүзеге асыру үшін алдымен рухани жаңғыруды бастан кешуіміз қажет, – деді Дария Пернешқызы.
Сонымен қатар баяндамашы адамзат баласының тарихын көктей шолып қарайтын болсақ, оның тағдыры екі нұсқада қалыптасатынын айтты. Оның бірі – табиғи-ырғақты даму аясында жетілу, бәсекеге қабілеттілігін шыңдау, әлемдік өркениетке өз болмыс-бітімімен кірігу. Екіншісі – жат қолына тәуелділікке түсу, дәстүрлі құндылықтарынан, мәдениетінен, ұлттық санадан ажырап, өзіндік «менінен» айырылу. Қазақ халқы осы екі жолды да бастан кешірді. XV ғасырдың екінші жартысында дербес мемлекетін құрған бабаларымыз елдің аумағын кеңейтті, аз халықтың көбеюіне қол жеткізген болса, XVIII ғасырдың басында «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаға» ұшырап, амалсыздан бодан елге айналып кете барды. Міне, осындай тарих өткелдерінен өтіп, бүгінде тәуелсіз ел атанып отырған Қазақстанның нұрлы болашаққа қарай қарыштап қадам басуын әлем мойындап отыр. Осы орайда Елбасының рухани жаңғырудың бағдарламасын ұсынуы уақыт талабынан туындап отырғанын айтқан Дария Қожамжарова мақаладағы аса маңызды жайт – таяу жылдары қазақ әліпбиінің латын қарпіне көшетіндігі туралы орамды ойын білдірді. «Қазақ қарпі өз дамуында бірнеше дүркін өзгеріске ұшырағаны белгілі. Ата-бабаларымыз сақ, үйсін, қаңлы, ғұн, дәуірлерінен бері-ақ өз жазуы, өз қарпі бар өркениетті ел болатын. Ал VI-VII ғасырларда «Орхон-Енисей жазулары» деген атаумен танылған көне түркілердің руникалық жазуы пайда болып, қолданылды. Халқымыз Ислам дінін қабылдаған соң X ғасырдан бастап Қазақстан аумағында араб әліпбиі пайдаланылды. 1929 жылғы 7 тамызда КСРО Орталық Атқару Комитеті мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі латын қарпіне негізделген жаңа әліпби – «Біртұтас түркі алфавитін» енгізу туралы қаулы қабылдады. Латын әліпбиі 1940 жылға дейін қолданылып, кейін кириллицаға ауыстырылды. 2012 жылғы желтоқсан айында қабылданған «Қазақстан – 2050» Стратегиясында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшу керектігі мәлімделген», – деген ол әлемнің басым бөлігі қолданып отырған латын қарпіне көшу уақыт талабы екенін жеткізді.
Жазушы, драматург Елен Әлімжан рухани жаңғыру жолында теріс дағдыдан арылу – алғашқы әрекеттеріміздің бірі болу керектігін ашып айтты.
– Біз аға буын өкілдері үлкен тарихи оқиғалардың куәгері атандық деп ойлаймын. КСРО деген алып империяның құлағанын көзбен көрдік. Қазақстан секілді жас мемлекеттің бұғанасы бекіп, дербес ел ретінде іргесі қаланып, қалыптасып, дамудың даңғыл жолына түскендігінің куәгері болып қана қоймай, азды-көпті соған үлес қосып, атсалысып келеміз. Елбасымыз біздің алдымызға жасампаздық міндетін қойып жүр. Осы жасампаздық арқылы көптеген жетістіктерге жете бастадық.
Рухани жаңғыру – бізге тың серпіліс сыйлайды. Ол үшін біз бойымыздағы жаман қасиеттерден арылуға тиіспіз. Кертартпа қасиеттерімізді тастап, еңбеккештік, адамгершілік секілді жақсы қасиеттерімізді ояту керек. Біздің бойымызда сан ғасырдан бері жойылмай келе жатқан кісілік болмысымыз бар. Ол ұлттық кодымыздың негізінен бастау алады. «Еңкейгенге – еңкейген, шалқайғанға – шалқайған» бауырмал, мейірбан, қамқор елміз. Осы қасиетіміздің арқасында сан сынақтан аман-есен өтіп, бүгінге дейінгі екі жаңғыруды да сәтті еңсере алдық. Елбасы рухани жаңғырудағы ұлттық сананың рөліне баса назар аударып, бірнеше міндеттерді айқындап берді. «Жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерімізді қайта түлетуіміз керек» деп ұлттың терең тарихынан бастау алатын рухани ұстынды сақтап қалу керектігін де ерекше атап өтті, – деді Е.Әлімжан.
Облыстық қазақ драма театрында ұзақ жылдардан бері шығармашылықпен еңбек етіп жүрген Қазақстанның халық әртісі Мәкен Рақымжанова Елбасы мақаласын қолдап, қуаттайтынын білдіріп, өнер мен мәдениеттің дамуына ерекше екпін беріліп отырғанына зор мақтанышпен тоқталды. «Рухани өрлеу, рухани жаңғыруды біздің дамуымыздың ең басты тұғырларының бірі деп есептеймін. Шынында бүгінгі таңда біздің халқымыз үшін ежелден келе жатқан салтымыз бен дәстүріміз, мәдениетіміз – біздің ұлттық кодымыз», – деген ол мәдениетімізді дамытып, өнерімізді өркендету жолында баршаның аянбау керектігін алға тартты. Ал М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың 1-курс студенті Сағи Алтынкөп өзінің төрт тіл білетінін айтып, білім мен ғылым жолында зор жетістіктерге жету үшін жастарды көп тілді меңгеруге шақырды.

Ардақ ҮСЕЙІНОВА,
Жанғазы АХМЕТ,
«Ақ жол».

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support