- Advertisement -

Тасымал жеделдеп, жүк көлемі ұлғаяды

110

- Advertisement -

Ұшса – қыран құстың қанаты талатын, шапса тұлпар тұяғы тозатын ұлан-байтақ жеріміздің төсін торлаған болат жолдар – экономиканың күретамыры. «Түрксіб» темір жол магистралі бойында жүздеген темір жол вокзалдары, стансалар, бөлімшелер бар. Аталмыш магистраль құрамында 1924 жылы құрылған «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ филиалы – ЖТ Жамбыл жол бөлімшесі де ел экономикасын еселеуге елеулі үлес қосып келеді. ЖТ Жамбыл жол бөлімшесі мен оның құрылымдық бөлімшелерінде 12000 адам жұмыс істейді. Олар негізінен пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етумен айналысады.
Филиал «Мойынты-Шу-Отар», «Шу-Жамбыл-Түлкібас», «Жамбыл-Жаңатас» стансаларын қамтитын 1200 шақырым болат жолға қызмет көрсетеді. Қарағанды, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарының темір жол бөлімшелерімен, қырғыз елімен шектеседі. «Мойынты-Түлкібас» пен «Шу-Отар» учаскелері электрлі тартынмен, ал «Жамбыл-Жаңатас» учаскесі тепловозды тартынмен жабдықталған. Бүгінгі күні «Мойынты-Шу» телімі бойынша ауыр салмақты пойыздарды өткізу үшін KZ8A сериялы қуатты локомотивтері пайдаланылады.

Өткен жылы жүк тиеу жоспары 104 пайызға орындалған. 106382 вагоннан жүк түсірілген. Жүк тасымалдау қызметінен 16 961 389 619 теңге табыс түсіп отыр.
«Қазақстан темір жол» ҰК» АҚ Шығыс пен Батыстың арасындағы алтын көпірге айналған. Бұл болат жол арқылы шетелдік компаниялар пойыздары Азиямен екі ортада дамылсыз қатынайды. Жүктер Жапониядан, оңтүстік-шығыс Азия елдерінен Батыс Еуропа мен Орта Азия мемлекеттеріне жөнелтіледі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша осынау болат жол бойымен 704 контейнерлі пойыз, соның ішінде транзиттік 679 пойыз жүріп өтіпті. Олардың бағыттық жылдамдығы тәулігіне 1144 шақырымды құраған.
Өңірлерде өндіріс өркендеген сайын жүк тасымалы ісі ширауда. Мәселен, Мыңарал стансасындағы «Жамбыл цемент өндіру компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, Хантау стансасындағы «АСІG» акционерлік қоғамы, Жаңатастағы «ЕвроХим» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмыстарын жандандырғалы бері жүк тиеу мен түсіру көлемі едәуір артқан.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстандықтар салатын жаңа магистральдар біздің экономикамыз бен қоғамымызды жаңартады. Олар еліміздің барлық түкпірлерін орталықпен берік байланыстырады. Жүк тасымалы жеделдейді және ұлғаяды. Ел арқылы транзит көлемі артады», – деген болатын. Осы орайда, «Шу-Алматы-1» бағытында екінші жолдың құрылысын айрықша сөз етуге болады. ЖТ Жамбыл жол бөлімшесі директорының бірінші орынбасары Үмітбек Рысбековтің айтуынша, оның құрылысы аяқталысымен, тасымалдау әлеуеті 3,2 есеге немесе 22 миллион тоннадан 80 миллион тоннаға артатын болады. «Бірінші кезең бойынша біздің бөлімшеге тиесілі 24 шақырым іске қосылды. Құрылыстың екінші кезеңі биыл аяқталуы тиіс. Қордай стансасында алғашқы ойым басталды. Қалғандары күн райының жылуын күтіп тұр. Қазір құм, тас төсемелері 90 пайызға аяқталып отыр. Күн жылыса рельстер қойыла бастайды. Қазір тәулігіне 15-25 пойызға дейін қатынап жүр, ал жаңа жол төсемесі пайдалануға берілген соң, оның өткізу қабілеті 75-80 пойызға дейін ұлғаяды», – дейді ол.

Қарлығаш Есбергенова,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support