- Advertisement -

Су – тілсіз жау

137

- Advertisement -

Облыста шомылу маусымы басталмай жатып 6 адам суға батып кетті

Биыл шомылу маусымы басталмай жатып, облысымызда алты адам суға батып кетті. Оның төртеуі кәмелетке толмаған балалар. Бұған алаңдаушылық білдірген облыстық прокуратура шұғыл жиын өткізді. Оған аудан әкімдерінің орынбасарлары, облыс әкімдігінің білім басқармасының, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының, облыстық ІІД, төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері қатысты.

Тілсіз жаудың құрсауында қалудың негізгі себебі, қарапайым суға түсу ережелерін білмеудің салдарынан болып отыр. Көбіне суда жүзе алмау, қауіпті су аймақтарында және құтқару қызметі жоқ орындарда, мас күйінде шомылудың соңы бақытсыз жағдайларға әкеліп соқтырады. Мәселен, өткен маусымда Жамбыл ауданындағы Жұма стансасына жақын маңдағы «Ай так» Тастөбе ауылының тұрғыны мас күйінде суға түсіп, батып кеткен. Жасөркен ауылының бір тұрғыны да осындай күйде Талас өзеніне құрбан болған.
Облыс прокурорының аға көмекшісі Асқар Дастан прокурорлық ықпал етудің нәтижесінде облыстық мәслихат облыстың су айдындарында суға түсудің жалпы ережесін бекітсе де, ішкі істер органдары тарапынан ешқандай шаралар атқарылмай отырғандығын айтты. Оның дәлелі, суда түсу ережелері бойынша қозғалған әкімшілік істердің статистикасынан-ақ көрініп тұр. Мәселен, 2013-2014 жылдар аралығында ішкі істер органы тарапынан әкімшілік құқықбұзушылық бойынша бір ғана іс қозғалған. Сонымен қатар, бекітілмеген су нысандарына күні бүгінге дейін, ескерту және қауіп белгілері орнатылмай отыр. Облыс прокурорының орынбасары Айдос Майлыбаев облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Әбдіжәміл Пірімқұловтың осы мәселе төңірегінде атқарылған жұмыстар туралы есебіне көңілі толмай, ескерту белгілері жазылған тақталарды уақытша болса да, қолдан жасап жедел түрде ілу қажеттігін ескертті. «Жиналыс – жиналу үшін емес, нәтиже шығару үшін. Жиналыстың қорытындысы қағаз жүзінде қалып кетпесін. Балалар суға кетіп жатқанда, не деген жайбарақаттық?», – деді Айдос Майлыбаев.
Облыстық ТЖД Суда құтқару қызметінің бастығы Марат Нұржанов суға кету оқиғасы ең көп орын алатын Шу өзенінде қауіпті аймақтар көптігін айтып, ол жерден ерікті адамдардан қоғамдық құтқарушылар тобын жасақтап, құтқару посттарын ашу қажеттігін көтерді. Өткен жылы суға кетіп бара жатқан жерінен құтқарылған 37 адамның сегізін Талас өзенінің бойындағы осындай қоғамдық құтқарушылар аман алып қалған. Сондықтан, ұсыныс өте орынды. Мұны жұмыссыз жүргендерді маусымдық жұмыспен қамту арқылы шешуге болады. Көкейге қонымды ұсынысты аудан әкімінің орынбасарлары да қолдады. Жалпы, шомылу маусымында адам өлімін болдырмау үшін әр мемлекеттік орган өз құзыреттері шеңберінде қолдан келген шаралардың барлығын бірлесе атқарулары қажет.

Шынар САҒИЕВА,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support