- Advertisement -

Ақпараттандыру – сапалы білімге бастар жол

186

- Advertisement -

Сағадат Бесінбаев,
облыстық білім басқармасының білім берудің бірыңғай ақпараттық жүйесі орталығының директоры.

25 жылдың ішінде көп нәрсе өзгерді. Мемлекетіміздің қазіргі жағдайын сонау тоқсаныншы жылдардағы кезеңмен салыстыруға да келмейді. Тәуелсіздікті ту еткен, бірлігі мығым еліміз әрқашан ішкі ауызбіршілікті сақтауға ұмтылды. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясатының және елдегі тыныштықтың арқасында, Қазақстан азаматтарының ел экономикасын арттыруға еселеп үлес қосуының нәтижесінде халықтың әл-ауқаты жақсарды. Бұл – әрдайым әлеуметтік мәселелерге басымдық беретін мемлекеттік саясаттың жемісі.
Мемлекет 25 жылдың бедерінде әлеуметтік мәселелердің түбегейлі шешімін табуға ұмтылды. Ауылды жерлердегі апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептердің саны азайып, балабақшалар ашылды. Жаңа білім ошақтары көбейді. Көпшілігі қайта жаңғыртылды. Барлығы дерлік компьютерлендірілді.
Жалпы, мектептерді компьютерлендіру арнайы бағдарлама аясында жүргізілуде. Алғаш «Қазақстан Республикасы орта бiлiм беру жүйесiн ақпараттандыру жөнiндегi» мемлекеттiк бағдарламасы Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1997 жылғы 22 қыркүйектегi Өкiмiмен бекітілген болатын. Бағдарлама 1997-2002 жылдарға арналған еді.
Өңірімізде 1997 жылы алғашқы 7 білім мекемесі Азия даму банкі есебінен компьютерлік техникамен қамтамасыз етілді. Сол жылы бір компьютерге келетін оқушылар көрсеткіші 1985-ті құраған. Ол кезде интернет желісіне қосылған мектеп саны екеу ғана. Жылдамдығы 32-64 килобит/секунд еді. 2002 жылдың соңына республикалық және жергілікті бюджет есебінен білім мекемелері әртүрлі конфигурациядағы компьютерлік сыныптармен толығымен жабдықталып, бір компьютерге келетін оқушылар көрсеткіші 83-ке төмендеген. Білім мекемелерін компьютерлендірумен қатар интернет желісіне қосу жұмыстары жүргізіліп, интернетке қосылған білім мекемелерінің саны 48-ге жеткен.
Білім мекемелерін толығымен интернет желісіне қосу, білім берудің барлық деңгейінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды енгізу арқылы қазақстандық білімнің сапасын арттыру көзделді. Сондықтан, 2001 жылдан бастап Білім және ғылым министрлігінің тапсырысымен 5 пән бойынша, 2002 жылы 7 пән бойынша электрондық оқулықтар және 10-11-сыныптарға арналған электрондық мультимедиалық бағдарламалар қазақ, орыс тілдерінде дайындалып, білім мекемелеріне таратылды.
Мектептердегі тозығы жеткен және моральдық ескірген компьютерлік техникалар есептен шығарылып, жылда жаңартылып отырады. Бүгінде облысымыздың 449 мектебі 18756 дана компьютермен жабдықталған. 1 компьютерге 10 оқушыдан келеді. Интернет желісіне толығымен қосылған (оның ішінде 128 килобит/сек – 10 мегабит/сек жылдамдықтағы интернетке қосылғаны – 436 мектеп).137 мектеп интерактивті құрылғылармен қамтамасыз етілген. Соның арқасында осы білім ошақтары арасында онлайн тәсілінде озық сабақтар өткізіліп, конференциялар, семинарлар ұйымдастырылып тұрады.
Білім беру процесінің барлық қатысушыларының үздік білім беру ресурстары мен технологиялары қолжетімді болуы үшін «2011-2020 жылдарға арналған білім беруді дамытудың» мемлекеттік бағдарламасында электронды оқыту жобасы енгізілетіні көрсетілген. Бағдарламада бұл жүйе білім мекемелерінің 2015 жылы 50 пайызына, 2020 жылға қарай 90 пайызына енгізіледі деп көрсетілген. Бүгінде облысымыздың 73 мектебі және 3 колледжі электрондық оқыту жобасына енгізіліп, әрбір мұғалім және оқытушы электрондық күнделік пен журналдармен жұмыс жүргізуді меңгеріп, әрбір оқушының үлгерімін қадағалауға мүмкіндік алды. Цифрлық технологиялардың заманауи құралдарын оқу процесінде қолдануда білім сапасын арттыруға мүмкіндік артады деп күтілуде.
Бүгінде Білім және ғылым министрлігінің білім порталында 14500-ден аса сандық білім беру ресурстары (электрондық оқулықтар) орналастырылған. Ол барлық білім мекемелеріне және ата-аналарға қолжетімді. Кез-келген ұстаз оны оқыту процесінде пайдалана алады. Бірақ, бұл өз кезегінде ақпараттық ресурстарды пайдалануда білім мекемелерінің инфрақұрылымын дамыту (жоғары жылдамдықты интернет, локальді-есептеуіш желі, мектеп сервері, компьютерлік паркті жаңарту), ақпараттық технологиялар мен жаңа әдістемелер арқылы жұмыс істейтін білім беру жүйесін қалыптастыру қажеттілігін туындатуда.
Қазіргі таңда жоғары жылдамдықты интернеттің мектептер үшін маңызы арта түскен. Білім саласының маңызды тірегіне айналуда. Сондықтан, алдағы уақытта барлық білім мекемелерін талшықты оптика және басқа технологиялар арқылы 4-10 мегабит/секунд және одан да жоғары жылдамдықтағы кең арналы интернет желісіне қосу көзделген.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support