- Advertisement -

Халықпен кеңесе отырып шешетін іс

103

- Advertisement -

Күні кеше ғана Астана қаласында өткен жер реформасы жөніндегі комиссияның алғашқы отырысында көп мәселе қозғалды. Онда комиссияның Жер кодексінің қоғамдық резонанс туғызған баптарын мұқият сараптауы тиістігі басты әңгіме арқауы болды. Елбасымыз бұл ретте «Туындап отырған мəселелерді талқылау жəне шешу үшін осы мəселелердің барлығына жаңа үнқатысу тетіктерін – Қоғамдық кеңестерді белсенді түрде қатыстыру керек» деп атап көрсеткені белгілі.

Осыған байланысты облыстық қоғамдық кеңес мүшелерінің, облыстық мәслихат депутаттарының жер, медициналық сақтандыру, мектеп реформаларына қатысты мәселелер бойынша аудан, қала тұрғындарымен кездесулері өткізілуде. Облысымызда құрылған қоғамдық кеңес мүшелерінің Жер кодексіне енгізілуі көзделген өзгерістерді халыққа кеңінен талдап, түсіндіру мақсатындағы алғашқы жиыны Байзақ ауданынан бастау алды.

Аудандық әкімдіктің мәжіліс залында өткен жиында аудан әкімі Мұратхан Шөкеев

халқымыздың басты байлығы – жерді барынша тиімді пайдалану қашанда күн тәртібінен түспегендігін айта келіп, басқосудың мән-маңызы мен мақсатына да тоқталып өтті.

Жиынды Қоғамдық кеңестің төрағасы Жандар Кәрібаев жүргізіп отырды. Ол Қоғамдық кеңестің облыстың тыныс-тіршілігі қалыпты болуына, әлеуеті артуына қосар үлесі зор екендігін атап өтіп, жергілікті атқарушы және мемлекеттік органдармен бірлесе қабылданған заң мен ережелерге сәйкес тиісінше жұмыс атқара беретіндігіне сенім білдірді.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыс әкімдігі жер пайдаланылу және қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Серікбай Тәпеев Жер кодексіне енгізілмек өзгерістерге кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, бұл орайда халықтың алаңдауына негіз жоқ. Жер кодексінің 24-бабына сәйкес шетелдіктерге ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жекеменшікке сатып алу құқығы берілмейді. Олардың тек 25 жылға жалға алуға мүмкіндігі бар. Мұның өзі заңмен реттелген.

— «100 нақты қадам» — Ұлт жоспарының 35,36 — қадамдарында қолда бар жер ресурстарын басқарудың тиімділігін арттыру, жер және жер қатынастарын реттеуді одан әрі желтілдіру көзделген. Алға қойылған мақсат – бос жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін жекеменшікке беру арқылы нарықтық айналымға қосу, жер пайдаланушыларға жалға алып отырған жерлерін жеңілдікпен сатып алуға жағдай жасау, сондай-ақ, жер пайдаланудың нысаналы мақсаттарын өзгерту жолдарын оңтайландыру болып табылады. Оған қол жеткізу үшін 2015 жылдың қазан-қараша айларында жер заңнамасына өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Кодекстегі осы түзетулер үстіміздегі жылдың 1 шілдесінде жүзеге асыру белгіленген-ді. Мораторий жариялануына байланысты бұл іс жарты жылға доғарыла тұрмақ, — деді ол.

Аудан тұрғындары жер реформасына қатысты ой, пікірлерін ортаға салып, көптен көкейде жүрген сұрақтарын қойды. Олардың «Ауыл шаруашылығына арналған жерлердің тиімсіз пайдаланылуы анықталған жағдайда мемлекеттік органдар тарапынан қандай әрекеттер жасалады?» деген сұрақтарына басқарма басшысы: «Егер бір жыл ішінде жерді пайдаланушы жер телімін тиімсіз пайдаланатын болса, онда оған бұзушылықтарды жою туралы жазбаша ұйғарым жіберіледі. Егер жыл өткен соң жағдай өзгермесе, онда жергілікті атқарушы органдар сотқа аталған жер телімін қайтарып алу туралы талапарыз жібереді. Сондай-ақ мамыр айынан бастап жерді жалға алғандарға біздің басқарма тарапынан тексеру жұмыстары басталады және басқармамызға бірнеше құзыреттілік беріледі», деп жауап берді. Өткен жылы Жер кодексінің 92-бабына сәйкес, игерілмей жатқан жерлердің иелеріне ескерту берілген екен.

Ал, «аукционға қатысуға кімдер құқылы? Сауда-саттыққа шетелдік инвесторлар қатыса ала ма?» деген шаруалар сұрағына: «Аукционға ҚР заңнамасында қарастырылған жағдайлар мен тәртіпте Қазақстан Республикасының барлық азаматтары мен заңды тұлғалары қатысуға құқылы. Шетелдіктер, азаматтығы жоқ тұлғалар мен шетелдік заңды тұлғалар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерінің сауда-саттығы бойынша аукциондарға қатыса алмайды. Шетелдік инвесторлар, сонымен қатар шетелдік азаматтар тек ауыл шаруашылығы мақсатына арналған жер телімдерін 25 жылға дейінгі мерзімге жалға алу құқығы ұсынылатын конкурстарға ғана қатыса алады. Шекара маңы аумағында шетелдіктерге қандай да бір жер телімін сатуға мүлдем тыйым салынған,-деген жауап қайтарылды.

Жиынды қорытындылаған Қоғамдық кеңес төрағасы Ж. Кәрібаев:

— Қоғамдық, мемлекеттік мәселелерді шешу ісінен азаматтарымыздың шет қалмай, өз үнін қосуы тиіс. Кеңес құрамында танымал ауылшаруашылық мамандары бар. Әйтсе де, жер мәселесінде қарапайым диқандар мен шаруалардың пікіріне құлақ аспай болмайды. Олардың көкейінде қандай сұрақтар бар, соның бәрін білдік, енді оны қоғамға жеткізіп, бірлесе шешуге күш саламыз. Біздің міндетіміз – шаруалардың осы талап-тілегін тиісті орындарға жеткізу, — деді.

Қоғамдық кеңес мүшелерімен болған жиын енді өңіріміздің өзге де аудандарында жалғасын табатын болады.

Наурызбек САРША,

«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support