- Advertisement -

БАСТЫ ТАЛАП – ТҰРҒЫНДАР ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ

48

- Advertisement -

Облыс прокурорының орынбасары Берік Құлтасов өңірлік және республикалық бұқаралық және электронды ақпарат құралдары өкілдерімен арнайы баспасөз мәжілісін өткізіп, өткен жылы атқарылған жұмыстарын қорытындылап, есеп берді.


Өткен жылы облыстық прокуратура 18 мың заң бұзушылықты анықтап, мемлекет пайдасына 1 миллиард теңгеден астам қаржы өндірген, 70 мың азаматтың конституциялық құқығын қорғаған. Кадастрлық құны 220 миллион теңге болатын жер телімдерін мемлекетке қайтарып, соның нәтижесінде 800 миллион теңге болатын бюджет шығынының алдын алған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласында сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің нәтижесінде 116 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Оның 62-сі – басшы лауазымындағы тұлғалар. Олардың қатарында Сарысу ауданы әкімдігі мәдениет бөлімінің басшысы Д.Ақділдә, Мойынқұм ауданы әкімдігі тұрғын үй-коммуналды шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Б.Төлепбергенов, Талас ауданы бойынша Бадаев, Меркі ауданы әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Р.Оспанқұлов сотталса, мемлекеттік сатып алу саласында қадағалау актісі бойынша облыстық энергетика, тұрғын үй-коммуналды шаруашылық басқармасының басшысы М.Төлеулиев, Мойынқұм ауданы әкімдігінің аппарат басшысы А.Баялиев қызметтен босатылған, ал Шу және Мойынқұм аудандары әкімдігі аппараттарының басшылары сыбайлас жемқорлыққа байланысты жауапкершілікке тартылған.
Сондай-ақ, прокурорлар пәрменімен «Өңірлерді дамыту» және «Бизнестің жол картасы» сынды мемлекеттік бағдарламарды жүзеге асыру нәтижесінде Ұлттық қордың 160 миллион теңге негізсіз төлемінің алды алынған. Прокурорлардың өтініштері бойынша 2,5 миллиард теңгеден астам қарызы бар 24 жалған кәсіпорынның тіркеуі жойылған.
– Сыртқы экономикалық салада контрабанданың 29 дерегі анықталып, 50 миллион теңгеден астам соманың тауары тәркіленіп, прокурорлар берген 48 өтініш бойынша сот мемлекет пайдасына 80 миллион теңгеден астам сомада контрабандалық тауарларды қайтарды. Өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлескен жұмыс барысында табиғи монополиялар мен жер қатынастары салаларындағы мыңнан астам кәсіпкердің құқығы қорғалды. Өткен жылы бізге 10 мыңнан аса заңды және жеке тұлға жүгініп, олардың әрбір өтініші бойынша тексерістер мен заңды түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Облыстық прокуратураға қайырылған 3097 азаматтың мәселелері қаралды, – деген облыс прокурорының орынбасары журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, Елбасы мен Бас прокурордың тапсырмаларын бұлжытпай орындауға бағытталған нақты жоспарларымен бөлісті.

Маржан РАҚАЙ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support