- Advertisement -

Лесбек Тұрсынбекұлы Сайлаубек

412

- Advertisement -

15Беу, бейопа дүние-ай! Қаламдас әріптесіміздің беймезгіл дүниеден озуы барлығымыздың да қабырғамызды қайыстырып кетті. Осылай болады, күні кеше ғана ортамызда жарқылдап жүрген әріптесімізден қапияда айырылып қаламыз деп кім ойлапты?! «Дүние-жалған» деген осы екен-ау…
Лесбек Тұрсынбекұлы Сайлаубек 1961 жылдың 20 қарашасында Жамбыл қаласында өмірге келді. Бозбала жас алғашқы еңбек жолын облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Ақ жол») газетінде 1979 жылы бет жасаушы болып бастаған еді. Одан кейінгі бар ғұмыры баспасөз саласымен байланысты болды. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін сырттай оқып бітірді. 1990 жылы «Еңбек туы» газетіне тілші болып қабылданды. 1993-2002 жылдар аралығында алғашында Қазақ радиосының Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі, кейіннен Жамбыл радиосының тілшісі қызметтерін атқарды.
Одан кейінгі жылдары өзінің тұсауын кескен, облыс баспасөзінің қара шаңырағы «Ақ жол» газетінде ұзақ жыл еңбек етті. Қаламы қарымды журналист болып танылды. Әсіресе, экология тақырыбына терең бойлап қалам тартты. Ол еңбегі еленіп, журналистика саласындағы байқаулардың жүлдегері атанды. Қаламдас әріптесіміз танымал балалар ақыны да еді. Өзінің рухани ұстазы, белгілі балалар ақыны Асқаржан Сәрсековтің аманатына адалдық танытып, жергілікті баспалардан жарық көрген «Бұзықтың бір аптасы», «Тіл табысу», «Пейіл» атты кітаптары жас оқырмандар тарапынан лайықты бағасын алды. Лесбектің сөзіне жазылған Аман Малдыбаевтың «Жалын кешкен» әні қазақ эстрадасы жұлдыздарының орындауында кеңінен танымал болды.
Л. Сайлаубеков өмірден өткенге дейін ақпарат бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Ол бөлімнің жұмысын бұқарамен, оқырмандармен байланыстырып отырды. Қайта түлеген «Ақ жолға» белсене атсалысып, «Оқырман отауы», «Шөкеңнің шошаласын» дайындап, газет оқырмандарының зор ықыласына бөленді. Соның бір айғағы былтырғы жылдың қорытындысында облыстың әлеуметтік-экономикалық өмірін жариялау бойынша бұқаралық ақпарат құралдары арасында өткізілген конкурстың «Үздік публицистикалық материал» аталымы бойынша екінші дәрежелі дипломын иеленді. Әріптесіміздің қуанышына бәріміз ортақтасып едік. Лесбектің әлі де жазары, оқырманға берері көп еді. Нағыз шығармашылық шабыты толысқан шағында еді. Амал нешік, жазмыштың ісі осылай болды.
Айтып келмейтін ажал анасын, жан жары Әсемгүлді, ұл-қыздарын аңыратып, қайғыға көміп кетті. Ауыр қайғыға газет ұжымы да ортақ­тасып, отбасына, туған-туыстарына көңіл айтады. Бақұл бол, әріптес!
Лесбек Тұрсынбекұлының жарқын бейнесі ұжым қызмет­керлері мен оны білетіндердің жадында әркез сақтала бермек.

«Ақ жол» газетінің ұжымы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support