- Advertisement -

Қош келдің, қасиетті Рамазан!

30

- Advertisement -

Барша мұсылман қауымы асыға күтетін Ұлық мереке Рамазан айының басталуына да санаулы күндер қалды. Халқымыз қандай қиын шақтарда да иманынан, Жаратушыға деген құлшылығынан, отыз күн оразасынан жаңылмаған. Күллі мұсылманды сағындырып жеткен Рамазан айы несімен ерекше? Неге мұсылман қауым осы бір айға ынтық, бұл айды неге сарыла күтеді? Оның өзіндік себептері бар. Бұрынғы мұсылмандар осынау мүбәрак аймен қимай қоштасып, ал келесі жылы құдды қырық жыл көрмеген қонағын күткендей құшақ жая қарсы алады екен. Өйткені, бұл ай әрбір жанға мейірім сыйлайтын сауабы мол маусым.

Ораза бар болғаны 29-30 күнге созылады, қасиетті ай бізбен бір ай ғана бірге болады. Сондықтан, бұл кезде уақытты тиімді пайдаланып, қадірін білу аса маңызды. Бұл да Жаратқанның мүмін құлдарына жасаған бір ерекше жеңілдігі. Жыл-он екі айдың ішінде бір айды құлшылыққа арнау кез келген мүмін пенденің қолынан келетін іс. Алла Тағала Өзінің қалауымен ораза құлшылығы үшін жыл-он екі айдың ішінен Рамазан айын таңдаған екен. Хақ Тағала ерекше айдағы ғибадатты бұлжытпай орындаған құлдарының мәртебесін де ерекше биіктетіп, мерейін асыруға уәде еткен. Өткізіп жатқан бір күнімізге назар салайықшы. «Бүгін мен не істедім? Осы қасиетті айда тақуалыққа жетіп, сауапқа кенелуге, өз-өзіммен жұмыс жасауға көңіл бөліп жатырмын ба? Бізбен 30 күн, 720 сағат қана болатын мүбәрак айды пайдама жаратып, Раббымызға жақындай алдым ба? Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырымызда, уақыт біз үшін аса қымбат.

Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысы бойынша бас имамы, облыстық орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы:

– Рамазан айы – жер бетіндегі Алланы бір деп мойындаған, иманның шарттарына шүбәсіз сенген адамзат баласының сағынып күтетін, бізге екі дүниенің бақытының кілтін ашатын қасиетті Құран Кәрім аяттары түсе бастаған сондай бір мүбәрак айымыз. Бұл ай барша адамзат баласына өз рақметі мен қайталанбас күнге толы нығметін алып келеді. Құран Кәрімнің «Зумар» сүресінің 10 аятында «Сабыр қылушылар сауаптарын есепсіз алады», – деген. Ораза сабырлықтың жартысы болады, сауабы есептеуге келмейді. Оразаның әрбір мүмінге міндетті құлшылық екендігін Хақ Тағала: «Уа, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей, тақуалыққа жетулерің үшін, ораза ұстау сендерге де парыз етілді» («Бақара» сүресі, 183-аят), – деген аят білдіреді.

Дәл осы асыл дүниеміздің қадірін біліп жүрміз бе? Алладан қарызға алған уақытты ақыреттің пайдасына немесе фәни тіршілігімізге керегінше жаратудамыз ба? «Ей, Адамның ұрпағы, сен – бұл сенің күндерің. Күнің өткенде, онымен бірге сенің өмірің де кетеді» (Хасан Әл-Басри) дейді.

Ізгі амалдың сауабының еселенуінің тағы бір сыры оның орындалған уақытына байланысты. Мысалы, зул-хижжа айының алғашқы онкүндігінде және Рамазан айында жасалған қайырлы істердің мәртебесі биік. Бір хадисте «Қай садақа қайырлы?» – деп сұраған кісіге Пайғамбар (с.ғ.с): «Рамазан айында берілген садақа», – деп жауап берген». Басқа бір хадисте адамзаттың ардақтысы (с.ғ.с): «Рамазан айында орындалған ұмраның сауабы қажылықпен тең», – деген.

Тирмизи таратқан тағы бір риуаятта адамзаттың асыл төресі (с.ғ.с) ұлық айдың ерекшелігі жайлы былай тарқатады: «Рамазан айының алғашқы түні болғанда шайтандар мен дүлей жындар кісенделеді. Тозақтың қақпалары тарс жабылады да, біреуі де ашылмайды. Жұмақтың қақпалары айқара ашылады да, біреуі де жабылмайды. Бір жаршы: «Ей, жақсылық қалаушы, баста! Ей, жамандық қалаушы, таста! Алланың тозақтан азат ететін құлдары бар!» – деп жар салады. Әрбір түні осылай айтылады».

Рамазан айында жәннат есіктері ашылып, тозақ есіктері жабылады. Рамазан – кешірім айы.

Алла Тағала Құран-Кәрімде: «Періштелер және Жебрейіл (Ғ.С.) ол кеште Раббыларының рұқсаты бойынша барлық іс үшін түседі» (Қадір, 4) – деп бұйырылады. Иә, Қадір түнінің құт-берекесі шексіз. Себебі, жер бетіне сан мыңдаған періштелер түседі. Періштелер тіпті жер бетіне сыймай, бір-біріне сығылысады. Алла Елшісінің (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) келесі бір хадис-шарифінде: «Ол түні жер бетіне түскен періштелердің саны ұсақ тастардың санынан да көп» (Ахмад, 10316) деп хабарлайды.

Олай болса, ақылды адам ұлық айдың осындай шарапатынан құр қалмаса керек. Баршаңызға осы қысқа ғана бір айда барынша ихсан дәрежесіне жетіп, Рамазанды өз деңгейінде өткізуді жазсын!», – дейді.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support