- Advertisement -

Төтенше жағдайлардың алдын алу – міндет

37

- Advertisement -

23-24 қарашада еліміздің барлық өңірлерінде қысқы кезеңдегі төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі іс-қимылдарға азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің басқару органдары мен күштерін дайындау мақсатында «Қыс – 2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті. Оқу-жаттығу азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің және халықтың қысқы кезең жағдайында төтенше жағдайларды жоюға дайындығы мен қабілеттілігін арттыру, азаматтық қорғау қызметтері мен құрылымдарының қыс кезінде орын алатын төтенше жағдайға ден қоюға даярлығын тексеру мақсатында өткізілді.

Жамбылдықтар да екі күн бойы өңірде қысқы кезеңде азаматтық қорғаудың басқару органдары мен күштерін төтенше жағдайларды жою кезіндегі іс-қимылдарға даярлау мақсатында ұйымдастырылған «Қыс – 2023» республикалық оқу-жаттығуға қатысты. Оқу-жаттығу барысында негізгі күш-жігердің шоғырлануы ескеріле отырып, авариялық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізуге, бірінші кезекте адамдарды іздеуге және құтқаруға, оларға алғашқы медициналық көмек көрсетуге, қауіпті жерлерден жылыту пункттеріне, жақын маңдағы елді мекендер мен емдеу мекемелеріне эвакуациялауға ерекше назар аударылды.

Аталған тәжірибелік іс-шара Жуалы ауданында өткізілді. Жалпы, оқу-жаттығу мынадай тәртіппен өрбіді: ауа райының күрт бұзылуы салдарынан (екпіні секундына 28 метр болатын күшті жел соғуы және қарлы боран салдарынан айналада көрінбес ақтүтек жағдай орын алған) Күйік, Шақпақ асуынан өтетін республикалық маңызы бар Алматы – Ташкент тасжолында автокөлік қозғалысы тоқтатылған. Күйік асуында тұман мен көк тайғақтан жол-көлік оқиғалары орын алып, зардап шеккендер тіркелген.

Жуалы ауданының полиция бөліміне «Күйік» шаруа қожалығының иесінен мал жаю кезінде қойшы қыстауға оралмағаны туралы хабарлама келіп түсті. Электр сымдарына қардың жабысуы нәтижесінде ӘЖ-220В электр беру желісінің үзілуі орын алып, үш елді мекен және екі қыстау мүлдем жарықсыз қалды.

Төтенше жағдайлар департаментінде жедел штаб құрылды. Оқиға орнына ТЖД бастығының орынбасары бастаған жедел топ аттанды. Сондай-ақ, оқиға орнына жедел-құтқару жасағының, апаттар медицинасы орталығының кезекші ауысымы, Жуалы ауданының төтенше жағдайлар бөлімі мен №7 өрт сөндіру бөлімі, аталған аудан әкімдігінің өкілдері жіберіліп, жедел медициналық жәрдем бригадалары тартылды. ТЖД психологтарының кезекшілігімен «жедел желі» ұйымдастырылды. Құтқарушылар мен тартылған күштердің күшімен жүргізілген іздестіру жұмыстарының нәтижесінде зардап шеккендер үйілген қар астынан шығарылды. Аудандағы авариялық-құтқару жұмыстарына барлығы 47 адам мен 16 техника жұмылдырылды.

Қысқы кезеңде төтенше жағдайларды жою кезіндегі іс-қимылдарға дайындық бойынша командалық-штабтық оқу-жаттығулар облыстың барлық аудандарында өткізілді. Облыс бойынша практикалық іс-шараларға барлығы 733 адам және 189 техника тартылды.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support