- Advertisement -

Мәңгілік махаббат дастаны

58

- Advertisement -

Тыңдарманды еріксіз елітіп алып кететін «Келші, Айым» әні көрерменге «Гауһартас» фильмі арқылы жақсы таныс. Халықтың жүрегінен өшпестей орын алған әннің сөзін ақын Әбдірахман Асылбеков жазған болса, әнін жазған композитор Мэлс Өзбеков.

«Көгілдір көл беті, көк елес көлбеді, мен тұрмын жағада жабырқау», деп басталатын әннің өне бойында өлмес сағыныш, дауасыз дерт жатқандай әсер қалдырады. Көзіңе еріксіз жас келтіреді. Дәл осы туындыда Мэлстің мұңы да, музасы да өріліп жатқандай.

Композитор Мэлс Өзбеков әннің шығу тарихы туралы былай деген екен: «Бұл менің консерваторияда оқып жүрген кезім еді. Алматы медициналық институтының Айымзада есімді қызына ғашық болдым. Жанарларымыз оттай жанып, қос жүрек бірін-бірі түсініп, махаббаттың шарабына мас болып жүргенімізде, жазғы каникул да келіп қалды. «Жаңа оқу жылы басталғанша…» деп, екеуміз бір- бірімізді қимай, ол өзінің ауылы Алматы маңына, мен Луговойға кете бардық. Алғашқы кезде Айымзада хабарын айтып, хат келіп тұрушы еді. Соңыра оның ізі суға сіңгендей ғайып болды. Себебін сұрап, хат жазайын десем, ол: «Үйге хат жазба, ата-анам біліп қойса, ұят болады», деген соң каникулдың бітуін күттім.

Үздігіп күткен жаңа оқу жылы да басталар уақыт келді. Мен ауылдан құстай ұшып Алматыға келсем, Айымзада әлі келмепті. Екі көзім төрт болып отырғанда, курстас қыздардың бірі келіп, Айымзаданың каникул кезінде шомылып жүріп, суға кетіп қайтыс болғанын айтты. Мен кездейсоқ сең соққандай көзім қарауытып, отырып қалдым», – дейді ол естелігінде. Осыдан кейін:

«Айдын көл, сен айтшы,

Самал жел сен айтшы,

Жарыма құс болып ұшайын…

Ай нұры арайлы

Айдынға тарайды,

Сүйіктім келер ме, япырмау?», дейтін өлең жолдарының астарында терең мән, үлкен қайғы, мұң жатқанын түсінесің. Кімге де болса махаббатынан айырылу оңайға соқпайтыны рас. Махаббаттың машақатына түсіп, бір-біріне қосыла алмай құсалықтан өліп кеткен ғашықтар бар екені тарихи шығармалардан да белгілі емес пе?

Әдемі шумақтармен өрілген әнді білмейтін қазақ кемде-кем шығар, сірә. Жүректің пернесін басатын туындыны Мэлстің шығармашылықтағы төлқұжаты десек те болады.

Музыка әлемінде өшпес мұра қалдырған композитордың әндері қай кезде де тыңдарман жүрегінен өшпек емес…

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support