- Advertisement -

Елордадағы ерекше фотокөрме

60

- Advertisement -

Өткен аптада Астана қаласындағы «Атырау» көпірінде Төтенше жағдайлар министрлігінің қатардағы қызметкерлері – құтқарушылар, сүңгуірлер, кинологтар, өрт сөндірушілер, ұшқыштар, психологтар, медицина қызметкерлері және әскери қызметшілерге арналған әмбебап фотокөрменің ашылу рәсімі өтті. Көрме «Rizamyz» әлеуметтік жобасы аясында жыл сайын 19 қазанда атап өтілетін кәсіби мереке – Құтқарушылар күні қарсаңында ұйымдастырылды.

Көрменің салтанатты ашылуында LED-экранда құтқарушылардың күнделікті қызметі туралы имидждік бейнеролик көрсетілді. Іс-шараға еліміздің Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов, «Bi Group» холдингі директорлар кеңесінің мүшесі, басқарма төрағасы Асхат Омаров, көрме батырлары, сондай- ақ азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері, тұрғындар қатысты. Сырым Шәріпханов өзінің құттықтау сөзінде өткізіліп жатқан фотокөрменің маңыздылығын атап өтіп, имидждік жобаның ұйымдастырушыларына алғысын білдірді: «Бұл жоба Төтенше жағдайлар министірлігінің қызметкерлерінің күнделікті орындайтын қиын жұмыстарын дәріптеуге бағытталды. Біздің қызметкерлердің әрқайсысы үшін оның батырлығына, ерлігіне және ерен еңбегіне берілген баға маңызды», – деді министр.

Көрме Қазақстанның ірі инновациялық «Bi Group» холдингінің қолдауымен ұйымдастырылды. «Құтқарушылар басқа адамдарды құтқару үшін бастарын қауіпке тігеді, сондықтан олар ерекше алғыс пен құрметке лайықты. Күн сайын біз олардың отпен, зілзаламен, сумен арпалысып, ерлік жасағандары туралы естиміз, бірақ олардың есімдері мен жүздері әрқашан экраннан тыс қалады. Сондықтан, біз «Rizamyz» әлеуметтік жобасы аясындағы кезекті көрмемізді осы игі мамандыққа, олардың кәсіби мерекесі – Құтқарушылар күніне орай ұйымдастыруды жөн көрдік», – деді аталған холдингтің басқарма төрағасы Асхат Омаров.

Жалпы, көрмеге келушілерге QR коды бар 112 портрет ұсынылған. QR кодты сканерлеу арқылы фотодағы құтқарушылар туралы, олардың жасаған ерліктері жайлы мәліметпен танысуға болады. Бұл портреттер – күн сайын өздерінің күрделі де маңызды қызметін атқаратын азаматтық қорғау органдарының 29 мың қызметкерінің ұжымдық бейнесі. Көрменің ортасындағы фотосуреттер арасында QR коды бар қара тақтайша орналастырылған. Осы код арқылы rizamyz.com сайтына өтіп, өз өмірін азаматтық қорғау органдарына арнап, міндеттерін атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан 11 құтқарушының өмір тарихымен танысуға болады. Көрме 20 қазанға дейін жалғасады.

Жалпы, елімізде Тәуелсіздік жылдары 413 мыңнан астам адам құтқарылып, 380 мыңнан астамы төтенше жағдай аймағынан эвакуацияланған, 70 мыңнан астам зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетілген.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support