- Advertisement -

ӘЛЕМ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

76

- Advertisement -

АӨСШК халықаралық ұйымға айналады

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі халықаралық өңірлік ұйымға айналады. Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының жоғары деңгейдегі апталығы аясында министрлер кеңесі бейресми отырысын өткізді.

Жиында кеңестің жұмысын жетілдіретін құрылымдық өзгертулер бір ауыздан келісілді. Мәселен, Азияның жаңа жаһандық рөліне бейімдейтін реформалардың 8 бағыты қамтылған жол картасы бекітілді. Бұл туралы кеңестің бас хатшысы Қайрат Сарыбай мәлімдеді.

Азия кеңесі осыдан 30 жылдан астам уақыт бұрын Қазақстан бастамасымен Алматыда құрылды. Тиімді диалог алаңын қуатты халықаралық ұйымға айналдыруды ұсынып отырған да – біздің ел. Себебі, бұл Азия аймағындағы әскери, саяси, экономикалық және мәдени салалардағы жан-жақты ауқымды байланыстарды тереңдетуге жол ашады. Кеңес халықаралық құрылымға айналса да өңірлік ұйым ретінде жұмыс істей бермек.

 

Мигранттар легін тежеу үшін қаржы береді

Еуроодақ мигранттар нөпіріне тосқауыл қою үшін Туниске 127 миллион еуро беретін болды. Бұл келіссөздер шілде айында басталған еді.

Қаражаттың біраз бөлігі африкалық елдің жағалау күзетінің кемелерін жөндеуге және қайта құрылымдауға жұмсалады. Халықаралық көші-қон ұйымымен бірге босқындарды қорғау және елге қайтару жұмысы да қолға алынады.

Еурокомиссия өкілі Ана Писонероның айтуынша, өзара түсіністік туралы меморандумға сәйкес Еуроодақ пен Тунис мигранттарға қатысты халықаралық заңнама талаптарын толық ұстану бойынша ынтымақтастық жасасуға келісті. Бұл шарттарда адам құқығын сақтау басты назарда болмақ.

 

Таулы Қарабақтан Арменияға мыңнан аса босқын келді

Әзірбайжанның даулы аймақта бақылау орнатуға бағытталған әскери операциясынан кейін Арменияға Қарабақтан алғашқы мыңдаған босқын келді.

Шекарадағы куәгерлер көлік пен жанар-жағармайға қолы жететін Қарабақ тұрғындарының облыстан топ-топ болып кетіп жатқанын хабарлады. Ресейлік БАҚ-тың хабарлауынша, Қарабақтан Арменияға үш мыңға жуық адам өткен. «Жақында болған әскери операциядан кейін баспанасыз қалған және республикадан кеткісі келетін отбасылар Арменияға жеткізіледі», деді Армения басшылығы. Сондай-ақ, 23 жараланған армян сарбазы бар жедел жәрдем көлігі Қарабақтан Арменияға бет алды.

 

Швецияда НАТО-ға қосылуға қарсы шеру өтті

Швеция астанасы Стокгольмде үкіметтің НАТО-ға қосылуына қарсы наразылық акциясы өтті. Адамдар биліктен одаққа кіруден бас тартуды талап етіп отыр.

Шараны ұйымдастырушылар мемлекеттің бейтараптық мәртебесін өзгертіп, НАТО-ға ұмтылуы қауіпті дейді. Себебі, бұл қорғаныс альянсы – АҚШ мүддесінің жетегіндегі ұйым, келешекте ел аумағына ядролық қару орналастырылып, қарсылас елдердің нысанына айналуы мүмкін деп санайды. «Біз бұған дейін бейтарап мемлекет болып, еліміз тыныш өмір сүрді. Біз үкіметтің бұл саясатына қарсымыз. Өйткені, ол елімізге қауіп төндіреді», – дейді шеруге қатысушылар.

Швецияның НАТО-ға қосылу мәселесі әлі талқыланып жатыр. Бұл елдің одаққа кіруін Түркия мен Венгрия қолдамай келеді.

 

Антарктида мұзы рекордтық минимумға жетті

Антарктиданың айналасындағы теңіз мұзы рекордтық минимумға жетті. Бұл туралы АҚШ-тың Ұлттық қар және мұз деректері орталығы хабарлайды.

Қазір материкте, бүкіл оңтүстік жарты шардағыдай, қыс аяқталды. Теңіз мұзының ауданы 17 миллион шаршы метрді құрап отыр. Бұл 1979 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіш. Ғалымдардың айтуынша, мұздың еруіне климаттық өзгерістер мен жаһандық жылыну әсер еткен. Ал, бұл өз кезегінде материктегі жануарлар әлеміне кері әсерін тигізіп отыр.

 

Берлиндегі «Автокөліксіз бір күн» акциясы

Германия астанасында «Автокөліксіз бір күн» атты акция өтті. Тұрғындар мен қала қонақтары қоғамдық көлікпен ғана жүрді.

Ұйымдастырушылар «Мұны ерікті түрде қолға алдық, өйткені Берлинде тіркелген көлік саны 1 миллионнан асып кеткен» деп алаңдайды. Акцияға байланысты 40 көше толығымен жабылды. Бұған әсіресе балалар қатты қуанды, жолдар әп-сәтте ойын алаңдарына айналып шыға келген. «Автокөліксіз өтіп жатқан күн көзімізді көп нәрсеге жеткізді. Десе де «темір тұлпардың» қажеті бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Одан мүлде бас тарту мүмкін емес. Сондықтан, арасында автокөлікті тастап, қоғамдық көлікпен, метромен немесе велосипедпен жүрген ойға қонымды болады деп санаймыз», деді ұйымдастырушылар.

 

Астероидтың топырағы жерге жеткізілді

«Бенну» астероидының топырағы Жерге сәтті жеткізілді. 250 грамдық бөгде нәрсе салынған капсула АҚШ аумағына табан тіреген.

«Астероид топырағында Жер планетасы, тіпті күн жүйесі пайда болғанға дейінгі заттардың үлгісі болуы мүмкін», дейді ғалымдар. Оны зерттеу үшін арнаулы зертхана дайындалды. Бұған дейін 6 миллиард шақырым ғарыш жолын шарлап келген «Осирис Рекс» зонды арқылы екінші капсула ұшырылып, астероидты түгел зерттеу жоспарланып отыр.

Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support