- Advertisement -

Ел сенімі зор жауапкершілік жүктейді

84

- Advertisement -

Халық қалаулылары «Amanat» партиясының облыстық филиалында атқарған жұмыстары жөнінде есеп беруде. Бұл жолғы баспасөз брифингінде «Amanat» партиясының облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының мүшелері Жұмахан Танкебаев пен Гүлжан Тілеубердиева өз жұмыстарын баяндады.

Облыстық мәслихат депутаттығына Талас және Байзақ аудандарынан сайланған Жұмахан Танкебаев 8-шақырылымның 5 айында 3 депутаттық сауал жолдапты.

– Өңіріміздегі газ барған ауылдардағы әлеуметтік нысандарды көгілдір отынға қосу мәселесін көтеріп келемін. Жасыратыны жоқ, газ кіргізілген ауылдарда көгілдір отын тұрғын үйлерге берілгенімен, әлеуметтік нысандар әлі күнге дейін қатты отынмен жылытылады. Бұл өз кезегінде артық шығындарға жол беруде. Себебі, жыл сайын көмір, отын алуға біршама қаржы кетеді. Сондай-ақ, ол үшін бірнеше адам ұстауға тура келеді. Мәселен, Талас ауданында Үшарал ауылындағы Ә.Сағынтаев атындағы орта мектеп, ауылдық мәдениет үйі, Бөлтірік ауылындағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп, ауылдық мәдениет үйлері, Аққұм ауылындағы спорт нысаны газға қосылмаған. Бұл бір ғана мысал. Мұндай жағдай облыстағы біршама ауылда кездесіп отыр.

Сонымен қатар, саналы ұрпақ тәрбиелеу үшін сапалы білім беру қажет. Бүгінгі күні Талас ауданындағы бірқатар білім ошақтарында оқушылардың білім алуына жағдай жасалмаған. Нақтырақ айтсақ, көп мектептерде спортзал, акт зал қарастырылмаған. Ал, асханалары бейімделген. Бұл мәселені 7-ші шақырылымда көтергенмін. Осындай білім ошақтарына байланысты аталған ауданда 4 мектеп салу керектігін жауаптыларға жеткізгенмін. Қазіргі таңда депутаттық сауал Талас ауданындағы Ойық ауылдық округінде Бөлтірік Әлменұлы атындағы мектепке жобалық-сметалық құжаттама мен мемлекеттік сараптамаға қаржы бөлінді. Алдағы уақытта аталған ауылда жаңа мектеп салынатын болады. Бұл мәселені бақылауда ұстайтын боламын.

Бұдан өзге, Қаратау қаласындағы Б.Момышұлы көшесінде №17 үйдің күрделі жөндеу жұмысына қаржы бөлу мәселесі бойынша депутаттық сауал жолдадым. Айта кетерлігі, қазіргі таңда аталған қалада 1500 адам пәтер кезегінде тұр. Ал, №17 үйді жөндеп, қайта пайдалануға берер болсақ, 80 адам басыбайлы баспанаға қол жеткізер еді. Осылайша, кезекте тұрған азаматтар санын қысқартуға мүмкіндік туады. Орайы келгенде айта кетер жайт, 7-шақырылымда көтерген мәселелерімді 8-шақырылымда да қайта назарға алып отырмын. Нақтырақ айтсақ, Талас ауданы, Көктал ауылдық округіндегі мәдениет үйінің құрылысына қаржы бөлу мәселесін көтердім. Бұл мәселе биыл шешімін тауып, Көктал ауылында 90 орындық мәдениет үйінің құрылысы басталды. Сонымен қатар, тағы бір 7-шақырылымдағы көтерген мәселелерімнің нәтижесінде Талас ауданының Тамды ауылындағы Қойгелді атындағы орта мектеп, Қаратау қаласындағы Д.Қонаев атындағы орта мектеп күрделі жөндеуден өтті. Сол секілді Ақкөл ауылындағы орта мектептің құжаттары биыл реттеліп, келесі жылы күрделі жөндеуден өтетін болады. Айта кетерлігі, бұл мәселе партияның сайлауалды бағдарламасына енген.

Депутат болу – халық алдында үлкен жауапкершілікті жүктейді. Біз алдағы уақытта ел сенімін ақтау үшін аянбай еңбектене береміз. Себебі, депутаттық мандаттың артында үлкен міндет бар екенін ұмытпауымыз керек. Бұл дегеніміз – халықтың аманаты, – дейді Жұмахан Мұқашұлы.

Депутат Гүлжан Тілеубердиева Меркі ауданы тұрғындарының сенімін арқалағандықтан, осындағы көптеген мәселелердің оң шешілуін көтеріп жүр. Ол аудан орталығы Меркі ауылдық округіндегі Темірбек Қожакеев атындағы №39 жалпы орта білім беретін мектеп-гимназиясының шатырынан су ағып тұратын күйіне көңіл аударған. Мектептің шатырын, су құбырларын жөндеуге 44 миллион 300 мың теңге бөлуге ықпал етіп, қазір білім мекемесі оқу жылына дайын.

– Аудан орталығында орналасқан балалар мен жасөспірімдер «Үміт» сарайының шатырын жөндеуге 29 миллион 767 мың теңге қаражат бөлуге атсалыстым. Орталық саябақты жөндеуге аудандық бюджеттен қаражат бөлінді. Аудан орталығындағы 4 балабақшаның біреуінің салынғанына 11 жыл өткен, бір қабырғасы жарылып тұр, ол жер жабық. «Amanat» партиясынан комиссия шақырып, көрсетіп, бүгінде қаражат бөлу жұмыстары жүріп жатыр. Қазір аудан орталығындағы музейдің қазандығын қатты отыннан газға ауыстыруды, мұрағатқа жаңа ғимарат салуды жиі айтып жүрмін. Ауданымызда жаңадан салынған спорт кешені біреу ғана болатын. Әрине, ол ауданның барлық жастарына жеткіліксіз, сондықтан бұл мәселені аудан әкімі халықпен бірге талқылап, сұраныс жасап, Сарымолдаев ауылдық округінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуға 408 миллион 526 мың теңгеге салынып жатыр. Енді соның жоспарға сай сапалы салынуына бақылау жасаймын. Тағы бір осындай кешен Андас батыр ауылында 562 миллион 628 мың теңгеге салынады. Ақарал ауылдық округіндегі мәдениет үйінің жертөлесінде балалар спортпен шұғылданатын. Ол жерде ауданның ең мықты жаттықтырушылары балалармен жұмыс істейді. Бірақ, онда ауа соратын құрылғы (вентиляция) жоқ, осы жайтты аудан әкімдігіне айтып жүріп, аудандық бюджеттен 8,7 миллион теңгенің бөлінуіне қол жеткіздік, жөндеу жұмыстары алдағы қыркүйек айында басталады деп отырмыз. Сұрат ауылы тұрғындарының сұранысымен сондағы балабақша қазандығының газға қосылмағанын тиісті орындарға айтып жатырмыз. Сонымен қатар, ауылда интернет желісінің жұмысын жақсартуға бюджеттен қаражат бөлу мәселелерінің шешімін табуын қозғап жүрмін. Жаңатоған ауылының тұрғындары балабақша салып беруді немесе жұмыс істеп тұрған 50 орындық балабақшаға жапсарлас ғимарат тұрғызуды сұрайды. Бірақ, қазіргі талап бойынша балабақша салуға бюджеттен қаражат бөлінбейді, бұған тек жеке кәсіпкерді тартуға мүмкіндік бар. Әзірше бұл мәселе шешілмей тұр. Мыңқазан ауылында жалғыз мәселе клубтың жағдайы еді, ол да құрылысы жүргізіліп, алдағы 30 тамызда ашылмақшы. Құрылыс жұмыстарына партиялық бақылау жасап, сапалы жүргізіліп жатқанына көз жеткіздік. Андас батыр ауылындағы емханаға жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарының дұрыс болмағанын әлеуметтік желіде де жариялап келгенмін. Бақылау жасап, кем-кетігін ескертіп, қазір олқылықтар түзетілді. Бұл ауылдың басқа да жұмыстарына қажетті қаражат бөлуді аудандық мәслихаттың депутаты екеуміз көтеріп жүрміз, жақында оң шешімін тауып қалар деген үміттеміз. Кеңес ауылдық округіндегі әкімшіліктің ғимараты ескі. Газ кіріп тұрса да от жағып, жылытылады. Жағдайын құзырлы орындарға жеткізіп, келесі жылы ғимарат салуға жобалық-сметалық құжаттары жасалынды. Ауылдағы клубтың залында күрес секциясы жұмыс істейді, бұл клуб қызметкерлерінің жұмысына кедергі келтіреді. Болашақта ангарлы типтегі спорт кешенін салуды сұрап отырмыз. Ойтал ауылдық округіне қарасты Мықанды елді мекеніне газ кіргізуге қол жеткіздік. Ауданда бес елді мекенде көгілдір отын жоқ еді, биыл екеуіне кіргізілді, қалған үшеуіне жобалық-сметалық құжаттарына қаражат қарастырылуда. Осы ауылда үлкен саябақ бар болатын, соның шетінен 180 орынға арналған мәдениет үйі бой көтерді, алдағы Конституция күнінде ашылады. Ал, саябақ жөндеуді қажет етеді, соған қаражат сұрап, қазіргі уақытта ол аудандық бюджеттен бөлінді. Осындағы №48 орта мектепке бала сыймай, жапсарлас ғимарат салуды айтып жүріп, спорт залымен салынатын болды, оған 784596,672 теңге бөлінді, – дейді Гүлжан Ержанқызы.

Ауданда орталықтан шалғай жатқан Жауғаш батыр ауылында жол болмаған. Жақында 4 жарым километр жол салынып, көпірлері жөнделіпті. Ол ауылда отыз шақты тұрғын бар, көбісі қарттар мен балалар болғандықтан, ауыл халқы медициналық қызметкер сұрайды.

Депутат Гүлжан Ержанқызы да «Ендігі көтеріп жүрген мәселем осы» дейді.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support