- Advertisement -

Қазақстан – Вьетнам серіктестігі одан әрі нығаяды

114

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 20-22 тамыз күндері Вьетнам Социалистік Республикасының Президенті Во Ван Тхыонгтың шақыруымен Ханойға ресми сапармен барды. Бұл туралы Президенттің баспасөз қызметі хабарлады. Мемлекет басшысы ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вьетнамға алғашқы ресми сапары аясында екі елдің басшылары келіссөздер жүргізіп, туризм, ақпараттық технологиялар, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика сияқты басқа да әлеуетті ынтымақтастық бағыттарын талқылады. Екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 30 жылдан астам уақытта Қазақстан мен Вьетнамда көп саладағы байланыстың жолға қойылғаны сөз болды. Мәселен, жыл сайын тауар айналымы да, импорт пен экспорт көлемі де айтарлықтай артып келеді. Тараптар халықаралық және өңірлік мәселелер туралы пікір алмасты. Қасым-Жомарт Тоқаев сапар барысында бірқатар экономикалық және мәдени нысандарды аралады.

 

Қазақстан – Вьетнам серіктестігі одан әрі нығаяды

Вьетнам – еліміздің Оңтүстік-Шығыс Азиядағы негізгі серіктестерінің бірі. Азия елдері арасында ең жылдам дамып келе жатқан ел экономикасының басым бағыттары – энергетика, өңдеу өнеркәсібі, жоғары технологиялық өнеркәсіп (электроника), тау-кен өндіру, металлургия және химия өнеркәсібі. Ауыл шаруашылығы да ел экономикасының маңызды саласының бірі. Биыл маусым айында Қазақстан мен Вьетнам арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарға 31 жыл толды десек, осы уақыт аралығында екі ел арасындағы қарым-қатынас түрлі салада қарқын ала бастады. Мәселен, Қазақстан мен Вьетнам арасындағы сауда көлемі 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында 610,9 миллион АҚШ долларын құрап, өткен жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 3,5 есеге өсті. Осылайша, экспортталатын тауарлар саны да артып келеді. Бүгінде Қазақстаннан Вьетнамға кетіп жатқан экспорт көлемі 4,7, ал, импорт көлемі 3,3 есеге өскен. Биыл Қазақстаннан Вьетнамға ең көп экспортталған тауар – мырыш, оның көлемі 83,4 миллион АҚШ долларын құрады. Ал, екінші орында тазартылған қорғасын тұр. Қорғасын экспортының көлемі биыл 5,2 есе артқан. Вьетнамнан Қазақстанға импортталатын тауарлар көлемі 254 миллион АҚШ долларына жетті. Жалпы, импорттың көлемі смартфондардың көптеп жеткізілуі есебінен артқан. Сонымен қатар, түрлі түсті бейне мониторларын жеткізу де айтарлықтай өскен.

 

12 құжатқа қол қойылды

Мемлекет басшысының Вьетнамға жасаған ресми сапары Астана мен Ханой арасындағы байланыстың жандана түсуіне тың серпін берді. Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнам Президенті Во Ван Тхыонгпен келіссөз жүргізіп, оның барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, көлік-логистикалық, агроөнеркәсіптік және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды. «Вьетнамның экономикалық жетістіктері елдеріміздің ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға берік негіз болады. Біз екі мемлекет арасындағы экономикалық, саяси қатынастарға баса мән береміз және Вьетнамның экономикалық зор әлеуетін және оның халықаралық аренадағы беделін жоғары бағалаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент өзара сауда-саттық биыл алты айдың өзінде 600 миллион доллар болғанына назар аударды. Жыл соңына дейін бұл маңызды көрсеткішті 1 миллиард долларға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Мемлекет басшысы бұл келіссөздер екіжақты қатынастарды дамытудың жаңа кезеңіне жол ашатынына сенім білдірді. Өз кезегінде Во Ван Тхыонг екі ел арасындағы ынтымақтастықты жандандыру ісін жоғары бағалап, Қазақстан мен Вьетнамның серіктестігін одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді.

Келіссөз қорытындысы бойынша Президенттер Бірлескен коммюнике қабылдады. Сонымен қатар, ресми сапар аясында екі ел арасында 12 маңызды құжатқа қол қойылды. Осылайша сауда-экономикалық ынтымақтастықты жедел дамыту жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған бірлескен іс-қимылдар жоспары, визасыз режимді енгізу, спорт пен туризмді дамыту, инвестиция тарту, авиация, мұнай-газ жобаларын жүзеге асыру, көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту салаларындағы бірқатар келісімдерге қол жеткізілді.

 

Сапар аясындағы кездесулер…

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнамға ресми сапары аясында SOVICO Group компаниясының басқарма төрағасы Нгуен Тхань Хунгпен кездесті. SOVICO Group – елдегі ең ірі әртараптандырылған конгломераттардың бірі. Компания энергетика, құрылыс, банк және қаржы, авиация салаларында түрлі жобаларды жүзеге асырады.

Кездесу барысында энергетика және логистика салаларындағы ынтымақтастықтың перспективті бағыттары талқыланды. Мемлекет басшысы компания экономиканың түрлі секторында зор тәжірибеге ие екенін атап өтіп, еліміз ірі инвестициялық жобаларды бірлесе жүзеге асыруға мүдделі екеніне назар аударды. Өз кезегінде Нгуен Тхань Хунг компанияның Қазақстан аумағында сауда-логистикалық орталығын ашуға ниеті барын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Petrovietnam компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Хоанг Куок Выонгпен кездесті. Компания Оңтүстік Шығыс Азияның мұнай-газ өнеркәсібіндегі басты ойыншылардың бірі. Активтерінің жалпы құны 40 милллиард долларға бағаланады. Кездесу барысында энергетика және мұнай-газ химиясы салаларындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды.

Президент Вьетнам Премьер-министрі Фам Минь Чиньмен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, еліміз Вьетнамды Оңтүстік Шығыс Азиядағы ең басты серіктестерінің бірі ретінде қарастырады. Президент Ханойға жасаған сапарының нәтижесін жоғары бағалады. Өз кезегінде Вьетнам Премьер-министрі Фам Минь Чинь Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары Қазақстан мен Вьетнамның екіжақты ынтымақтастығына тың серпін беретінін атап өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнам Ұлттық жиналысының төрағасы Выонг Динь Хюэмен әңгімелесу барысында Қазақстан екі ел арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға баса мән беретінін айтты. Президент екіжақты күн тәртібі аясында Вьетнаммен парламентаралық байланыстарды дамытуға баса мән беретініне назар аударып, заң шығару органдары арасындағы өзара сапар алмасу ісін жандандыруды ұсынды.

Президент Вьетнамға сапары кезінде елдің әскер тарихы музейіне барып, экспонаттар қойылған залдарды аралап көрді. Ханойдағы әскер тарихы музейі орналасқан Корольдік цитадель ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енген. Сол күні Қасым-Жомарт Тоқаев пен Во Ван Тхыонг Хайзыонг провинциясында орналасқан керамика бұйымдарын шығаратын Чу Дао ауылына бірге барды. Екі ел басшылары дайын өнімдерді қарап көріп, керамика бұйымдарын дайындау процесімен танысты.

Мемлекет басшысы сапарының екінші күні бірқатар өнеркәсіп нысанын аралап, ірі бизнес өкілдерімен кездесті. Бакнинь провинциясында болып, жаһандық ауқымдағы технологиялық инновациялық кәсіпорынның бір бөлігі саналатын Goertek өндіріс кешенін аралап көрді. Қазіргі кезде кәсіпорынның жылдық орташа табысы 2,8 миллиард долларға жетеді. Қасым-Жомарт Тоқаев кешенді аралап, өнім шығару процесімен, сондай-ақ кәсіпорында қолданылатын технологиялармен танысты.

Мемлекет басшысы Вьетнам сапарында арнайы барып танысқан тағы бір нысан – Hyosung Financial System Vina компаниясы. Кәсіпорын жаңа үлгідегі банкоматтар, автоматты касса аппараттарын (TCR) шығарады, сондай-ақ банк-қаржы саласына арналған бағдарламалар жасайды. Кәсіпорында жылына 80 мыңнан аса бұйым өндіріледі. Зауыттың өндіріс желісімен танысқан Мемлекет басшысы қаржы технологиясы саласында тәжірибе алмасу қажет екеніне назар аударды.

Президент Провинциялық комитеттің хатшысы, Ұлттық жиналыстағы Бакнинь провинциясы депутаттары делегациясының басшысы Нгуен Ань Туанмен кездесіп, Қазақстан мен Вьетнамның өңірлері арасындағы байланыстарды дамыту перспективаларын талқылады.

 

Екіжақты келісім екі елге не береді?

Сарапшылар Вьетнамды Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азия нарығына шығатын қақпа деп есептейді. Олардың айтуынша, 2016 жылдан бері ЕАЭО елдері мен Вьетнам арасында жұмыс істейтін еркін сауда аймағы бізге Вьетнам арқылы ACEAH елдеріне шығуға мүмкіндік береді. Сондықтан бұл біз үшін таптырмас мүмкіндік. Ал, Вьетнам үшін Қазақстан неліктен маңызды десек, біріншіден, Қазақстан – Вьетнамның қарқынды түрде дамып келе жатқан экономикасы үшін қажетті ресурстардың көзі. Екінші жағынан, ауыл шаруашылығы саласындағы қарым-қатынас Вьетнамның ұлттық мүддесіне сай келеді. Оған қоса, Қазақстан Вьетнам үшін маңызды сауда серіктесі әрі стратегиялық жағынан да елдің рөлі ерекше. Өйткені, Қазақстан Орталық, Шығыс Азия мен Еуропаға жол ашады. Сондықтан екі ел қарым-қатынасты арттыруға мүдделі. «Сондай-ақ, көптеген саладағы IT шешімдерді де атап өтуге болады. Мәселен, Қазақстанның цифрландыру саласы жақсы дамып келеді, біз әлемдік рейтингте де жақсы көрсеткіш көрсетіп отырмыз. Сондықтан да олар Қазақстанның мемлекеттік қызметтерді цифрландыру тәжірибесіне қызығушылық танытып отыр», дейді сарапшылар.

Енді Қазақстан мен Вьетнам арасында орнайтын визасыз режимнің де екі елге берері мол. Ең әуелі туризм дамиды. Еске салсақ, биылғы маусымда Премьер-Министр Әлихан Смайылов Қазақстан мен Вьетнам арасында визасыз режим енгізу туралы қаулыға қол қойған еді. Соған сәйкес енді екі ел азаматтары 30 күн визасыз жүре алады. «Турист саны артса, ұшақ рейстерін де көбейту керек. Сондықтан келісімге сай, алдағы уақытта Қарағанды, Шымкент, Атырау қалаларынан да рейс ашылып, Вьетнамға аптасына 7 рет ұшақ ұшпақ, – деді Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов. Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің айтуынша, «VetJet air» компаниясы қазір Алматыға аптасына 4 рет рейс жасайды. Олар енді рейс санын көбейтіп, тағы біздің аэропорттарды басқаруға алғысы келіп отыр. Әрі тек адам тасу емес, тауар тасу, тауар айналымын көтеру үшін каргоны да жіберу туралы ойлары бар. Яғни, Вьетнамның елімізде тауар тасымалына арналған әуехабы пайда болады. Сондай-ақ, бұл елдің бизнесмендері Қазақстанда мұнай өндіретін болды. Осылайша, алдағы жылдары екі елдің сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салаларындағы байланысы беки түспек. Ендеше, бұл келісімдер екі ел үшін де қайырлы іс болсын дейік.

 

Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support