- Advertisement -

Мұндағы мақсат – ақиқатты анықтау

100

- Advertisement -

Саяси қуғын-сүргін жылдарында халқымызға жасалған қиянат аз емес. Оның төрешісі – тарих. Облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаевтың төрағалығымен өткен қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі облыстық комиссия отырысында осы мәселе қаралды.

– Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаевтың саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жарияланған Үндеуі мен осыған сәйкес республикамызда құрылған «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі» мемлекеттік комиссияның бастамашылығымен облыста осы бағыттағы атқарылар жұмыстарды үйлестіретін өңірлік комиссия өз жұмысын бастаған болатын. Тиісінше, атқарылып жатқан және атқарылар ғылыми- зерттеу жұмыстарының ауқымы да нақты анықталған еді. Осыған орай, өткен ХХ ғасырдың 20-30 жылдары кеңес өкіметі сырт көрінісінде «социалистік-демократиялық» жүйені қалыптастыруға тырысқандай болып көрінгенімен, шын мәнінде тоталитарлық қоғам құруға негізделгендігін анықтауға болады. Зерттеліп отырған кезеңдегі Қазақстанның саяси тарихы үшін сол кездегі қалыптасқан және алмасып отырған жағдайдағы әрекет еткен саяси күштердің ерекшеліктерін анықтаудың да маңызы зор, бүгін сіздермен осы жөнінде атқарылып жатқан жұмыстардың барысын баяндауға жиналып отырмыз, – деді Еркін Құлымбайұлы.

Ал, жиналысқа келген арнайы баяндамашылар өз ойларын ортаға салып, Президенттің жарлығы негізінде Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы жанында құрылған «Саяси қуғын-сүргін кезіндегі түрлі зорлық- зомбылық, саяси науқандар мен аштық кезінде Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған босқындарды, дәстүрлі дін өкілдерін зерттеу жөніндегі кіші жұмысшы тобы» 2021-2023 жылдары жүргізген жұмыстардың барысына тоқталды. Облыстық «Руханият және тарихтану» орталығының директоры Сауран Қалиев бұл кезең әлі толық зерттеу мен зерделеуді қажет ететінін айта келіп, Алматыдағы мемлекеттік архивтен бұрын жарияланбаған тың деректер кездесіп жатқанына тоқталды. Ал, белгілі тарихшы Сейдахан Бақторазов: «Қуғын- сүргін кезеңінің бәрі тегіс атыс, шабыстан тұрған жоқ. Сол жылдарда да тіршілік болды. Басқа да мақсаттар болды. Мен сол бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізуді қолға алғалы отырмын», – деді. Ал, Тараз қалалық мемлекеттік архивінің директоры Нұрхат Серікбаев:

– Кеңес Одағын мекендеген халықтардың қай-қайсысы болсын, сталиндік зорлық-зомбылықтан, саяси қуғын-сүргіннен аман қалған жоқ. Кеңес үкіметі жылдарында жекелеген партия, кеңес қызметкерлері ғана емес, тұтас бір халықтар сенімсіз ұлттар қатарына жатқызылып, тарихи атамекенінен күштеп жер аударылды. Архивтік деректерде КСРО-да депортацияға ұшырағандардың саны 1920 жылдан 1949 жылға дейін 3,2 миллион адамға жеткен деп көрсетіледі. КСРО-да ең көп орын алған жаппай қуғын- сүргіндік көші-қондарды арнайы көшірілгендер (спецпереселенцы) деп атаса, саяси мүдде негізіндегі 1934-1944 жылдары көшірілгендерді «еңбек қоныстарындағылар» деп атап, 1944 жылдан бастап «арнайы қоныс аударылғандар» деген атау қолданылды, – деді.

Ал, Жамбыл облысының мемлекеттік архивінің бөлім басшысы Сағындық Зейноллаұлының айтуынша, полиция департаментінің арнайы архивінде жұмыс жүргізген топ мүшелері 130 ақталмаған майдангер туралы мәліметті нақтылаған. Сонымен қатар, партизан қозғалысына қатысып, шет жерде қалған жамбылдық әскери тұтқындар саны 4-еу болса, «Түркістан легионы» құрамында болған жамбылдық әскери тұтқындар – 13, қылмыстық іске тартылғаны 130 екендігі зерттеу барысында анықталған.

«2018 жылы «Ерлік» мемориалдық кешеніндегі тақтаға енгізілген 107 мың жауынгердің арасында тұтқында болған жамбылдықтар да бар. Ұлы Отан соғысы кезінде тұтқынға түскен, лагерьлерде қаза тапқан 7 жауынгердің есімдері анықталып, зерттеу жұмыстары жүргізілді», – деді Сағындық Зейнуллаұлы.

Жиналысқа аудан әкімінің орынбасарлары онлайн форматта қосылып отырды. Ал, отырысты қорытындылаған Еркін Үйсімбаев іссапарға шығамын, зерттеу жүргіземін деген тарихшы, ғалымдарға қаржы жеткілікті екенін айтты.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support