- Advertisement -

Ауыл тұрғындары да мемлекет қолдауын сезінуде

75

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы қойылып отырған басты мақсат – бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту, оны кеңейту, елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесін 2050 жылға қарай кем дегенде 50 пайызға жеткізу. Оны орындау үшін нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыру – Қазақстан Республикасының азаматтарына қалада да, ауылда да 16 миллион теңгеге дейін шағын несие алуына бар мүмкіндік жасалған.

Бүгінгі таңда Күреңбел ауылдық округінде шағын және орта бизнеспен айналысатын 4 ауыл шаруашылығы кооперативі мен 185 шаруа қожалық бар. Олар «Күреңбел», «Kurenbel agro milk», «Асылжан 2020» және «Ерасыл -2022» кәсіпкерліктері. Округ әкімі Ғани Жұбаевтың айтуынша, бұл ауыл шаруашылығы кооперативтер мен ауылдан Б.Момышұлы ауылындағы «АQMOL-2025» пен «Бурненская молочная компания» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне күнделікті 10 тонна сүт өткізілуде. Оны жеткізумен 4 кәсіпкер айналысуда.

– Округ тұрғындарының негізгі кәсібі – мал шаруашылығы. Округке қарасты екі елді мекенде 394 аула, 2065 тұрғын бар. Округте мектеп, балабақша, клуб пен медициналық мекемелерден басқа халыққа үш азық- түлік дүкені қызмет көрсетеді. Былтыр округке газ құбыры тартылып, 394 тұрғын үйдің 314-не көгілдір отын кіргізілді. Жоғарыда Қаратаудың қойнауында жатқан елді мекеннің мал шаруашылығымен айналысатынын айттым. Бүгінгі таңда 185 шаруа қожалық 14267 гектар алқапты игеріп отыр. Егістік жері жоқ округтегі жеті тұрғынға өткен жылы 1 гектардан жер телімі бау-бақша үшін бөлініп берілді. Бұдан бөлек, округ тұрғындарының әр аула санына қарай әкімшілік тарапынан шабындық жерлер теңдей бөлініп, белгілі уақытқа үлестіріліп берілуде, – дейді Ғани Жұбаев.

Былтыр осы жылдың өнімі үшін 661 гектар алқапқа бидай себілсе, биыл 2210 гектарға арпа, 1720 гектарға майлы дақылдар орналастырылды. Сонымен бірге округте ауыл шаруашылығы техникалары да жаңартылуда екен. Өткен жылы 12 ауылшаруашылық техникасы алынса, оның 7-уі лизинг жүйесімен алыныпты. Жалпы округте 67 трактор ауыл шаруашылығы тіркемелерімен, 6-ы комбайн, 17 жүк көлігі егіс алқаптарында жұмыс істеуде.

Президентіміз Жолдауында «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс» дей келіп ауыл шаруашылығына басымдық береді. Осы ретте шаруа қожалықтары субсидияның көмегімен мол өнімге қол жеткізуде. Бүгінге дейін округтегі қожалықтар мемлекет тарапынан берілген 101174 600 теңге субсидияға қол жеткізген. Атап айтсақ, ауыл шаруашылығы техникасына 7, минералды тыңайтқыш 10, өсімдік шаруашылығын дамыту 4, сүт бағытында 4, мал шаруашылығы бағытында 11, бал шаруашылығы бойынша 1 шаруа қожалық мемлекеттен берілген субсидияны алып жұмыс істеуде.

– Округтегі тұрғындардың барлығы үй іргесінде мал ұстайды. Мал басының есебі жүргізіліп, биыл округте мүйізді ірі қара 3206 басқа жетсе, оның 1275 басы сауынды сиыр. Қой-ешкі 19346 басты, жылқы 1213 басты, ал құстар 1908 басты құрап отыр. Округ маңында шаруа қожалықтарға тиесілі 5 мал қыстағы бар. Онда мал төлдету науқаны жүргізілуде, – дейді округ әкімі.

Бұдан бөлек, округте ауданның 2022-2025 жылдарға арналған даму жобасы аясында биыл ауыл шаруашылығы саласында жалпы құны 50 миллион теңгені құрайтын бір инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Яғни, «Гүлназ» шаруа қожалығы жаңбырлатып суғару қондырғысын егіс алқаптарына орналастырмақ ниетте. Бұдан бөлек, бір шағын сүт өнімдерін өндейтін цех ашу жоспарлап отыр екен. Жоба құны 40 миллион теңгені құрайды. 4 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Құрылыс саласында жобалық құны 40 миллион теңгені құрайтын екі жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бұл жоба жүзеге асса, 5 жұмыс орны ашылмақ. Оның бірі техникалық жөндеу орталығы болса, екіншісі – демалыс орталығын ашу көзделген.

 

 Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жуалы ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support