- Advertisement -

Шаруалар дайындықты бастап кетті

145

- Advertisement -

Өткен жыл Жуалы ауданының ауыл шаруашылығы саласы үшін жаман болған жоқ. Диқандар мол өнімге қол жеткізіп, жиын-терін жұмыстарын уақтылы аяқтап, өткен жылды табысты қорытындылаған болатын. Ал, биылғы жылдың өнімі қалай болмақ? Бүгінгі таңда аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің алдында тұрған басты мәселенің бірі де осы.

Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Серкебаевтың айтуынша, аудандағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 216306 гектар алқапты құраса, оның егістігі – 95449, шабындығы – 2046, жайылымы – 109439, көпжылдық екпелері – 265, басқа да жерлер 2128 гектар алқапты алып жатыр. Осы жылдың өнімі үшін 60117 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланған. Атап айтсақ, арпа – 29200, майлы дақылдар – 22180, көпжылдық шөп – 3915, картоп – 2710, көкөніс – 750, дәндік жүгері – 350, бақша – 12, сүрлемдік жүгеріні 1000 гектар алқапқа орналастыру көзделген.

Шаруашылықтар көктемгі егіске қажетті тұқыммен қамтылған. Қазіргі таңда шаруа қожалықтарда 4964 тонна тұқым бар. Оның 8,5 тоннасы ғылыми зерттеу институттарынан алынған элита тұқымы.

– Көктемгі дала жұмыстарына дайындық басталып кетті. Биыл жерде ылғал көп. Жер құрғаса шаруа қожалықтар дән себуге сақадай сай тұр. Тұқым мәселесі толық шешілген. Алда элиталы тұқымнан тағы да мол көлемде алу жолдары қарастырылуда. Тұқым зертханасы толығымен жұмыс атқаруда, барлық ауылдық округтерге ескерту берілген. Майлы дақылдарға қажетті тұқым 440 тонна толығымен қамтылған. Жүгері бойынша 7 тонна тұқым қажет. Картоп дақылына қажетті тұқым көлемі 8130 тоннаны құрайды. Жетіспейтін картоп тұқымы алдағы уақытта Қарағанды, Павлодар облыстарынан жеткізіледі. Сонымен қатар, «Злиха» тұқым шаруашылығы элита және суперэлиталық картоп тұқымдарын алуға келісімшарт жасауда. Бұл шаруа қожалық аудандағы картоп өсірушілерге 30 тоннаға дейін тұқым бере алады, – дейді Ержан Серкебаев.

Көктемгі дала жұмыстарына биыл агроқұрылымдар тарапынан 634 трактор қатыстырылмақ. Жалпы, аудандағы ауыл шаруашылығы құрылымдарында трактордан бөлек, 158 комбайн, 790 ауыл шаруашылығы тіркемелері бар. Дән себу үшін шаруа қожалықтар тарапынан 110 дән сепкіш, 165 соқа, 97 культиватор, 12 дән улағыш көктемгі дала жұмысына сақадай сай әзір тұр екен. Жалпы алғанда, бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығы 86 пайызды құрап отыр.

Ауыл шаруашылығы құрылымдарын жанар- жағармаймен қамту жұмыстары арнайы операторлар арқылы жүзеге асырылуда. Көктемгі дала жұмыстарына қажетті кепілдендірілген дизель отынын тарату қызметтері «Ақ қайың» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жүктелген. Көктемгі дала жұмыстарына жоспар бойынша 3055 тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлінді, оның 1820 тоннасы ақпан, 650 тоннасы наурыз, 585 тоннасы сәуір айларына бөлінген. Бүгінгі таңда ақпан айына бөлінген жанар-жағармайға қажетті қаражат толығымен аударылып, тиісті дизель отыны 23 шаруа қожалыққа 206 теңгеден босатылған.

Шаруашылықтарға көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін жеңілдетілген несие де берілуде. Аудандағы шаруа қожалықтар көктемгі дала жұмыстарын талапқа сай жүргізу мақсатында «КТ Жуалы» несие серіктестігі арқылы «Кең дала» бағдарламасы аясында 6 шаруа қожалық 44,8 миллион теңге алған. Сонымен қатар, қосымша 4 шаруа қожалық 48,3 миллион теңге алу үшін құжаттарын рәсімдеу үстінде.

– Жақсы өнім алу жерге тыңайтқыш сіңіруге де байланысты. Биыл ауданға бөлінген жоспар 5100 тоннаны құрайды. Биыл ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан бекітілген жаңа ережеге сәйкес, минералды тыңайтқыштарды шаруашылықтар толық төлеп алады, төленетін субсидия көлемі қожалық е с епшотына аударылады. Бүгінгі таңда «ҚазАзот» және «ҚазФосфат» ЖШС-мен агроқұрылымдар тарапынан көктемгі дала жұмыстарына қажетті тыңайтқыш 15 шаруа қожалығына келісімшарт бойынша босатылатын болды. Оның қазіргі таңда 175,3 тоннасы алынып, алқаптарға сіңірілуде, – дейді Ержан Серкебаев.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жуалы ауданы

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support