- Advertisement -

Еңбекшіл қауым егіс алқабына шықты

144

- Advertisement -

Еңбекшіл қауым дала жұмысына қайта кірісіп кетті. Таң атпай кетпенін асынып, жерден несібесін жинағандар егістік алқабын егінге дайындау үстінде.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітековтің айтуынша, қазіргі таңда аймақ бойынша жоспарлы жыртылуы тиіс 104 мың гектар жердің 605 гектары айдалып, дайындалатын 453,2 мың гектар алқаптың 110 гектары тұқым себуге дайын. Жамбыл жерінде биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 770,4 мың гектарға орналастырылып, өткен жылмен салыстырғанда 14,4 мың гектарға ұлғаяды деп күтілуде.

Оның ішінде 398,3 мың гектарға дәнді және дәнді бұршақты дақылдар, 72,1 мың гектарға майлы дақылдар, 44,8 мың гектарға көкөніс дақылдары, 10,4 мың гектарға қант қызылшасы, 11,8 мың гектарға картоп, 16,8 мың гектарға бақша дақылдары және 216,2 мың гектарға мал азығы егіледі.

Қазіргі уақытта көктемгі дала жұмыстарына қажетті 95,6 мың тонна тұқымның 73,1 мың тоннасы өзімізде бар, ал бұл қажетті тұқым көлемінің 76,4 пайызын құрап отыр.

Сондай-ақ, жетіспейтін қант қызылшасы, дәндік жүгері, картоп, сүрлемдік жүгері мен күнбағыс дақылдарының тұқымын шет мемлекеттерден және Алматы, Қарағанды, Павлодар және Жетісу облыстарынан жеткізу көзделуде. Биылғы егіс жұмыстарына 6883 дана ауыл шаруашылығы техникаларын, яғни 4 529 дана трактор, 1 071 дана соқа, 746 дана дән сепкіш, 457 дана қопсытқыш, 80 дана тұқым дәрілегіш техникаларын жұмылдыру жоспарланып отыр екен.

Жалпы, көктемгі дала жұмыстарына қажетті дизель отыны 15,5 мың тоннаны құраса, оның 4,1 мың тоннасы облысқа жеткізіліп, 495 тоннасы шаруашылықтарға таратылған.

Жердің тоңы жібіген кезде басталатын жыл сайынғы көктемгі егіс, дала жұмыстары Байзақ ауданында биыл да қарқын алып отыр. Қыстың қамын жаз сайлаған диқандар «Көктемде түскен бір дән, күзді күні мың дән болады» деп, егін алқабында еңбек етуді бастап та кетті. Бұған біз облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ұйымдастыруымен өткен баспасөз туры барысында көз жеткіздік.

Журналистер әуелі кең даланың төсінде жер жыртуды бір апта бұрын бастап кеткен «Нұрхан» шаруа қожалығының егіс алқабына атбасын бұрды. Биыл мол өнім алуға үмітті шаруа қожалық басшысы Қырықбай Рахымбердиев көктемгі егін егу жұмыстарын жүйелі жүзеге асырудың қамын жасауда.

– 1995 жылдан бері шаруа қожалықтың жұмыстарымен айналысамыз. Осы жылдар аралығында пияз, жоңышқа ектік. Соңғы екі-үш жыл көлемінде судың жағдайы болмағандықтан, жоңышқаны қысқарттық. Қазір арпа егуге көштік. Күн көзі жылт еткенде-ақ, үйдегі бала-шағамызбен бірге егіс алқабына шығып, тыным таппаймыз. Қазір 2 трактор жер жыртып жүр. Жергілікті билік тарапынан дизель отыны берілетін болды, – деді қожалық басшысы Қырықбай Рахымбердиев.

«Нұрхан» шаруа қожалығының иесі журналистерге бүгінде дизель отынының бағасы шаруалар үшін қымбатқа түсіп отырғанын, осы орайда тиісті орындардан жеңілдетілген бағамен берілетін жанар- жағармай айтарлықтай көмек болатынын жеткізді. Себебі, «Жер тоймай, ел тоймайды».
Айта кетейік, бүгінгі күні облыста Байзақ ауданында ғана емес, сонымен қатар, Жамбыл ауданында да шаруалар көктемгі дала жұмыстарына кірісіп кетті.

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support