- Advertisement -

Тұрғындар шошқа асырауға қарсы

110

- Advertisement -

Билікөл ауылдық округінің орталығы – Қарабастау ауылының тұрғыны он бес жылдан бері ауласында бір қора шошқа ұстап отыр. Қазіргі таңда оның үй іргесіндегі қора-жайында жалпақтанаудың басы 200-ге жеткен. Көршілерінің наразылығын көзіне ілмейтін кәсіпкерге әзірге ешкімнің сөзі өтпей келеді.

Ауыл тұрғыны Татьяна Потапенконың қора-жайында болып, кәсіпкердің үй жағдайындағы шаруасымен таныстық. Ол өз ісінен ешқандай сөкеттік көріп отырмағанын айтты. Көршілерінің де үйір-үйір жылқы, қора-қора қой ұстап отырғанын алға тартты.

Билікөл ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Еңсебек Абсалямовтың айтуынша, бұл мәселенің туындағанына он бес жылға жуықтап қалған. Округті басқарған барлық ауыл әкімдері кәсіпкерге ескерту жасаудан аса алмаған. Өйткені елді мекенде қой, сиыр мен жылқы басына қойылған шектеу бар да, шошқа басына ондай шектеу қойылмапты.

Әкімдер мен округтің мал дәрігерлерінің діңкесін құртқан да осы заңдылықтар екен. Ал мал дәрігерлерінің айтуынша, округтің шаруашылық кітабында ол кәсіпкердің 50 бас аналық шошқасы ғана тіркелген болып шықты.

– Біз жеке кәсіпкердің жұмысына шектеу қоя алмаймыз. Екі жүз емес, бес жүз бас шошқа ұстаса да қарсылығымыз жоқ. Ол оның кәсібі, бірақ айналасындағы тұрғындардың да жағдайымен санасуы керек қой. Біздің бүгінгі кәсіпкерге қойып отырған талабымыз, шошқасын ауыл сыртындағы бос тұрған фермалардың бірінде ұстасын. Ұстайтын баз жоқ болса сатып алуына да болады. Сатамын деп отырған азаматтар бар. Ауылдың ішінде екі жүзге жуық шошқаны бір аулада ұстау деген, ақылға сыймайды. Оның қоңсы иісі деген жаман енді. Ол үйдің тұсынан жаз айларында мұрныңды жаппай өте алмайсың. Біз көшенің басында тұрамыз, ал ол иістен зәрезап болған көршілерінің жағдайын өзіңіз-ақ көз алдыңызға елестете беріңіз, – дейді Еңсебек Абсалямов.

Бүгінде ауыл халқының шыдамы таусылған. Өз базыналарын журналистерге айтып көмек сұрады. «Әрнәрсенің шегі болуы керек. Ауыл тазалығына барлығымыз үлесімізді қосуға тиіспіз. Қазір малы көптер малын ауыл сыртына шығаруда. Біз де көршімізге, ауыл тұрғыны Татьянаға да осы талапты қойып отырмыз. Татьяна бір емес, мың шошқа ұстасын. Бірақ наурыз айынан бастап мал сияқты ауылдың сыртына шығарсын. Қыс айларында ауласында ұстауына қарсылығымыз жоқ. Жазда ұстамасын ауылдың ішінде. Қоңсы иісіне тұншығып болдық», – дейді «Бейбітшілік» шаруа қожалығының жетекшісі Қадырқұл Мышбаев.

2014 жылы ауыл тұрғындары әкімдікке ауызша шағым түсіріпті. Сол кезде кәсіпкер қайдан тапқанын білмейміз «Шошқаның қоңсы иісінің адамға зияны жоқ» деген анықтама әкеліп беріп, көпті бір басыпты. Бұл жолы олай болмайтынын білген кәсіпкер, қорасына кіргізіп, шаруасымен таныстырды.

– Бұл кәсіппен айналысып келе жатқанымызға отыз жыл болды. Жұмысы ауыр. Таңертең сағат бестен тұрып, астын тазалаймыз. Жем-суын береміз. Тапқан табыстың 90 пайызын шошқаның жеміне саламыз. Онсыз кәсіпті жүргізу мүмкін емес. Қазір жем бағасы қымбат. Ал қазір торайымен қоса есептегенде қорада 200 басқа жуық шошқа бағылуда. Жақында торайлардың біразын базарға барып өткереміз. Кәсіппен ауыл ішінде айналысып отырғандықтан да қора-жайымызды таза ұстауға күш саламыз, – деді Татьяна Потапенка.

Қора жайы тап-таза. Оны соятын орны жабық қора ішінде орналасқан. Ет қалдығын, іш-құрылысын иттеріне береді екен. Ал қора-жайдан шыққан қиын ауыл сыртындағы күл-қоқыс орнына арнайы көліктерімен апарып төгуде. Көршілері: «журналистер келе жатыр дегенді естіп, түнімен тазалады қорасын» деп айтып қалды. Торайлайтын шошқалар бөлек қорада жайластырылған. Етке өткізілетіні бөлек. Осының өзін Татьяна ұлы Андреймен және екі көмекшісімен атқарып отыр екен.

Ауыл тұрғындары «кәсіпкердің жұмысында шатағымыз жоқ, бізге керегі таза ауа. Қашанғы ауылдың ортасында сасық ауаны иіскеп отыра береміз. Шошқасын ауыл сыртында ұстасын» деген бір ғана талап қоюда. Тіпті сасық иіс салдарынан көршісі Талғат Мұстафаевтың жұбайы төркініне кетіп қалыпты.

– Жұбайым, шошқаның қоңсы иісіне шыдап отыра алмаймын, деп төркініне кетіп қалды. Қорамда 10 жылқым бар. Жылқыларды тастап мен де кете алмай, байланып қалдым. Қой сойып, далаға кептіріп алайық десек те шошқаның иісі жаюлы етімізге дейін сіңіп қалады. Тамақ жесек те мұрнымызға исі келіп тұрады. Көрші болғаннан кейін әдептен аспай отырмыз. Шыдамның да шегі бар, енді сол шыдам таусылды, – дейді Т.Мұстафаев.

Сөздің төркіні, Татьяна жесір әйел екенін алға тартып, ауласынан талпақтанаудың тұқымын ауыл сыртына шығарғысы жоқ екенін аңғартты. Шығарған күнде де жер алу керектігін, оны жабдықтауы бар, құрылысы бар қаншама қаражат салуға тура келетіндігін айтып, оған шамасының жоқтығын жеткізді.

Бұған дейін ауыл тұрғындары тарапынан мұндай шағымның болмағанын аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова айтты. Билік өкілімен бетпе-бет кездесу барысында ауыл азаматтары да жазбаша еш жерге бұған дейін арызданбағанын, аудан әкімінің есебінде көтермегендерін мойындады. Енді бұл мәселені ауыл тұрғындары қолға алып, аяқсыз қалдырмайтындарын айтып, құзырлы орындарға шағым түсіретін болып келісті.

– Біз ауыл тұрғындарының өтінішін тыңдадық. Елді мекеннің ішінде осынша бас шошқаны ұстап отыру заңды ма заңсыз ба, оны біз анықтайтын боламыз. Бұл бойынша облыс, аудан әкімдігінің ветеринария бөліміне, санитарлық эпидемиологиялық стансасына тапсырма берілді. Оның заңдылықтары әлі алда қаралып, зерттеліп, зерделеніп барып қорытындысы шығарылатын болады. Ол қанша уақыт алатынын нақты айта алмаймын, бірақ қорытындысы ауыл тұрғындарына хабарланады. Тиісті бөлімдердің талдау, зерттеу жұмысынан кейін барып, шешім шығарылады. Қажет болса, кәсіпкерге ауыл сыртынан қора- жай салатын жер бөлуге көмек беруге де дайынбыз, – деді аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жуалы ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support