- Advertisement -

Мұқағалидың жүз өлеңін жатқа білетін Мадина

163

- Advertisement -

Ақиық ақын Мұқағaли Мақатаевтың есімі әр қазақтың жүрегінде, кітабы әр оқырманның төрінде екені анық. Шындықты шырақ етіп ұстаған шайырдың тар шеңберге сыймаған асаулығы да – аңызға бергісіз асыл қасиет. Сондықтан қазіргі таңда Мұқағалидың мұраларын қастерлеп, қадір тұтатындар өте көп.

Меркі ауданындағы Ақкөз Қосанұлы атындағы №18 орта мектептің 8-сынып оқушысы Мадина Алтуева ақын шығармашылығына қызығып өсіп келе жатқан жастың бірі. Кішкентай кезінен өлең оқығанды жақсы көрген ол бірінші сыныптан бастап қазақ ақындарының өлеңдерін жаттай бастаған. Ыбырай Алтынсариннің, Шәкәрім Құдайбердіұлының, Жамбыл Жабаевтың бірнеше өлеңдерін жатқа біледі. Үшінші сыныптан бастап Абай Құнанбайұлының өлеңдерін жаттай бастаған.

Қазіргі таңда Абайдың 100 өлеңін еркін, жатқа оқиды. Сондай-ақ Мадина былтырдан бері Мұқағалидың жырларын жаттауға ерекше көңіл бөлген. Қазіргі таңда ақиық ақынның 105 өлеңін және «Аққулар ұйықтағанда» атты поэмасын жатқа оқиды.

Әкесі Қайрат та, анасы Ажар да қыздарына үнемі көңіл бөліп келеді. Бұл отбасында тәрбиеленіп отырған бес қыздың барлығы да үлгілі және оқуда зеректігімен көзге түсіп келеді.

Бүгінде Мадина өзінің жеке қызығушылығы бойынша би үйірмесіне қатысады. Осы кезге дейін бірнеше ақынның өлеңін жаттап жүрген Мадинаны былтыр қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ақмарал Шаймерденова Мұқағали өлеңдерін жаттауға бағыттап, тапсырма берген. Содан бері зерек қыз Мадина барша қазақ құрметтеген ақынның жүзден астам өлеңін жаттап алған. «Біздің мектепте мыңға жуық оқушы білім алады. Сондықтан арасынан нағыз үздіктерін таңдауға мүмкіндік бар. Техникалық пәндерге, спорт пен өнерге бейім оқушыларымыз да аз емес.

Ал Мадинаға өзім қазақ тілі мен қазақ әдебиетінен сабақ беремін. Оның әдебиетке қызығушылығы ерекше. Сыныптағы сабақ үстінде де 4-5 шумақ өлеңді тез жаттап, қайтадан айтып беретін зеректігін білемін. Сондықтан Мұқағали ақынның жырларын жаттап алуға кеңес бердім. Мадина ол тапсырманы жоғары деңгейде орындап жүр десем болады. Мектебімізде талантты, дарынды балалар көп. Солардың қатарына Мадинаны да қосуға болады. Алдағы уақытта «Мұқағали оқулары» байқауына қатыстыруды жоспарлап отырмыз», дейді Ақмарал Шаймерденова.

 

Есет ДОСАЛЫ

Меркі ауданы

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support