- Advertisement -

Жастар мәселесі: қиындықтар мен түйткілдер

97

- Advertisement -

Жамбыл өңірінде 258 мыңнан астам жас бар. Олар облыс халқының 22,4 пайызын құрайды. Ал Жастар ресурстық орталықтарында жалпы саны 415 маман қызмет атқарса, оның ішінде 328 маман жастармен етене жұмыс жасап жүр. Яғни мемлекеттік жастар саясатын іске асыру аясында жүктелген бірқатар міндеттер жергілікті жерлерде аталған Жастар ресурстық орталықтарымен іске асырылуда.

Бұл туралы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде облыс әкімдігі жанындағы жастар істері жөніндегі кеңестің отырысында айтылды. Оған облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев қатысты. Жиында облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар «Жамбыл облысында мемлекеттік жастар саясатын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасының орындалуы туралы» баяндады.

– Артылған міндет аясында жұмысты талап ету үшін бірінші кезекте сол орталықтардың ресурсы мен материалдық-техникалық базасы және ғимараты болуы тиіс. Осы орайда, облыс әкімінің хаттамалық тапсырмасына сәйкес, жастармен жұмыс істеуде қолайлы жағдай жасау мақсатында Тараз қаласы мен аудандық Жастар ресурстық орталықтарының дербес ғимаратқа орналасу мәселесін шешу тапсырылған болатын. Орталыққа мемлекет теңгеріміндегі ғимаратқа орналасуын немесе шағын жеке ғимарат мәселесін шешуді ұсынамын. Орталық ғимаратын жастар игілігі мақсатында пайдалану үшін балалар кітапханасын басқа жерге ауыстырса құба-құп. Бұл салада айлық жалақының төмен болуына байланысты кадр тұрақсыздығы байқалады. Осы бағытта тиісті аудандық әкімдіктер жергілікті бюджет қаражаты есебінен ынталандыру үстемеақы белгілеу бойынша мүмкіндіктерді қарастырса деймін. Облыс әкімінің бастамасымен іске асырылып жатқан өңірді дамытудың 2025 жылға дейінгі Даму жоспары аясында бюджеттік және инвестициялық жобалар шеңберінде соғылатын құрылыс нысандарына жұмыссыз жастарды жұмыспен қамту мақсатында студенттік құрылыс еңбек жасақтары жұмысын жандандыру қажет. «Жастарды студенттік құрылыс еңбек жасағында маусымдық жұмыспен қамту» жобасын іске асыру үшін Тараз қаласы мен аудандық орталықтар тарапынан мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыстарды іске асыруға қаражат бөлу мәселесін қарастыру керек. Аудандық жастар ресурстық орталықтарының ескірген материалдық-техникалық базасы да жаңартуды қажет етеді, – деді басқарма басшысы.

Бұл жөнінде облыс әкімінің орынбасары Е.Үйсімбаев «Баяндамада құрал-жабдықтар бойынша қиындықтар бар екені айтылды. ХХI ғасырда компьютер, принтер, интернетсіз жастар қалай жұмыс жасайды? Бюджет нақтыланған кезде осы мәселені толыққанды қамтамасыз ету шарт. Басқа да қажеттіліктер қарастырылады» деді.

Мұнан соң «Жайдарлы» Жастар КВН лигасы» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Юсуп Еламан «Жайдарлы» Жастар КВН лигасы» жастар қоғамдық бірлестігінің 2022 жылы атқарған жұмыстары туралы» хабарлама жасады. Ол қаңтар айының 29-ы мен ақпан айының 5-і аралығында Астана қаласында «Республикалық Жайдарман Маусымашар – 2023» фестивалі өтетінін, оған өңір намысын қорғауға 10-нан астам команда баратынын, алайда, республикалық жоғары лигаға жолдама алған «Медиум» еркін құрама командасы тұрақты демеуші іздестіріп жатқандықтарын алға тартты.

Одан кейін сөз алған «Жамбыл облыстық еріктілер қозғалысы» қоғамдық қорының президенті Динара Берекеева «Жастар арасында волонтерлік қызметті дамыту туралы» сөз қозғады. Кеңес барысында басқарма басшысы мен жастар тарапынан өзге де түрлі ұсыныстар айтылды.

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

 

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support