- Advertisement -

Тараздан табылған тиындардың тарихы

416

- Advertisement -

«Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында тарихтың қатпарлы құндылықтары кеңінен айтылған. Осы орайда, екі мың жылдан астам тарихы бар Тараздың құндылықтары да ерекше назар аудартады. Сол тарих – рухани жаңғыру жолына алтын қазық, бүгінгі ұрпаққа құнды мұра болатыны анық. Рухани жаңғырудың негізгі мәні осы тарихты таразылап, жас ұрпақ жадында жаңғырта алуымызда жатыр.

Дүниежүзілік қолөнершілер қаласы атағын алған Тараз қаласының тарихы сан қырлы. Қала қойнауында қаншама халықтың, қаншама мәдениет пен өркениеттің озық үлгілері сақталған. Ортағасырлық Тараз қаласының дамуы барлық сипаты жағынан бірнеше кезеңдерден өткен.

Ерте феодализм кезеңіндегі Тараз дәуірі VI-IX ғасырларды қамтиды. Бұл кезең Тараз және айналасындағы қалашықтар топографиясы, қолөнер, қоғамдық қатынастардың басталған тұсы. Тараздың гүлденген кезеңі Х-ХІІ ғасырдағы феодализм дәуірі. Қолөнер, сауда және шаруашылықтың одан әрі дамуы, исламның енуі –қаланың көркеюіне әсер етті. Талас бойындағы мәдениеттің құлауы – ХІІІ-ХVІІІ ғасырларда болған.

Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан ең ірі сауда, ғылым, экономика орталықтарының бірі болғандықтан Тараз үнемі таққа талас қақтығыстары негізінен бір иеліктен бір иелікке өтіп отырған. Оның дәлелі нумизматикалық жәдігерлер.

Біздің заманымыздағы 704-766 жылдары Таразда құйылған теңгелерде «Түргеш қағанаты теңгесі» немесе «Түркінің көк қанының теңгелері» деген жазулар болған. Бұл тайпалық дәрежедегі теңге емес, бүкіл мемлекет дәулетін, мүлкін, ел ырысын куәландыратын кепілдеме.
999 жылы Талас бойындағы қалалар Қараханид құрамына кірді. М.Е.Массон, О.И.Смирнова, А.Н.Бернштам, М.А.Бубнова т.б. зерттеулері нәтижесінде Тараздың теңге сарайы 1002 жылдан 1173 жылдар арасында билеушілері және вассалдық билеушілері өз аттарынан тиындар шығарған.

Музей қорында түргеш тиындары, Қараханид дирхемдері, Самарқанд, Бұқара тиындары, ХІІІ ғғ.дейінгі қолданылған тиындардың, сондай-ақ XV ғасырдың ІІ жартысына жатқызылатын Тимурид тиындар коллекциясы сақталған. Тиындармен қатар осы тиындарды сақтаған құмыралар да, көмбелер де табылған.

Ортағасырлық билеушілер арасында билігі мықтылары ғана өз атынан тиындар шығара алған, кез келген билеуші бұлай жасай алмаған. Оның белгілі бір деңгейде саяси ықпалы жоғары болу керек. Осыдан Тараздың саяси беделін көруге болады. Таразда теңге сарайының болуының тағы бір себебі – алтын мен күміс кен орындары.

Тараз түсті металлургия орталығы болған. Ежелгі күміс кен орындары Ақыртас маңында, Қордай ауданының тауларында орналасқан. Белгілі қазақстандық археолог Карл Байпақовтың дерегінше ХІІІ ғасырдың өзінде Орталық Азияда 15 теңге сарайы болған. Солардың қатарына бірнеше түркі мемлекеттерінің ірі қаласы Тараз да кіреді.

Тарихшылардың айтуынша, Қытай династияларының тиындары VII-VIII ғасырларда қолданысқа ене бастаған. Бұл монеталар дефициттік жағдайда болғандықтан түркі билеушілерінде үлкен қажеттілік туындап өз монеталарын соға бастады. Алғашқыда монеталар Шу алқабы бойындағы Суябта, кейіннен Тараздағы теңге сарайларында соғылды. Нумизматикалық жәдігерлер тек теңгенің таралуы, қолданылуы, құндылығынан ғана ақпарат бермейді. Ол қаланың, мемлекеттің экономикасы, беделінің бейнесін көрсетеді.

Музей қорындағы тиындардың көпшілігі қоладан, мыстан соғылған. Көбінде қалашықтардың, керуен-сарайлардың археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылып, музей қорына тапсырылған. Өлшемдері де әртүрлі болып келеді. Әрқайсысында әртүрлі өрнектер, нақыштар, сызықтар, жазулар түсірілген. Облыстық тарихи-өлкетану музейі нумизматикалық қоры өте бай бірегей музейлердің қатарына жатқызылады және мұндай жәдігерлер әлбетте музей құндылығын арттырып отыр.

 

Жұлдыз АЛМАНҚҰЛОВА,
облыстық тарихи-өлкетану музейі «Экскурсиялық және көпшілікке қызмет көрсету»
бөлімінің меңгерушісі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support