Бақыт та, байлық та адал еңбекпен келеді

90

Мемлекет басшысының биылғы қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс» деп атап көрсетті. Президент міндеттеген тапсырманың орындалуы туралы бұған дейін аудан әкімдерімен сұхбат беріп, басқа да әр саланы басқарып отырған азаматтардың мақалаларын үздіксіз жарияладық. Бұл жолы төрт түлік өсіріп отырған шаруамен әңгімелесуді жөн көрдік. Ол – Жамбыл ауданындағы «Бәйелі болыс» шаруа қожалығының жетекшісі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жұмасейіт Асанәліұлы Нұрбаев.

– Жұмасейіт Асанәліұлы, Мемлекет басшысы Жолдауларында, Үкіметтің кеңейтілген отырыстарында ауыл шаруашылығы саласына үнемі тоқталып, өзекті мәселелерді шешуді міндеттейді. Сіз мерзімді басылымда, оның ішінде «Aq jol» газетінде ауыл шаруашылығы саласына қатысты мәселелерді жүйелі түрде көтеріп келдіңіз, кейінгі кезде әлеуметтік желіде де елді толғандырып жүрген тақырыпты жазып жүрсіз. Енді өзіңіздің сүйікті басылымыңыз арқылы оқырмандарымызбен ойыңызды бөліссеңіз. Бірінші әңгімені жастық шақты еске алсаңыз, оқушы, студенттік жылдарға оралсаңыз, одан әрі жеке шаруашылық құрылымын қалай құрдыңыз, осыдан бастасаңыз?

– Біздің жас кезімізде жоғары класс оқушылары шаруашылық жұмыстарына қолғабысын тигізетін. Сарысу ауданы жүгері егеді ғой, өзіңіз де қызыл қырманда ол заманда «дала аруы» делінетін дақылдың қабығын талай аршыған шығарсыз. Ал біздің Жамбыл ауданы қызылшаман айналысты. Оқушылар тәтті дақылдың жапырағын отайтын. Әкем мал шаруашылығымен айналысса, анам қызылшашы болды. Сабақтан тыс уақытымның көбі алқапта, анама көмектесумен өтетін. Қызылша алқабынан үйге сүріне-қабына жетісімен қолдағы малды жайғап, сабақ қарауға отыратынмын. Біз осылай еңбекпен ер жеттік, оқуды үздік оқыдым. Аса ауылында орта мектепті бітірген жылы бірден Жамбылдағы гидромелиоративтік институтқа түстім. Ол кезде қайда талап күшті. Жоғары оқу орнында да солай. Қолға диплом тиген соң облыс орталығында ауыл шаруашылығы тресінде еңбек жолымды бастадым. Түркіменстанның астанасы – Ашхабадтың құрылысында да қолтаңбам қалды. «Біртұтас кеңес одағының» әсері ғой ол. Өстіп жүргенде мызғымастай болған кеңес одағы ыдырап, он бес одақтас республика өз алдына бөлініп жатты, қазақ елі де Тәуелсіздігін жариялады. Бір қоғамнан екіншісіне өткендегі кездеспей қоймайтын қиындықтың қамыты бірінші қарапайым халықтың мойнына түсті.

Социалистік меншік жойылып, жүздеген отбасын асырап келген кеңшар мен ұжымшар біткен тарап жатты. Жанар-жағармай дегеннің бағасы аспанға шықты. «Бартер» деген пәле ауылдағы еңбек адамдарының ұғымына сол жылдары пайда болды. Қалт-құлт етіп іргесі сөгілмей отырған шаруашылықтарды «бартер» жұтты. Кеңшар жұмысшылары мен қызметкерлері, колхозшылар шаруашылықтардан өз үлестерін алып, бірі оншақты тұяқ пен ескі- құсқы техника, енді бірі азын-аулақ жер иеленіп, жеке шаруашылық құрылымдарын құруға кірісті. Ауылда да, қалада да жұмыс болмаған соң, сауда-саттыққа кеттім. Тауар саттық, басқа саттық, қаржының басы құралғанда ауылға келіп, ата кәсіп мал шаруашылығына оралдым. Мен өзі «Билікөлдің» маңайын жайлаған әділдіктің ақ туын түсірмей өткен, мың жылқы айдаған Байәлі болыс байдың немересімін ғой. Атамның атымен мал шаруашылығымен айналысатын жеке шаруашылық құрдым. «Әкенің малы балаға мал болмайды» деген бекер. Атамнан қалған жылқының тұқымы үйірде әлі жүр. Мемлекеттің қолдау-көмегінің арқасында өрісіміз кеңейіп, малға толды. Біздің шаруа қожалығы жыл сайын 100 тоннаның көлемінде ет өндіріп, өткереміз.

– Өткендегі әлеуметтік желідегі бір жазбаңызда «Бұлай кете берсе қазақ малсыз қалады» дедіңіз. Осы мәселені тарқатып айтып берсеңіз?

– Жылдан жылға мал басы кеміп жатыр деген күдік бар менде. Ауылдық округ әкімдігі ауданға, аудандық әкімдік облысқа, облыс Үкіметке беретін мал саны туралы мәлімет дұрыс па? Оны тексеріп жатқан кім бар? Мал жекенікі болған соң, қорасына кіргізіп кім санатады? Кейбір шаруалар мал шаруашылығына берілетін субсидия алу үшін алдындағы малының санын көбейтіп жаздыруы мүмкін.

Ал енді мал басының кеміп кетуіне қазір малшының жоқтығы да себеп болуда. Әлеуметтік жағдайы құқықтық тұрғыдан қорғалмаған соң, жастар мал бағуға келе бермейді. Дұрыс, малшыға шаруа келісімді айлық-жалақысын төлейді. Кейде мал басымен, кейде қолма-қол ақшамен есептеседі. Мақұл, олардан зейнетақы төлеу орталығына айлық-жалақысының тиісті жарнасы аударылып жатыр ма? Бұл да мәселенің бірі. Бізбен қатарлас шаруалар сиреп келеді. Аттың жалында, түйенің қомында жүрген жас жоқ бүгінде. Не істеу керек? Бірінші Үкімет мал шаруашылығын дамытуға кешенді бағдарлама қабылдаса деймін. Бағдарламаға шаруаның жеке жайылымдық жеріне мал шаруашылығы дамыған Австралия немесе басқа да өркениетті мемлекеттердегідей сым темірмен қоршап, электр қуаты енгізілсе. Сонда малды өлтірмейтін төменгі кернеулі токқа бір соқтыққан мал екінші рет ол маңға аяқ баспайды. Президент Жолдауда: «Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс» деп нақты тапсырма берді. Осы тәсілді осыған енгізсе ғой, Үкімет.

Тағы бір мәселе – жастардың қалаға кетуі. Мал бағып, егін салғаннан, қалаға барып, қара жұмысқа жегілгенді жөн көреді жұмыссыз жүрген жастардың көбі. Тас қалап, балшық илеген мал баққаннан оңай ма? Базарға барып, арба айдап жүргендердің де дені қазақтар. Мал баққан мен егін салып, бақша өсіргеннің пайдасын айтып, балаларды жастайынан малсақ етіп немесе дихандық кәсіпке баулымаған өзімізден де бар деп ойланамын кейде.

Ендігі жерде Президент пәрмен беріп отырған соң, ана облысқа пәлен, мына облысқа түген миллиард теңге субсидия берілді дегенше, Ауыл шаруашылығы министрлігі жоғарыда атап көрсеткен жобамен айналысса ғой. «Субсидия бөлуге және оның жұмсалуына жүргізілетін бақылауды күшейту керек» деді Президент. Бұл да ат үстінде жүрген азаматтарды ойландыруы керек. Ертең мал бағуды былай қойып, қайыратын бала таппай қаламыз. Екінші ауыл шаруашылығы мамандарын дайындайтын жоғары оқу орындарына ауылдық жердің жастарына квотаны көп бөлу жағы ескерілсе. «Дипломмен ауылға» бағдарламасында зоотехник мамандығы бар жоғары оқу орындарының түлегі бар ма, оны білмедім, болмаса енгізу керек. Ветеринар- дәрігер, агроном мамандығы да ауылдық округтерге ауадай қажет. Сосын ауыл әкімдерін тағайындағанда немесе сайлағанда міндетті түрде ауыл шаруашылығы маманы болуы тиіс деген ереже енгізілсе. Әйтпесе бұқа мен өгізді ажырата алмайтын әкімдерді де көріп жүрміз. «Мал шаруанікі, оған неге ауыл әкімі жауап беру керек» дегенді қойған жөн. Әкімдер ауылдағы мәдениет, білім, спорт, басқа да салалармен қатар ауыл шаруашылығын да үйлестіріп отыруы шарт. Сосын жеке шаруашылық құрылымдары мемлекетке тиісті салығын төлеп отыратынын ұмытпаған жөн.

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов жоғары білімді ауыл шаруашылығы маманы. Ғылыми атағы бар азамат. Ауыл шаруашылығы басқармасын басқарды, аудан әкімі болды. Облыс әкімінің орынбасары болғанда өңірдің ауыл шаруашылығы саласына жетекшілік етті. Қазіргі осы салаға жауапты орынбасары Қанатбек Қайшыбек те екі ауданды жемісті басқарған осы саланың білгірі. Осы ұсынысыма назарлары ауып, көңілдері түсер, Ауыл шаруашылығы министрлігіне, тіпті Үкіметке ұсыныспен шығар деген ниетпен айтып отырмын мұны. Шаруа адамымын, осындай ой мазалаған соң, «Бұлай кете берсе, қазақ малсыз қалады» дедім. Облыстағы төрт түліктің нақты санын шығару маңызды. «Уралайтын» заман өтіп кетті. «Әділетті Қазақстанды» құруға кіріскен бүгінгідей кезде өтірік мәліметке, бос ұраншылдыққа жол берілмеу керек.

– Сіз қызылша дақылы туралы, оны көптеп өсірудің әдіс-тәсілдері туралы да әңгіме қозғап қоясыз. Тәтті түбір өсірудің пайдасы мол екені жайлы еске саласыз. Енді осы бір өзекті мәселе туралы пікіріңізді білсек?

– Бұл сұрағыңызға жауапты мынадан бастайын, өткен қазан айында Ауыл шаруашылығы вице министрі Әбілқайыр Тамабек облысқа келген іссапар барысында Үкімет тарапынан қызылша өсірушілерге нақты көмек, қолдау көрсетілетінін айтты. Келер жылы облыс бойынша 10 мың гектар алқапқа қант қызылшасы егіледі дегені көңілге қонды. Әр жыл сайын кем дегенде қызылша алқабын 5 мың гектарға ұлғайып отырса, Жамбыл өңірінің қызылша өсіруден даңқы қайта оралады. Қант қызылшасы – үлкен табыс көзі. Мен оны анамның қызылшашы болғандығынан жақсы білемін. Жарықтық әкемізге салмақ салмай, бір әулетті осы қызылшамен асыраған. Енді «анау-мынау» деп қол қусырып, қарап отырмай, тірлікке көшу керек.

Алқаптан дүнген мен кәріс ұлты өкілдерінің еккен картобы мен пиязының немесе сәбізінің масағын жинап жүрген жергілікті ұлт өкілдерін көргенде қараптан-қарап намысым келеді. Мынаған қараңыз, ана бейнетқор ұлттың өкілдері алқапқа кеңес заманынан қалған «Жигули» немесе «Москвич» көлігін мініп келсе, біздің жігіттер «Джип» мініп келіп, масақ жинайды. Ұят. Адам істегенді адам істейді. Картоп, пияз немесе сәбіз өсіру айға қол созу емес. Кешегі кеңес заманында әкелеріміз бен аналарымыз, ағаларымыз бен жеңгелеріміз кетпен-күрекпен жүріп-ақ қызылшадан рекордтық өнім алған жоқ па?! Ол кезде ел тегіс бейнетқор болды. Бақыт та, байлық та адал еңбекпен келеді. Алдыңғы толқын соны білді, бел жазбай, тынымсыз еңбек етті. Қазіргі жастарымыз «дайын асқа тік қасық» болып, қол қусырып, қарап отырады. Жастардың бәрі түк істемейді деуден аулақпын. Кейбір жігіттер, тіпті қыздарымыз да бар, Жер- Ананың арқасында адал еңбектің жемісін көріп, миллионер болды. Осыны ой елегінен өткізіп, өз иелігіңдегі жеріңді өзгеге бергенше өзің бапта, өзің өсір, жемісін көр дегім келеді.

– Президент Жолдауда: «Ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі боп отыр. Қазір бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтырып отыр. Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа түйткілдер аз емес…» деп атап көрсетті. Осы су тапшылығы туралы не айтар едіңіз?

Мемлекет басшысы мәселені қабырғасынан қойды. Жер жыртып, егін егетін, бақша, көкөніс өсіретін шаруаның көбі әлі күнге арық суын пайдаланады. 60-70 жылдардан қалған арық- каналды жамап, жасқап әлі де пайдаланып отырғандар бар. Мен су шаруашылығының жоғары білімді маманы болғандықтан айтайын, қанша бүтіндесең де ашық аспан астындағы арықтан ағатын су бәрібір ысырап болады. Мейлі жаңадан қазылып, бетонмен қапталса да. Судың белгілі бір мөлшері буланып ұшып кетеді. Қазір қай ауданда болмасын су қоймасы бар. Қыста қар қалың жауса немесе көктемде көктен ылғал мол түскен жылдары су қоймаларына мол су жиналып, сыйымдылық деңгейіне жетеді. Сол қоймалардан егістік алқабына су құбырын тартудың маңызы зор. Жыл сайын әр өңірде арық-каналды, тоғанды күрделі және ағымдағы жөндеуге қыруар қаржы бөлініп жатады. Оданда сол миллиардтаған теңгеге неге пластик құбыр тартпасқа. Бұл ойланатын емес, қолға алатын мәселе. Мына іргедегі Қытайда сондай.

Тағы бір мәселе – «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсарту» пилоттық жобасы жемісін бергенін көріп жүрміз. Жобаға енген барлық ауылдарды айтпай-ақ қояйын, анау құм іргесінде жатқан Мойынқұм ауданындағы Айдарлы, Талас ауданындағы Үшарал, Сарысу ауданындағы Саудакент ауылының тұрғындары осы өміршең жобаның арқасында қауын-қарбызға, басқа да бақша және көкөніс өнімдеріне бір жылда-ақ қарық болды. Үй іргесіндегі бақша алқаптарына су үнемдеу технологиясын енгізген тұрғындар мол өнім алып, табысқа кенеліп жатыр. Басқа, басқа осы жаңбырлатып, тамшылатып суару қондырғысын орнатуға бар-жоғы 60-70 мың теңгедей ғана қаржы кетеді. Құдығың және су тартатын моторыңыз болса болды. Тағы айтамын су үнемдеу технологиясын егіс алқаптарына молынан енгізбей су тапшылығынан құтылмаймыз.

– Мемлекет басшысы Жолдауда: «Игерілмей жатқан жерді қайтарып алу жөніндегі комиссияның қызметіне жеке тоқталғым келеді. Комиссия жұмысының аясында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 2,9 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылды. Жылдың соңына дейін кемінде 5 миллион гектар жерді қайтарып алу жоспарланып отыр. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жер көлемі 10 миллион гектарға жуықтайды. Үкімет пен әкімдіктер келесі жылдың соңына дейін осы жерге қатысты нақты шешім қабылдауға тиіс. Қазір жер мәселесін тексеруге жарияланған мораторий де күшін жойды. Бұл қадам жұмысқа оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын» деп атап көрсетті. Президент мәселені орынды қойып отыр, сіз не дейсіз?

– «Жер дауы» деген атам заманнан келеді. Тәуелсіздіктің елең-алаңында адамнан кейінгі мемлекеттің зор байлығы Жер-Ананың мыңдаған гектары жекешеге өтіп кетті. Түрлі жолмен иеленіп алған кейбір пысықай-байлар жекедегі жерін игермейді, бос жатыр. Мұны Президент Жолдауларында да, Үкіметтің кеңейтілген отырыстарында да еске салып, бос жатқан жерді мемлекетке қайтаруға нақты тапсырма беріп келеді. Дұрыс, жер адамға қызмет етуі керек. Биыл шілде айында облыс әкімдігінде өткен кеңестердің бірінде облыс әкімдігінің жер қатынастары басқармасының бастығы Бақтияр Көпбосынов жыл аяғына дейін облыс бойынша 145,9 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарланғанын айтты. Жерге қатысты өткен жиында басқарма басшысының бес бағыт ұсынғаны менің көңілімнен шықты. Бұған мен ғана емес, басқа да шаруалар риза болды. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов та орынды ұсынысқа қолдау білдірді. Сол жаз айының өзінде Жамбыл ауданында 706 гектар жер мемлекет меншігіне өткен.

Енді бір сөз. Азық-түлік бағасы шарықтап кеткен бүгінгідей кезде ұлтарақтай жер бос жатпауы керек. Сосын біз елдің арқасында, мемлекет тарапынан шаруаларға жасалып жатқан қамқорлық-көмектің нәтижесінде есімізді жиып, еңсемізді көтергенімізді ұмытпауға тиіспіз. Өндірген өнімді көтере беріп, халықтың наразылығын туғызбайық дегім келеді. «Алқаптан сөреге» жобасы тоқтап қалмаса екен деймін. Алыпсатарлардан құтылудың бір жолы осы. Егер жоба тоқтап қалса, арадағы делдалдар бағаны көтеріп, ел арасында наразылық туады. Осы жұмысты үйлестіріп отыру ауылдық округ әкімдеріне мықтап тұрып жүктелгені жөн.

– Сіздің аса ауқымды да, күрделі сала – ауыл шаруашылығындағы шешімін күткен өзекті мәселелерді үздіксіз көтеріп жүрген белгілі фермер екеніңізді жұрт жақсы біледі. Сондай-ақ өзіңізге жақын жүретін жігіттер малшыларыңызға, басқа да қызметкерлеріңізге барынша қамқорлық жасайтыныңызды айтып қалады. Ал құрбан айт кезіндегі қайырымдылық қасиетіңізді, басқа да уақытта көмек сұрап келген адамдардың көңілін қалдырмайтын атымтай-жомарттығыңызды да әңгіме қылып отырады?

– Сұрағыңыздың төркінін түсіндім. Бар адам жоқ-жітікке, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, асыраушысынан айырылған ба ла ларға қамқорлық, көмек көрсетіп отыруы керек. Сауаптың үлкені міне, осы! Рас малшыларымның, қызметкерлерімнің жағдайы жақсы, ешнәрсеге мұқтаж болмаса екен деймін. Ал он екі мүшесі сау азаматтар еңбек етіп, күнін көрсін! Ондай дені сау адамдарға көмек беру, оларды масылдыққа баулиды. Мен қайырымдылық істерімді ешқашан насихаттамаппын. Оның қажеті жоқ, құдіреті күшті бір Алла көріп тұр.

– Төрт түлік мал баққан жан үшін жылдың төрт мезгілі де қарбалас екенін білеміз. Алдағы мал қыстату науқанына дайындық жұмыстары қызған шақта уақыт тауып, сұхбат бергеніңізге рақмет! Мал-жан аман болсын!

 

 Сұхбаттасқан

Амангелді ӘБІЛ.

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.