- Advertisement -

Жолың ақ, ғұмырың ұзақ болсын!

292

- Advertisement -

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ,

Мемлекет және қоғам қайраткері,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,

ф.ғ.д., профессор.

Қазақ баспасөзінде 100 жылдық тарихы бар «Aq jol» Жамбыл олыстық қоғамдық-саяси газетінің біз үшін орны бөлек. Студенттік шағымызда газеттің атауы «Еңбек туы» деп аталатын еді. Барлық өңір жаңалықтарын, ақын-жазушылардың шығармаларын осы газеттен оқып, біліп отыратынбыз.

Әр кезеңде облыстың бас газетінде редакторы болып Ж.Бектұров, Ғ.Аманғалиев, Ә.Бекмұратов, Ғ.Сармурзин, Т.Оңғарбаев, Б.Байсақалов, Б.Жаңабаев, А.Бекбосынов, Ә.Қалдыбаев сынды қайраткер азаматтар басқарды. Олардың ішінде Ғайса, Баттал ағаларды, Арғынбайды, Әлдиханды жақсы білген едім. Мың тоғыз жүз алпысыншы жылдары Бақытяр Әбілдаев менің «Көне түрік әдебиет ескерткіштері және оның қазақ әдебиетіне қатысы» деген кандидаттық диссертациямды газеттің бірнеше санында түгелдей жариялаған еді.

Қасиетті Әулиеата өңірінің әлеуметтік-экономикалық тынысын, саяси ахуалын баяндап, рухани, мәдени құндылықтарын насихаттап, республикада және әлемде болып жатқан жаңалықтарды шынайы әрі уақытында жұртшылыққа жеткізіп отырған ақпарат құралы. «Aq jol» газетін үзбей оқимын. Туған елдің жағымды жаңалықтарына қуанып отырамын.

Заман тынысы мен жылдар жылнамасы әр бетінде өрнектелген, Ақпараттық кеңістікте өзіндік қалыптасқан дәстүрі, өңір жұртшылығы үшін ерекше орны бар «Aq jol» газеті өзінің 100 жылдық торқалы тойын жоғары деңгейде атап өтері сөзсіз. Ақпараттық технология дамыған қазіргі заманда «Aq jol» газеті Республикада және алыс-жақын шетелде тұратын барша оқырманға қол жетімді. Сондықтан да бұл той шығармашылық ұжымның тойы ғана емес барша оқырман қауымның төл мерекесі деп есептеймін. Ғасырлық тарихы бар «Aq jol» – өңірдің әлеуметтік-экономикалық және рухани дамуына оң ықпал ете білген, қазақ журналистикасы мектебінің қалыптасуына үлкен үлес қосқан қара шаңырақ.

Ұлттық мүддені ұлықтаған, төрт аяғын тең басқан, халықтың көкейіндегісін дөп тапқан, әр парағы жақсылықтың жаршысына айналған, тарихи басылым сүйікті газетіміз үнемі «халықтың көзі, құлағы һәм тіліне» айналып, жүрегіне жол таба беруіне тілектеспін!

«Aq jol» газетінің 100 жылдық мерейтойы құтты болсын!

Жолың ақ, ғұмырың ұзақ болсын!

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support