- Advertisement -

Төріңнен қарт кетпесін!

215

- Advertisement -

Қазақ қазыналы қарияның қадірін білуді ерекше құнттаған. Бірақ сол қамқорлықты қарттар үйімен байланыстырды дей алмаймыз. Әу баста
жасы ұлғайып, қараусыз қалған қарттар мен мүгедектерді әлеуметтік қорғау мақсатымен құрылған мекеменің үйемелі-сүйемелі бала- шағасы бар қариялардың қонысына айналғаны қабырғаңа аяздай батады-ақ.

Ал қазір жан-жағыңызға қараңызшы. Жаһанданудың жастардың санасына қатты әсер еткені соншалық, өздері қартаймайтындай қатайып алған. Қарияның қылықтарын сүзіп, саусақпен санауға бар.

«Бір әулеттің қартының, жазылып қойған хаты екенін» білетін адам кемде кем. Әйтпесе ата-әженің мектебінен өткен зерек ұрпақ емес пе едік?! Қазақ әжесінің керемет образын қалыптастырған бірегей тұлға – Абайдай дананы тәрбиелеген Зерені қайда қоямыз? «Төріңнен қарт кетпесін» деп, той-томалақты батасыз бастамаған дәстүріміз қайда? Қариялардың өздерінің үлкен кісілерден көргенін, табиғаттан үйренгенін, қазақи ұғымнан түйгенін дәріптеген ерекше болмысы қайда?

Қартты қатты құрметтеген қазақ «атаңа не ісетесең алдыңа сол келеді» деп, қолдағы бала мен келіннің қадамын бақылаған. Бірақ бүгінде келіннің теперішін көріп, қыздың қолына өткен, болмаса сол қамқорлықты қарттар үйінен іздеп кеткен қарияларымыздың қатары азаймай тұр.

Қасіреті сол, бүгінде бұл сан 12 мыңнан асып кетті. Осыған қарап кемі он мың шаңырақтың берекесі кетіп, жылусыз тұрғандай жабырқайсың. Талабы түрлі болғанмен тағдыры бір жандардың жан жарасын жүрегіңмен сезесің. Мінезді сылтау етіп, табиғатын қанша талқыласақ та ата-ананы бала ешқашан таңдай алмайтыны анық. Өз үйінде өгей атанамын деп олар ойлады ма?

«Күлшелі бала сүймекке жақсы» дейтін де өзіміз. Қарт адамның сыйлы болуы үшін оның зейнетақы алуы маңызды. Еңбек етіп, үйге табыс әкелетін адамға деген құрмет те басқаша. «Сананы тұрмыс билеген» заман болды. Тіпті, ата-анасын қарттар үйіне өткізіп тастап, тек қана зейнетақысын алуға барып тұратын балаларды да көрдік.

«Заман талабына сай ашылған қарттар үйіне ата- аналарын өткізуі сыйластықтың жоқтығынан деп ойлаймын. Қарттар үйіне шын мәнінде мұқтаж жандар жоқ емес. Алайда сол мұқтаж дегенді пайдаланып, әке-шешесін үйіндегі артық адам санағандар өткізіп жатыр. Ертеректе адамдар тіпті дүниенің қадірін жақсы білген.

Киім жыртылса, тігіп киетін. Жиhаз сынса, жөндейтін. Қазір лақтырып жіберіп, жаңасын алғысы келіп тұрады. Үлкенге деген қарым-қатынас та дәл солай. Қартайып, ауырған кезде керексіз дүние сияқты көреді, үйінен шығарып тастағысы келіп тұрады» дейді жазушы Нұрдәулет Ақыш. Мүмкін, солай.

Қалай десек те бір ғана отбасының емес, бүтін елдің қамын ойлай білетін ақсақалдарымыздың қадірін қашырып алғандаймыз. Қарттар үйіндегі қариялардың саны көбейген сайын жанына жалау бола алмаған жауапты ұрпағының сол жасқа жетуді ойлайтынына күмәнмен қарайсың…

 

Гүлжан ОРАЛБАЙҚЫЗЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support