- Advertisement -

«Жастардың көтерген өзекті бастамаларын әрдайым қолдауға дайынбыз»

37

- Advertisement -

Жамбыл облысы әкімдігі Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожамен сұхбат

Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Мұны біз тарихтан, бертін келе ел егемендігін алған тұстағы қанды оқиғадан білеміз. Міне, сол аумалы-төкпелі кезеңдерде-ақ мемлекет талапты жастарды қолдауға бағытталған шарапаты мол игі жобаларды жүзеге асыра бастады. Осы берекелі бастамалардың жібі үзілмей, ел Үкіметі білімді әрі бәсекеге қабілетті жастар шоғырын қалыптасытруға барынша ықпал етіп келеді. Орайы келгенде біз де өңірдегі жастардың ахуалы, әлеуметтік жағдайы қалай деген сұраққа жауап іздеп, облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожамен әңгімелескен едік.

– Серікбол Қайратұлы, жыл басындағы оқиғалардан кейін ел ағалары жастар басқармасының жұмысы туралы ашық пікір білдіріп жатты. мейлі, өткен өтті. енді сыннан сабақ алып, жастар саясатын дамытуға бәлкім басқа қырынан келу керек шығар деген ой туады. Бірақ әлеуметтік желі белсенділері жуырда басқармаға жаңа ғимарт керек деп шуласты. Бәлкім, расында, баянды бастамалар мен жүйелі жоспарларға мықтап кіріспес бұрын шаруаны басқарманың бас ғимартын нақтылудан бастаған да дұрыс шығар…

– 2020 жылы Қойгелді 190 мекенжайындағы 5 қабатты, 2 800 шаршыметрлік ғимарт облыстық жастар ресурстық орталығының балансына берілген. Содан не керек қуыста орналасқан ескі ғимартты заман талабына сай жаңғыртуды көздеп, эксперттерді шақырдық. Олар Кеңес үкіметінен қалған ғимараттың іргесі берік болған соң, бөлмелерін бұзып, кеңейтуге келмейтінін айтты. Осылайша, жастарымыз заманауи үлгіде жасақталған кең сарайдай басқармаға келеді дегендегі алғашқы жоспарымыз іске аспай қалды. Енді қайттік, әр бөлмесі 35 шаршыметрлік ғимаратты кеңейтіп, акт залын, Coworking орталығын аша алмайсың. Қош, ақырында сол ғимараттың бірінші, екінші қабатына жайғастық. Үстіндегі үш қабаты бос тұрды.

Көп ұзамай бізге қалалық білім бөлімі жайғасқан Төле би көшесіндегі 8 қабатты ғимараттың бірінші және екінші қабатына көшу туралы ұсыныс түсті. Бәлкім осы нысан біздің талапқа, жоба- жоспарымызға сай келер деген үміт пайда болды. Сөйтсек, расында солай, нысан бізге әбден қолайлы екен. Бірінші қабатында бір емес екі Coworking орталық құруға таптырмайтын кең сарайдай кабинет бар. Енді осы орталықтағы кабинеттерді жастар талғамына сай әрлеп, қабырғасына сурет салып, оқырмандарға арналған зал ашуды көздеп отырмыз. Мұнда IT зона да болады.

Сонымен нысанның бірінші қабаты жастарға арналса, екінші қабаты басқарманың әкімшілігіне арналады. Басқарма мен облыстық жастар ресурстық орталығының жұмысы ауданда және Тараз қаласында жастар саясатын үйлестіруге бағытталған соң, бізге қазіргі ғимарат өте қолайлы. Міндетті түрде еңселі ғимарат қажет деген талап жоқ. Бірақ біз енді қалалық жастар ресурстық орталығының ғимаратын кеңейту бойынша облыс әкіміне ұсыныс тастап отырмыз. Ондағы ғимарт та жастарға жайлы орта қалыптастыруға қолайсыз. Осы ұсыныс бойынша өңір басшысы жауаптыларға тапсырма берді. Әзірге біз жастар ресурстық орталықтарының жұмысын үйлестіруге күш саламыз.

– Жуырда облыс әкімімен өткен кездесуде NEET санатындағы жастардың базасы әзірленіп, оған 25 мың жас енгізілетіні туралы айттыңыз. Осы мәліметке сүйенсек, облыста жұмыссыз жастар тым көп емес пе?

– Өңірде 258 мыңнан астам жас бар. Қаңтар оқиғасынан кейін NEET жастармен жеке-жеке жұмыс істеу мәселесін мықтап қолға алу қажет екенін баршамыз түсіндік. Жалпы біз бұл бағыттағы жұмыстарды бұған дейін де назардан тыс қалдырған жоқпыз. Мәселен, бүгінде облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен республика бойынша отбасылық цифрлық карта әзірленуде. Онда барлық отбасының әлеуметтік картотекасы жасалған. Сол арқылы біз 25 мың ұйымдаспаған жасты бөліп қарап, кейін білім алмаған және жұмыс істемейтін жастардың тізімін жасадық. Талдау көрсеткендей облыстағы 25 мың NEET жастың біршамасы білім алып жатса, оның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар да бар екен.

Иә, сіздің «Жамбылда жұмыссыз жастар неге көп» деген орынды сауалыңыз осыдан туып отыр. Осы деректі нақтылайтын болсақ, тізімге зейнетақы қорына қаражат түспеген барлық жастар енгізілген. Алайда, ауылдық жерлерде бірді-екіге қосып, кәсіппен айналысатын, қорасын малға толтырып, шаруасын шалқытып отырған жастар да бар ғой. Бұдан өзге осы тізімде декреттік демалыстағы әйелдер мен студенттер де қамтылған. Біз осының барлығын зерделей келе оқу оқымайтын және жұмыс істемейтін 3 600-ден астам жастың картотекасын бөлек жасадық. Дәл қазір біз осы іріктелген жастармен сұхбаттасып, олардың неге қызығатынын, қандай іске бейім екенін зерттеп жатырмыз. Сонда түйгеніміз, өңірде мақсат-міндеті, өмірге құштарлығы жоқ жастар да бар екен. Жоғарыда айтқан 3 600 NEET жастың 7-8 пайызының көзқарасы осы сипатта.

Олардың басым көпшілігі 22-27 жас аралығында. Енді қыркүйек айынан NEET жастарды қоғамдық өміргебейімдеп, психологиялықкөмеккөрсетуді ойластырып отырмыз. Олармен ішкі мендігін, сенімін арттырытын мотивациялық тренингтер өткізу де жоспарда бар. Бұл жұмыстар қала мен барлық аудандарда іске асады. Сол секілді біз жұмыс істеуге ниетті жастарды Жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналастыру жағын шетте қалдырмаймыз. Бұдан бөлек, биыл облыста кәсіптік-техникалық бағытта білім алуды көздеген жастарға 5 мыңға жуық грант бөлінген соң, жастарды білім алып, маман иесі атануына қарайласудамыз.

Бізде NEET жастардың ішінде бай отбасында тәрбиеленген тұлғалар да баршылық. Осындай жастарды отбасы толық қамтамасыз етіп отырған соң, оларға жұмыстың, оқудың қажеті шамалы. Сондықтан жоғарыда атап өткендей бар күшті 3 мың 600-ден астам жасқа саламыз. Дегенмен қалған 23 мың жасты да қоғамдық-саяси өмірге тартуға атсалысамыз. Оларды Жастар кадрлық резервін қалыптасытруға тартуымыз әбден мүмкін.

– Елімізде білімді әрі озық үлгідегі технологияларға әуес жаңашыл жастар аз емес. Жалпы қоғамға қажетті дүниелерді ойлап табуға талпынысы жоғары жастарға қолдау көрсету жағы қалай болып жатыр?

– Мемлекет басшысының тапсырмасымен ғылым-білімді, кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты жарияланғанын білетін шығарсыздар. Содан былтыр Тәуелсіздік күніне орай еліміздің сан аймағынан 5 бағыт бойынша жоба ұсынған 30 жасқа 3 миллион теңгеден грант берілді. Сол гранттың бірі Тараздың студенті Жасұлан Дүйсенейге бұйырған. Қазір ол бизнесті дамытуға бағытталған жобасы бойынша еңбек етуде. Биыл осы жобаны өңірлік деңгейде ұйымдастыру туралы ұсынысымызды облыс әкімі де қолдады. Біз енді жамбылдық жастарға 7 бағыт бойынша 500 мың теңгеден 15 грант бөлсек деп отырмыз. Грант иегерлері Тәуелсіздік күні қарсаңында марапатталады.

– Қазір кез келген сипаттағы ақпаратты ашық, еркін оқуға болады. Бұл бір жағы діни радикалды топтардың шоғырлануына жол ашып берген сыңайлы. Нақ қазір басқарма жастардың жат ағымның жетегіне кетпеуін қадағалап отыр ма?

– Ғаламторды дұрыс пайдалана білсек, тиімді тұстары көп екеніне көз жетті. Бірақ соған сүңгіп кетіп, таңсығына емес қаңсығына тап болатындар да жоқ емес қой. Сол секілді ашық ақпарат көздерінде біздің көзқарасымызға сай келмейтін, теріс көзқарасты насихаттайтындар да кездеседі. Біз сондықтан жыл басында облыстық дін басқармасымен медиа жоспар құрып, соның шеңберінде жұмыс істеудеміз. Осылайша, біз теологтарды шақырып, әлеуметтік желіде тікелей эфир ұйымдастырып, сақтап отырамыз. Бұдан бөлек, әлуметтік желіде жастардың қандай парақшаларға тіркелгені туралы мәлімет бар. Біз соған сәйкес теріс ағымдағы парақшаларға тіркелгендердің үйіне барып, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Жыл басындағы ақпарат бойынша 1364 жас теріс ағымды насихаттайтын парақшағаларға тіркеліпті. Енді біз қазір сол парақшалардан жастарды шығарып жатырмыз. Әрине, Дін басқармасымен бірлесіп.

– Өңір жастары өздерінің ұсыныс-пікіріне құлақ асатын, бастамаларын қолдайтын Жастар басқармасына жиі қайрыла ма?

– Маған желіде жастардан көп ұсыныс түседі. Ауданның, ауылдың жастары бізді жиі шақырады. Жуырда Т.Рысқұлов ауданы Қорағаты ауылында болдым. Ауылдағы жастарға спорт кешені керек. Өйткені, онда халықаралық деңгейдегі додаларда жеңіске жетіп жүрген жас боксшылар жетерлік. Сарысу ауданы Түркістан ауылдық округінде күреспен шұғылданатын жастар көп. Осындай ұсыныстардың барлығын біз назарға алып, облыс басшылығына ұсынамыз. Кейінгі кездері байқағаным, жалақы, жұмыс мәселесіне алаңдайтын жастар көбейген.

Аудандарда жас мамандар кейде тіпті жұмысқа алу үшін ақша талап еткендер жайында да айтып көмек сұрады. Біз оларға жәрдемедестік. Сондай-ақ, белсенді, білікті жастарды басқармаға жұмысқа алуға тырысамыз. Әсіресе, жастар тәжірибесімен келгендердің 80 пайызы бізден кейін далада қалған жоқ. Барлық ауданның жастары хабарласады. Жұмыс таппай жүрген немесе оқу ақысын төлей алмай төлем уақытын созып беруді сұрағандар да бар. Біз сонда оқу орнының басшылығына шығып, «Біз, Жастар басқармасы кепіл боламыз», – деген кездер де болды. Жастарға қолдан келгенше көмегімізді көрсетіп жатырмыз деп ойлаймын.

Иә, біз бюрократиядан құтылып, жұмыссыз жастармен ашық жұмыс істеуге көштік. Жастар орталықтарының нормативтік-құқықтық нұсқаулығын әзірледік. Соған сай 100-ден аса жаңа лауазымын қарастырдық. Осылайша, жастардың ортасына барып, араласа бастадық. Жастардың көтерген өзекті бастамаларын әрдайым қолдауға дайынбыз. Менің ойымша, қай кезеңде болсын, аға буын артынан ерген ізбасарларына көңілі толмайтындай. Бірақ, заманына қарай адамы деген бар. Бүгінгі жастардың тенденциясы бөлек. Жастар белсенді, көзі ашық, ширақ, кез келген салаға икемді. Алайда олардың санысын нарық билегені де жасырын емес. Соның нәтижесінде болса керек, жастар еңбектің наны тәтті болатынын ертерек түсініп жетілуде. Лайым, білімді, табысты, озық ойлы, идеяға бай жастар көп болсын дейміз. Ал, сол жастардың бәсекеге қабілетті болуына титтей де болса үлесімізді қосып, себепші болып жатсақ, оның өзі біз үшін үлкен олжа!

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Сәндібек ПІРЕНОВ

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support