- Advertisement -

Қандала қаныңды ғана ішпейді…

820

- Advertisement -

Қандала дейтін жәндік бар. Аты қаншалықты сүйкімсіз болса, адамға келтірер зияны да соншалықты. Қазір қалада дәп бір жасырын эпидемия жүріп жатқан тәрізді. «Қандалаға таландық» деп дабыра қылған ешкім жоқ. Бірақ қансорғыштан қашып, үйлерінен безіп жүргендерді жиі көретін болдық. Көші-қонның артуына байланысты қансорғыш соңғы уақытта Нұр-Сұлтаннан бастап Ақтау, Семей, Тараз, Қызылорда, Шымкент қалаларында кеңінен таралып отыр.

Бүгінде облыс бойынша паразиттермен күресетін 50-ден астам кәсіби дезинфекциялық ұйым бар. Солардың әрқайсысы күніне кемі үш пәтерге тазалау жұмысын жүргізеді. Осыған қарап-ақ, жасырын эпидемияның жайылу аумағын аңғара беріңіз.

Қандала тез көбейетін, ұзақ өмір сүретін жәндік. Қауіптілігі сол, қандай да бір жұқпалы аурумен ауыратын адамның қанын сорған қандала екінші сау адамға сол сырқатты жұқтыруы мүмкін екен. Оның көзін өздігіңізден жойып тына алмайсыз. Осыдан аз уақыт бұрын ақтаулық тұрғынның базардан алған препаратпен қандаланы улаймын деп көршісінің өліміне себеп болғаны бар. Жалпы мұндай төтенше жағдайлар жиі қайталанады.

Көбіміздің қандаланы ескі үйлерде, жатақханаларда немесе лас пәтерлерде болады деп ойлайтынымыз рас. Алайда бұл жұқпалы жәндік элиталы, ең таңдаулы үйлерден де табылады екен.

Жиһазға, көрпе-төсекке жұққан дернәсілден құтылу өте қиын. Оны арнайы дезинфекциялық тазалаудан өткізу керек немесе біржола көзін құртқан жөн. Бірақ тұрғындар мұны кейде ескере бермейді.

«Мысалы, біз дезинфектор ретінде осы төсекті құтқара алмаймыз, оны лақтыру керек деп айтамыз. Бірақ сол дүниесін кейбір кісілер оlх-қа қойып сатып жібереді. Сондықтан ол мәселе қайтадан туындай бастайды, өсе береді. Қазір біз күніне 1-2 үйді зарарсызданырып жүрміз. Заманына қарай амалы. Зиянкес жәндіктер көбейген соң, олардың көзін жоятын жекеменшік ұйымдардың да қарасы көбейді. Біз мемлекеттік мекеменің қарауында болсақ та, мұндай жұмысты ақылы түрде жасаймыз. Үй тазалаудың әр шаршыметрі 30 теңге тұрады.

Бұл жерде тек есептеу жағы үйдің еденімен ғана есептеліп қоймайды. Үйдегі көрпе-жастық, жиһаздардың шаршы метрін есептеп, шығарамыз. Сонда әр үйден 10-15 мыңдай шығын шығады. Бұл зарарсыздандыру кейбір үйлерде бір рет қана болмайды. Қандаланың көптігіне байланысты кейде 3-4 рет жүргізіледі. Ал қазір бұл жұмыспен айналысатын қаладағы жекеменшік дезинфекторлық ұйымдар кемі 20-25 мыңға жасайды. Бізге көбіне олардың жұмыстарынан нәтиже көрмегендер ғана келеді», дейді облыстық санитарлық эпидемиологиялық бақылау комитеті дезинфекция бөлімінің бастығы Ержан Абсаматов.

Қандала жиһаз жасайтын цехтарды да жаулап үлгеріпті. Мұны дезинфекторлар да растап отыр. Цехтар былай тұрсын, ірі сауда орындарының өзі де оларды талай рет шақыртып қандаладан тазартқан екен.

Мамандар да қандала шыққан үйден тіпті қоқысқа лақтыратын заттың өзін дезинфекция жасап барып тастау керектігін айтады. Сосын, қандаланың тағы бір әлсіз тұсы суыққа төзімсіз. Суық күндері бөлмені жиі желдеткен жөн. Көрпе-жастықты далаға жайып алған да пайдалы.

«Қазіргі қандаланы екі жыл бұрынғы қандаламен салыстыруға болмайды. Өйткені олардың иммунитеті пайда болды. Тұрғындар алғашында оларды улайтын затты базардан алады немесе дихлофоспен улайтын. Сөйтіп олардың ішінде кішкентай болса да химиялық дозасы болады. Ана қандалалар кішкентай дозаға үйреніп алады, одан өлмейді. Ал біз профессионал препаратпен келген кезде оларға әсер етпейді», дейді «Дезинфекция-Тараз» ЖШС маманы Айгүл Тағыбергенова.

Қандала ұясынан тек түнгі уақытта шығады. Адамның қанына тою үшін 20 минут жеткілікті. Қанға әбден тойған жәндік үш күннен бірнеше аптаға дейін ұйқыға кетеді екен. Сондықтан бір рет дезинфекция жасап одан түгел құтылам деп ойламаңыз. 10 күннен соң қуыс-қуыста ұйқыда жатқан қансорғыштар тағы оянуы әбден мүмкін. Қайткен күнде де бұл зиянкес жәндіктен барынша сақ болған жөн. Өйткені қандала қаныңды ғана ішпейді. Қалтаңды да қағады.

Гүлжан РАХМАН

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support