- Advertisement -

«ҚАЗФОСФАТ» келтірілген зиянды өтеуге дайын

179

- Advertisement -

Жуырда облыс орталығының атмосферасына жайылған минералды тыңайтқыштар зауытының кездейсоқ түтін шығарындылары қоғамда айтарлықтай алаңдаушылық туғызғаны белгілі. Осыған орай ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Зүлфия Сүлейменова Тараз қаласына келіп, қала жұртшылығымен және журналистермен кездесті.

Өкінішке қарай, кездесуге «Қазфосфат» ЖШС бас директорының орынбасары Ерсін Сариев пен бас эколог Арман Қарағалиев, Тараз қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының маманы ғана қатысты. Жиында жергілікті атқарушы органдардың, прокуратураның өкілдері бой көрсетпеді. Ал мемсанэпидбақылау басқармасының өкілі өздерінен бақылау функциясын 2017 жылы алып қойғандықтан мекеме ешқандай өлшеу жұмыстарын жүргізбегендігін, сондықтан қандай да бір түсініктеме бере алмайтынын бірден айтып өтті.

Сонымен, химиктерге келсек, олар жауапкершіліктен жалтармайтындықтарын білдіргендей болды. Ерсін Сариев кәсіпорынның өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қалай жәрдемдесіп жатқандығы туралы ұзақ әңгімеледі.

Сонымен Тараздың күйдіргіш тұман жапқан жерлеріндегі атмосфераның күйін кім өлшеді және экологтар неге сегіз жыл бойы зауытта тексеру жүргізбеген? Тұрғындарды қызықтырған да осы сұрақтар болды. Екі жақтың ұзақ талқылауынан кейін Зүлфия Сүлейменова экологтардың өтініші бойынша өлшеу жұмыстарын Қазгидрометтің мамандары жүргізгенін хабарлады. Тексеру неге жүргізілмеген дегенге келсек, прокуратура рұқсат бермеген. Ал кездесуде прокуратура өкілі болмағандықтан, бұл сауал жауапсыз қалды. Содан соң химиктер мемлекеттік тексеру туралы біртүрлі бұрылыс заңын алға тартып, кәсіпорын иелері тексеру қажет пе, жоқ па, оны өздері шешуге құқылы дегенді айтты.

Енді вице-министр З.Сүлейменова айтып өткендей, тексеру жүргізілетін болады. Бас директордың орынбасары Е.Сариев кәсіпорынға жіберілетін комиссия құрамына жұртшылықтың өкілдері де кіре алатынына уәде етті.

Вице-министр кездесу соңында қысқаша сұхбат берді.

– Мұндай жағдайлар Қазақстанда жиі бола бермейді. Мәселен, жақында Петропавлда орын алғандай апаттар болып тұрады, – деді З.Сүлейменова. – Біздің министрліктің міндеті – бақылау мен қадағалауды қамтамасыз ету, біз белгілі бір объектілердің жұмысына экологиялық рұқсат береміз. Әрине, министрлік бақылау қызметін күшейтуі керек деп санаймын. Дегенмен апаттан ешкім сақтандырылмаған, олар болып тұрады, бірақ санын азайтып, бірнеше рет қайталануына жол бермеу – бұл министрліктің заңмен белгіленген құзыреті шеңберіндегі міндеті.

Жақында орын алған мына оқыс оқиға бойынша біз жоспардан тыс тексеруді бастадық.

Оның қорытындысы бойынша кәсіпорынға қатысты тиісті шара қолданылатын болады. Біз мәселенің өте күрделі екенін түсінеміз, өйткені осы химиялық жағдайдан көптеген адамдар зардап шекті. Министрліктің бірнеше мамандары «Қазфосфат» кәсіпорнындағы жоспардан тыс тексеру жұмыстарын күшейту үшін осында келді. Шындықтың түбіне жетіп, ол жөнінде тұрғындарға толық ақпарат береміз деп ойлаймын, – деді вице-министр.

«Кінәлілерге қандай жаза қолданылуы мүмкін?» деген сұраққа: «Бұл айыппұлдар, ары қарай – кәсіпорынның жұмыс істеу рұқсатын кері қайтарып алуға дейін баруымыз мүмкін», деп жауап берді З.Сүлейменова.

«Қазфосфат» ЖШС-нің бас экологы Арман Қарағалиев журналистердің «Болған жағдайда қандай фактор шешуші болды: адами, техникалық немесе басқа күтпеген жағдай?» деген сұрағына: «Тексерудің алдын ала қорытындысы бойынша техникалық фактор туралы болып тұр. Автоматтандыру жүйесі істен шыққан. Күкірт қышқылын өндіретін цехтағы сорғы тоқтағанда, автоматика цех жұмысын тоқтатуы тиіс еді. Блоктау іске қосылмады. Ондай жағдайда біздің цех операторлары пултьпен, қашықтан өшіруі тиіс болатын. Бұл да қосылмады. Содан негізгі қақпақты қолмен жабуға тура келді, адамдар мәселені анықтау үшін ары-бері жүгіріп жүргенде 15 минут өтіп кетті. Ең негізгісі – сәуірде бұл цех күрделі жөндеуден өткен болатын, барлық жабдықтардың, соның ішінде «кінәлі» сорғының да дұрыстығы тексерілді. Бәрі қалыпты жұмыс істеп тұрды.

Мәселе мынада сияқты. Бұл цех үш жыл бойы тоқтап тұрды деуге болады, өйткені біз күкірт қышқылын қажет еткен жоқпыз. Оны өзіміз өндіргеннен гөрі, сырттан тапсырыспен алу арзанға түсті. Алайда өндірісті миллион тоннаға өсіру туралы шешім қабылданған кезде, цехты қайта қостық. Ал сорғы оқиғасы болған кезде, блоктау іске қосылмады. Қазір цехтың жұмысы толық тоқтатылды. Барлық жабдықтардың тетіктерін тексеруге нұсқау берілді. Техникалық диагностика жүргізіліп жатыр. Болған жағдайдың себебін анықтаған соң, барлық қызығушылық білдірген тараптарға тиісті мәліметтерді береміз. Біз зиянды заттарды нормадан артық шығарғанымызды мойындаймыз, келтірілген зияндарды өтеуге дайынбыз. Мұнымен қазір экология департаменті айналысып жатыр, біз өтеуге тиіс төлемдердің сомасын анықтауда. Біз сонымен қатар мұндай жағдайдың енді қайталанбауына кепілдік береміз. Өйткені бұл өте сирек орын алатын жағдай, ұзақ жылдан бері бірінші рет болды…», – деді бас эколог.

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Суретті түсірген Юрий КИМ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support