- Advertisement -

Ғаламтордың ғажабы мен азабы

71

- Advertisement -

Ғаламтор – өміріміздің ажырамас бөлігі. Сондай-ақ бұл ғасырдың ең озық жетістігі бола тұра, дауасы жоқ ауыр сырқатына айналған. Интернеттің адамзатқа пайдасы қуантса, зияны қатар тиіп жатқаны қынжылтады. Қатты қынжылтады. Себебі…

Себебі саналық тұрғыдан қарасақ, дамыған заманда дамымаған адамдар қатары артып келеді. Әрине, үлгілі ел болу үшін жас ұрпақ ізденімпаз, сауатты болуы абзал. Ал ғаламтор өміріміздің айырылмас бөлігіне айналғаннан бері, әсіресе жастардың сол қасиеттен айырылып жатқанын сеземіз. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен күн кешу – дағдыға айналғандай . Қолдағы гаджеттің ерекшеліктерін пайдалану арқылы талай тірлік оңай шешім тапқанымен, тапқанды әп-сәтте тас-талқан етіп жатқан да сол телефон. Пайдасын бәріміз білеміз, ал зиянын ше? Зиянын біле тұра, ескермейміз. Ендеше, тағы бір шолып шығыңыз.

Денсаулық. Ғаламторға байланған жандардың ең әуелі көз жанары әлсірейді. Омыртқа ауруларына шалдығып, қоршаған ортамен байланысы бұғатталады. Күн мен түнді ауыстырған жанның психикасы бұзылып, жүйке жүйесіне қысым келеді. «Ұмытшақтыққа» ұшырағандар да жетерлік.

IQ деңгейі. Сорақысы сол, ғалымдар интернетке тәуелділік зияткерлік деңгейдің төмендеуіне алып келетінін айтады. Соңғы зерттеулердің нәтижесі бойынша, ғаламтордың «торына» түскен балалардың ойлау және сөйлеу қабілеті «қақпанға түспеген» балалармен салыстырғанда әлдеқайда төмен екенін көрсеткен. Ұшқыр ой, шешен сөздер, мақал-мәтел – бүгінгі жастар үшін таңсық. Тіпті сөзбен сөзді байланыстыра алмайтын ұрпақ тәрбиеленуде. Ақпараттар нөпірі сананы еріксіз жаулап алып, жастарды рухани жұтаңдыққа ұшыратпас үшін ғаламтордың батырмасын түрткенше , оқулықты парақтаған дұрыс.

Тәуелділік. Қазіргі таңда мектеп балалары арасында онлайн ойындарға құмарлық кең етек жайған. Жас ерекшеліктеріне сай келмейтін, адам өлтіру, ату, қорлау функциялары бар ойындар тізімі күн санап артуда. Виртуалды өмірде жасаған әрекетін шынайы өмірде жасап, қаншама бала қылмыскер атануда.

Мінез-құлық. Аузынан ана сүті кеппеген баланың гаджетті пайдалануы оның жетілуін бәсеңдетеді. Бал тілі шықпайды. Махаббатты білмей өскен бала қатыгез болып ер жетеді. Тілазарлыққа, жалқаулыққа төте жол салып берген де – телефон. Айтар ойын ашық жеткізе алмай, тұйықталып бара жатқан жас көбейді. Бұл – қазақтығымызға сын. Өйткені ата-бабамыз тілге бай, сөзге шешен болған. «Өзі өсіп, санасы қысқарыпты» дегеннен сақтасын!

Түйін: Бала – ата-ананың айнасы. Таңның атысынан күннің батысына дейін телефонды құшақтап жүретін ата-ананың бауыр еті қандай болмақ? Олармен жарыса желіні ақтарады ма, әлде көз майын тауысып, кітап оқиды ма? Қалай ойлайсыз? Не істеу керек? Тордың шырмауына түспес үшін алдымен жұмыс пен жанұяны жіктеп алған жөн. Баланың көзінше барлығын ысырып тастап, тек онымен сырласу, әңгімелесу қажеттігін ұмытпайық.

Сақтаныңыз! Қазіргі уақытта әлеуметтік желілер көбейді. «Виртуалды әлемнің көкжиегі кеңи түсті» деген сөз, сіздің «шынайы өмірдегі уақытыңыз кеми түсті» деген сөз. Сондықтан тәулігіне жиырма төрт сағат телефонын тастамайтын баладан – ертең сіз күткен тұлға шықпаса, ешкімге кінә тақпаңыз. «Тәрбие – тал бесіктен» екенін санаңызға сақтап алыңыз!

Альмира
КЕРІМБАЕВА,
Тараз қаласындағы
№16 мектептің оқушысы. 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support